Жаңа заң интернеттегі қауіпсіздікті жақсартуға арналған. Заңды бұзғандар қатаң жауапкершілікке тартылады: 10 млрд теңге қомақты айыппұл төлейді, ал кейбір жағдайларда компания басшылары түрмеге жабылуы мүмкін.
Заңды бұзған әлеуметтік желілер 10 миллиард теңге айыппұл төлейді
1,115
оқылды

Ұлыбритания парламенті әлеуметтік желілер зиянды контентті жоюға міндеттейтін жаңа заң қабылдады. BBC News басылымы «Интернет қауіпсіздігі туралы» даулы заң жобасы көптеген жылдар бойы дайындалып, компанияларды заңсыз контентті жоюға мәжбүрлейтінін және балаларды зиянды материалдардан қорғау жауапкершілігін күшейтетінін жазды. Aikyn.kz британдық әріптесіне сілтеме жасай отырып, бұл заңның қауіпсіз онлайн әлемді жасауға қалай көмектесетінін түсіндіреді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: MoMo Productions

300-ге жуық беттен тұратын заң жобасы ересектерге арналған сайттарды қолданушылардың жасын тексеру арқылы балалардың зиянды контентті көруіне жол бермеу сияқты жаңа ережелерді де қамтиды.

Заң ірі технологиялық компанияларды тежеу құралы ретінде жиі айтылып жүргенімен, Үкімет шенеуніктері 20 000-нан астам шағын бизнес те бұл заң нормаларын орындауға мәжбүр болады деп есептейді.

Платформалар сонымен қатар заңсыз контентті жоюға өз міндеттемелерін көрсетуі керек, соның ішінде мынандай заңсыздықтарға қатысты: балаларға қатысты зорлық-зомбылық, жыныстық зорлық-зомбылық, заңсыз иммиграция мен адам ұрлау, заңсыз есірткі немесе қару сату, терроризм.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: MoMo Productions

Ұлыбританияның Технология министрі Мишель Донелан BBC-ге заң жобасының «өте жан-жақты» екенін айтқан: «Біз заңды орындаушы саналатын технологиялық компаниялардың мінез-құлықтарының өзгергенін байқай бастадық. Бұл заң жобасы Корольдің келісімін алғаннан кейін, саланы реттеуші осы әлеуметтік медиа платформаларымен одан да көп жұмыс істейді және олардың жұмыс істеу тәсілін өзгертетінін көресіз».

Мына видео балалардың әлеуметтік желілердегі қауіпсіздігіне арналған. Барлық ата-аналар бұл видеоны көруі керек:

 

 

Заң жобасы британдық Үкімет интернет қауіпсіздігін жақсарту идеясын жариялаған кезден бастап алты жыл бойы ұзақ және даулы талқылаулардан өткен. Сарапшылар заң күрделі болғандықтан оның кейбір нормаларын ірі технологиялық компаниялар сотта даулайды деп алаңдауда.

Заң нормаларын бұзғандар қатаң жауапкершілікке тартылады: 18 миллион фунт стерлингке дейін қомақты айыппұл төлейді, ал кейбір жағдайларда компания басшылары түрмеге жабылуы мүмкін.

Үкімет өкілдері заң жобасының Парламенттен өтуін «Ұлыбританиядағы балалар мен ересектердің онлайн өмірін қауіпсіз ету миссиясының маңызды кезеңі» деп атаған.