Осыдан біраз уақыт әнші Қуандық Рахым әлеуметтік желіде әнін беріле орындаған балақайға іздеу жариялаған болатын. Қуандық Рахым уәдесін орындап, Ақтөбе облысы Мөңке би ауылында тұратын қара бала Бақытбекті концертіне шақырды, – деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қуандық Рахым әнін беріле шырқаған ауыл баласына ат мінгізді
12,474
оқылды

Күні кеше Ақтөбе қаласында Қуандық Рахым мен Альбина Шардарованың концерті өтті. Кешке әншінің ауылдағы концертінде бар ынтасымен ән салған қара бала да келді. Ауыл баласын концертке шақыруды сұраған тыңдармандарының тілегін орындаған әнші елімізде бұл сәтті күтіп отырғандардың көп екенін айтты.

"Соңғы он күнде әлеуметтік желіде қатты танылған балапанымыз бар. Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылына концертпен барған едік. Сол кезде бізбен қосылып "Аққуым" әнін шырқаған қара бала Бақытбекті қошеметпен сахнаға шақырайықшы", – деген әнші ауыл баласын сахнаға шақырды. 

Сонымен қатар әнші әлеуметтік желіге видеосы тараған Бақытбекті көпшіліктің тағатсыздана күтіп отырғанын айтты.

"Сен қазірден жұлдызсың ғой. Өткендегі джинсы мен күрте қайда? Сені бүгінгі концертке керемет дайындаған екен. Образды қараңыз. Киімді, көзілдірікті қараңыз. Бетіңді сабынмен жақсылап ысқан сияқты. Жақсы ағарып, күшті боп қалыпсың. Қадірлі, ағайын! Бүкіл Қазақстан осы сәтті күтіп отыр. "Қара баламен бірге видео салыңызшы", "Сізбен сахнаға шыққанын көрейікші" деп әсіресе, ата-әжелер, апалар тағатсыздана күтіп отыр", – деді Қуандық Рахым. 

Қуандық Рахым ауыл баласының болашақта Қазақстанның атын әлемдік сахнада асқақтататын әнші болуына тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, ауыл баласына телефон нөмірін беріп, жеке сұрақпен хабарласуға болатынын айтты. "Халықтың алдында Бақытбек бауырыма өз атымнан астына ат мінгіземін. Осы жерде ата-анасы бар, ұстаздары бар кез келген уақытта тұлпарыңды жеткізіп беремін", – деп қосты әнші.

Осыған дейін Қуандық Рахым ауыл баласын концертіне шақырғанын жаздық. Мөңке би ауылындағы мектептің 7-сынып оқушысы Бақытбек Берікұлының анасы кешке шақырту алғанын қуанышпен хабарлаған еді.