Азия ойындарының алтыншы жарыс күні де аяқталды. Қазір ел құра­масының еншісінде 23 медаль (3 алтын, 3 күміс, 17 қола) бар. Осылайша, Қазақстан медальдар кестесінде 12-орыннан 11-орынға табан тіреді.
Сұрмергендер сүрінбей келеді
1,087
оқылды

Мергендер мақтанышымызға айналды

Бұл бәсекеде күтпеген жеңістер күн­­­нен күнге көбеюде. Спорт сарап­шы­лары, алтынды бокстан аламыз деп ой­ласа да, ел еншісіндегі үш алтын медаль­ді мергендер сыйлады. Алғашқы алтынның қоржынымызға қалай түскенін газетіміздің өткен нөмірінде айтқанбыз. Ал екінші алтын медальді 10 метр қашықтықтан жыл­­­жымалы нысанаға оқ ату сайысында қа­зақтың мерген қызы Зухра Ерназарова иел­енді. Жекелей сында 18 жастағы Зухра қар­сыластарынан оқ бойы озып шықты. Отан­дасымыз 500 ұпай жинап, Солтүстік Ко­реяның екі бірдей мергенінен асып түс­ті. Айта кету керек, Зухра осы жылы Оң­түс­тік Корея елінде өткен жасөспірімдер ара­с­ындағы әлем чемпионатында да ал­тын медаль иеленген болатын. 

Ал Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко стенд­тік ату турнирінің аралас жұптық сайы­сында ел қоржынына үшінші алтын ме­дальды салды. «Скит» жаттығуының фи­­­­налында қазақстандықтар Кувейттен кел­ген қарсыластарынан озық болды. Қо­рытынды есеп – 40:35. Бұл – Әсем Орын­бай­дың Азия ойындарындағы екінші ал­тыны. Ол бұған дейін командаластары Зоя Кравченко, Ольга Панаринадамен бірге «скит» жаттығуында алғашқы алтын ме­даль жеңіп алып, Азия ойындарының ре­­­­­кордын орнатқан болатын. Ал жекелей сын­да Әсем Орынбай қола жүлдеге ие бол­­ды.

 – Біздің мергендер тағы да керемет нә­­­тиже көрсетті. Спортшыларды, жан­күйер­лерді және команданың жаттық­тыру­шылар штабын осы жеңіспен құттық­тай­мын. Бүкіл ел мергендерімізбен мақта­на­ды. Бұл жеңіс мыңдаған қазақстандық жет­кіншектерді осы спорт түрімен айна­лысуға шабыттандыратынына сенімді-мін, – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев. 

Қоланың қатары  толықты

Медальдар арасында қоланың қа­тары көп, дегенмен ол әртүрлі спорт түрлерінен келіп түсуде. Айталық, Жа­­­рыстың төртінші күні суға жүзуден Әділ­бек Мусин екі бірдей қола жүлде ал­ды. Қазақстандық спортшы 100 метрге, 50 метрге butterfly әдісімен жүзуде 51.98 уа­қыт көрсеткішімен үшінші болып келді. Ол аталған сайыс түрінде еліміздің атынан жал­ғыз өзі сынға түсті. Көп уақыт өтпей, ушу-саньда сайысы бойынша Ұлттық құра­ма мүшесі Аян Тұрсын да қола жүл­дегер атанды. 52 келіге дейінгі салмақтың жар­тылай финалында отандасымыз жарыс қожайыны Юэяо Лиге есе жіберді. Айта ке­тейік, қытайдың ұлттық спорты – ушу­дың саньда түрі Азия ойындарының бағ­дар­­ламасында 1998 жылдан (ерлер) бар. Әйелдердің бәсекесі 2010 жылы қосылды. Әйел­дер екі салмақ (52, 60), ерлер бес сал­мақта (56, 60, 65, 70, 75) жүлделерді сарап­қа салады.

Жарыстың бесінші күні жағажай во­лей­болынан ерлер құрамасы мен таэк­вон­до құрамасының өкілдері Жансель Дениз (67 келіден жоғары) бен Смайыл Дүйсебай (80 келіден жоғары) бірінен соң бірі жеңіс тұ­ғырының үшінші сатысына көтерілді. Ж­а­ғажайшылар үшінші орын үшін кезде­су­де Иранды 2:0 есебімен ұтты. Таэквон­до­шылар жартылай финалға өтіп, өкініш­ке қа­рай онда жеңіліс тапты. Алайда 1/2 фи­­налға шығу олар үшін қола жүлдеге ке­­піл­дік берді.

– Жоспарым орындалды дей ал­май­мын. Бабымда болдым, алтын аламын деп ке­ліп едім. Енді амал жоқ, Париж Олим­пиа­дасына жолдама жеңіп алуымыз керек. Со­ған жұмыс істейміз, – деді жарыс соңын­да Жансель Дениз. 

Айта кету керек, Жансель Дениз 2018 жы­лы Индонезияда өткен Азия ойын­дары­ның күміс жүлдегері атанған.

Жеңісті жолды гимнаст Нариман Құр­ба­нов жалғастырды. Бұған дейін спорттық гим­настикадан әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы болған спортшы ат үстіндегі жат­тығудың финалдық сатысында сынға түс­ті. Нәтижесінде, 15.100 балл жинап, үшін­ші орынға тұрақтады. Бұл жарыста бас жүлде Тайбэйден келген Чин-Кай Лиге бұйыр­са, екінші орынға жапониялық Рето Цумароға жайғасты. 

Кеше Аян Бейсенбаев триатлоннан қо­ла медаль иеленді. Бейсенбаев­тың жүзуден 1 500 метрді бағындырып, ве­­­лоэтаппен 40 шақырым жүріп өтіп, 10 ша­қырым жүгіріп шыққандағы уақыты – 1:52:25. Байрақты бәсекеде алтын ме­даль­ді жапондық спортшы Кенжи Ненер (1:50:54) алды, сондай-ақ күміс медаль да Жапониядан келген спортшы Макого Ода­кураға (1:51:49) бұйырды.

Боксшыларға бақ бұйыра ма?

Ал боксшы Сағындық Тоғамбай жар­ты­лай финалда бақ сынайтын болады. Қа­зақстандық боксшы 92 келіге дейінгі сал­мақта ирандық Туфан Шарифимен жұ­дырықтасты. Сағындық қарсыласын бірін­ші раундта-ақ ұрып құлатып, жар­ты­лай финалға жолдама алды. Осылайша, ол қа­зіргі сәттегі нәтижесімен кем дегенде қо­ла медаль алады.

Кеше күндізгі сессияда рингке шыққан екі босшымыз жеңіліп қалды. Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 50 келіге дейінгі салмақта ширек финалда күтпеген жер­ден моңғолиялық Есугэн Оюунцэцэгке жол берді. Сөйтіп, Назым жүлдесіз қалды. Сондай-ақ биылғы әлем чемпионы Нұр­бек Оралбай 80 келіге дейінгі салмақта қы­тайлық Тоқтарбек Таңатқанға төреші­лер шешімімен есе жіберді. Әлем бірін­ші­лігінің финалында Нұрбек Тоқтарбекті жең­ген еді. 

Көпшілік күткен боксшы Сәкен Би­босынов пен өзбекстандық Ха­сан­бай Дусматовтың жекпе-жегі де біздің пай­дамызға шешілмеді. 

Ал 71 келі салмақта шаршы алаңға шық­қан Бокстан Қазақстан құрамасының ка­питаны Асланбек Шымбергенов өте қиын кездесуде жергілікті қытайлық спорт­шыны ұтты. Алдағы күндері Азия ойын­дарындағы тартысты бәсеке әлі де қы­за түсері сөзсіз. 

Көктем ҚАРҚЫН