2040 жылдарға қарай Қазақстан­дағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
Су – тіршілік нәрі, шаруалар зары
1,395
оқылды

Ресми дерек бойынша, қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауызсуға зәру. 2030 жылға қарай транс­шекаралық өзендердегі су көлемінің азаюынан 1,2 млрд АҚШ долларын жоғалтуымыз мүмкін екені, 2040 жылға қарай су тапшылығы 50 пайызға жетеді деген болжамдар айтылып жүр. Ал 2050 жылға қарай еліміз «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Осы ретте газетіміздің Aiqyn-arguments алаңын­­дағы кезекті дөңгелек үстел тақырыбы да осы су мәселесі төңіре­гінде болды. 

«Ең бай ел – суға бай ел»

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында су тапшылы­ғына арнайы тоқталып, бірқатар мәселенің шешу жолдарын ұсынды, тапсырмалар берді. Осы ретте, Ерлан мырза, өзіңізден сұрағым келіп отыр. Жаңадан құрылған министрлік алдында қандай міндеттер тұр?

Ерлан Бадашев, Су саласы бойынша халықаралық сарапшы:

– Алдымен бас­сейндер тура­лы айтып кетсем деймін. Қазақстан аумағында 8 су бассейні бар. Олар: Арал–Сырдария, Балқаш–Алакөл, Ертіс, Есіл, Нұра–Сарысу, Тобыл–Торғай, Орал–Каспий және Шу–Талас. Оңтүстікте – Шу–Талас бассейні, Арал–Сырдария бассейні, Іле–Алакөл бассейні, солтүстікте – Ертіс, Есіл, Тобыл, батыста – Жайық бассейні. Бұлардың бәріне су соңғы құяды. Тек Нұра–Сарысу бассейні өз аумағы­мызда. Оның су көлемі айтарлықтай көп емес. Қазір әртүрлі дерек бар. Әр жылғы судың көлемі 100 текше метр саналады. Соның жартысына жуығы басқа елдерден келеді. Қалғаны ел аумағында құралады. Енді айта­йын дегенім, ең су тапшы, қажет аймақтарға басқа елдерден келеді. Оң­түс­тікке Қырғызстаннан, Өзбек­станнан келеді. Ілеге Қытайдан, Жайыққа Ресей­ден келеді... Жалпы, осы судың 67-70 пайызға жуығын ауыл шаруашылығына пайдаланады. Ол – дұрыс цифр. Өйткені халықаралық көрсеткіштер де сондай. 15-16 пайызы өнеркәсіпте, қалғаны ауызсу, мал шаруашылығында пайдаланылады. Осы солтүстік көршімізден келетін судың көбісін біз қолданбай жатырмыз. Себебі қажеттілік жоқ. Ең судың ушыққан аймағы оңтүстік өңірлерде. Соның ішінде проблемалық өзендер қатарында Сырда­рияны атасақ болады. Ол Қырғыз Респуб­ликасынан шығып, Өзбекстан арқылы бізге келеді. Сол аймақтарда 1991 жылға дейін 2 380 000 гектар суармалы жерлер бол­ған. Ол бүкіл еліміз бойынша егін егі­ле­тін жер аума­ғының 6 пайызын ғана құ­рап, бірақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 пайызын беріп отырған. Қазір суармалы жерлер бір миллион үш жүз гектар дейді. Бірақ шындап келгенде 1 миллион гек­тар­ға су беріледі. Ол ішкі өнімнің 3-ақ пайы­зын беріп отыр. Сондықтан бүгінгі таңда алдымен судың есебін шығаруымыз керек. Мысалы, жерүсті суы жылына 100 текше ша­қырым деп айтамыз, 46 пайызы басқа ел­ден келеді, 50 пайызы өз елімізден келе­ді. Ал бұл деректер осыдан 30 жыл бұрынғы деректер. Иә, шетелден келетін су 46 па­йыз деген сөзбен келісемін, бірақ өз елі­міз­дегі су өлшенбейді. Талай өзендер құр­ғап жатыр. Әйтсе де, біз бұрынғы де­рек­терді пайдаланып отырмыз. Ойыл, Жем, Мұғалжар өзендері секілді ол кездегі өзендердің көбі бүгінде жоқ. Олар әлі күн­ге дейін қалыпты жағдайдағы су айдын­дары­ның есебінде тұр. Бірнеше жыл бұрын тұрғындар шағымданып, алтын шығара­тын Ақсу өзеніне шақырды. Халық жина­лып, мәселе көтерді. Бассейн инспек­циясы рұқсатты 20 жыл бұрынғы мәлімет­тердің негізінде берген. Іс жүзінде ол жерде су жоқ. Яғни, бүгінде нені басқарып отырғанымызды түсінбейтін сияқтымыз. Бізде бәрі араласып кеткен. 2003 жылы қабылданған Су кодексіне 63 өзгерту мен толықтыру енгізілген. Сондықтан бұл кодекс түзетулерден қызарып кеткен, өзің ұяласың. Ресми органдардың сандарына сенім жоқ. Ішкі кіші өзен, көлдердің есебі жоқ, гидробекеттер жоқ. Сондықтан да бізге ең бірінші судың есебін жүргізуіміз керек. Қазір не басқарып тұрғанымыз бел­гісіз, себебі судың есебі жоқ. Есеп болма­ған соң оны есептейтін маман жоқ. Жер­асты суының қорын тап басып болжайтын маман жетпейді. Гидрдрогеологтерден бөлек арнайы оқыту орны болмағандықтан, гидротехник-инженерлердің де қатары сиреген. Есебін білгеннен кейін қазіргі озық технологияларды пайдаланып, оны үнемдеудің жолын қарастыруға болады. Бірақ ол үшін халықтың, жалпы қоғамның көзқарасы өзгеруі керек.

– Ерболат мырза, Президент еліміздің трансшекаралық су көздеріне тәуелді екенін айтып, Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар баршамызға ортақ табиғат байлы­ғы екенін жеткізді. Дегенмен сырттан келе­тін су көздеріне көршілеріміздің кейде суды жіберерде «қырсығып» қалатын кездері бар. Арада мұндай шиеленістер болмауы үшін қандай қадамдар жасалған дұрыс?

Ерболат Сатыбалдин, Парламент Мәжілісінің депутаты,

«АMANAT» партиясы франкциясының мүшесі:

– Бізде осы су саласы бойынша зерт­теу­лердің бар­лы­ғы сол Кеңес үкіметі кезеңінен қалған. Сол бойынша жұмыс істеп келе жатырмыз. Мүмкін істемеген де болуымыз ғажап емес. Су саласын өз бетімен жібердік десек те орынды болар?! Біздегі су қоры бізде бар мәліметтер бойынша, 56 пайызы сырттан келеді деп жатырмыз ғой. Қытайдан бөлек қалған шекаралық аймақтардың барлығы сол кеңес дәуіріндегі көршілес елдер. Сол кездегі бір ел – бір саясат ережесі бойынша су алмасып отырдық. Осы ретте біз суға қатысты жаңа шешімдерді іске асыр­ғанымыз жөн секілді. Мысалы, Қырғыз Республикасында су электр стансалары бар. Содан олар жылуы мен тоғын алады. Енді біз олардан су алуымыз үшін газ, кө-мір секілді өзімізде бар ресурстарымызды беруіміз керек. Осындай келісімдер қарастырған жөн шығар. «Жер-Ана» дейміз, «су – тіршілік көзі» дейміз. Сол Жер-анамыздың қойнауындағы суды тең құқықты түрде пайдалануды іске асырған жөн. Мысалы, Дунай деген өзен бар Еуропада. Сол өзеннің бойында 20-дан астам мемлекет бар. Барлығы сол өзеннің пай­дасын тең пайдаланады. Дунайға ана­сындай қарайды. Тазалығына, экология­лық жағдайына, елдің барлығына судың жеткілікті келуіне, сағаларына, барлығына теңдей келісіп отырып бір құжатқа қол қойып, келісімге қол жеткізген. Ол құжат­қа ешкім тиіспейді. Осылайша, бір өзенді бірнеше мемлекет игілігіне жаратып отыр. Бізге де сондай құжаттар керек.

Ерлан Бадашев:

– Ең бай ел – суға бай ел. Біз қазір баймыз деп мақтанамыз. Мұнай, бидай, Менделеев кестесіндегі байлықтың бәрі бар дейміз. Бірақ осылардың біріне де сусыз қол жеткізу мүмкін емес. Қазақта «жер дауы, жесір дауы, су дауы» деген бар. Жер белгілі мемлекет болған соң шекарасы бар. Ал суда шекара жоқ. Сол себепті су үшін күресіп, еліміздің тәуелсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын сақтап қалу маңызды. Биыл шекаралас елдерден су аз келіп, нәтижесінде қалыптасқан жағдайды көріп отырмыз. Мемлекеттік органдар бірінші кезекте климатты кінәлайды. Климат кінәлі емес, олай болса баяғыда ақырзаман болатын еді. Климат – жара­тылыс, құбылыс – ол. Табиғи құбылыс. Бәріне адам кінәлі. Демек, біз барды дұрыс пайдаланып, дұрыс реттемей отырмыз. Сондықтан климатты емес, өзімізді кінәлауымыз керек. Бұл мәселенің түбі трансшекаралық өзендерге келіп тіреледі. Өйткені Қазақстан ағын суға келгенде көрші мемлекеттерге тәуелді. Жаңа министрліктің ең басты міндеті де осы. Министрлік суды бөлу, лимитті анықтау деген секілді ережелерді дайындап беру керек. Бассейннің басында отырған басшылар ешкімге тәуелді болмауы керек. Осыған дейін қалай болып келді? Барлығы әкімдерге бағынып, солардың қас-қаба­ғына қарап келді. Әкімдердің қабыл­дауында отырады. Керек болса, әкімдер сол бассейн басшыларының алдында қабылдауында отыруы керек. Яғни, су ресурстарын орталықсыздандыру мәселесі бар. Елдегі 8 бассейн инспекциясына қатысты мәселелер өз аумағында шешілуге тиіс. Бассейн инспекциясының басшысы сол жердің министрі болып, ал ойын ережесі мен ондағы суды пайдалану тәртібін орталық орган бекітуі керек. Қазір кімге қанша су беретінін, лимитті Су ресурстары комитеті шешіп отыр. Олай болмауы керек. Қазір қай әкім күшті сол суды бұрып алады. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Түркістанда су каналы салынды. Өңірдің әкімі мықты болған соң, Арал теңізінің суын өзіне бұрып алды. Мен таңғалам. Түркістанға «Венецияның» не керегі бар? Италияда су көптігінен жасады. Ал бізде су тасып жатыр ма еді?! Сосын «Түркістанда су туризмін дамытамыз» деді. Ол кезде бұл облыстың әкімі «күшті» болды да, суды бұрып алды. Қызылорда облысының әкімімен санасқан жоқ. Оңтүстік өңірде онсыз да су жетпейді, енді қолдан «өзен» жасау тым артық. Елдегі тозығы жеткен инфрақұрылымды айтпа­ғанда, мемлекеттің стратегиясы, суды дұрыс пайдалануды реттейтін заң жоқ. Тек қуантарлығы – халық суды үнемдеу мәдениетіне біртіндеп келді. Қазақ судың қадірін баяғыда айтып кеткен. Кез келген мемлекет жер, су, ауадан тұрады. Мемлекет болғаннан кейін шекарасы белгіленеді, жер қозғалмайды. Ал су үнемі қозғалыста. Сондықтан жауынгер ақын Махамбеттің айтқаны бар: «Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қандастық» деп. Ата-бабамыз суды бағалап, өзеннің бойын қорғап, судың қадірін білген.

Ерболат Сатыбалдин:

– Бізде Арал мен Каспий мәсе­лесі де бар. Екі теңіз де бүгінде тар­ты­лып бара жатыр. Мысалы, Еділ өзені Ресей­ден ке­леді. Сол Еділ өзенінің саға­сында мил­лион­даған халқы бар қалалар бар. Онда өндіріс ошақтары орналасқан. Сол өн­діріс­терден Каспийге келіп құятын Еділ өзеніне көптеген залал тиіп жатыр. Оны біз дәлел­дей алмаймыз. Дәлелдеу үшін арадағы келісіміміз дұрыс болуы керек. Сонымен қатар Қытаймен де сондай жағдай. Бізде сырттан келетін өзендердің есебін біліп отыратын, цифровизация жүргізуіміз қажет. Ал бұл Қытайда жолға қойылған. Барлығы жаңа, заманауи технологиялармен жабдықталған. Олар бізге айтары бар. «Біз сендерге қажетті көлемде суды береміз, сендер өздерің дұрыс пайдалана алмай жатырсыңдар» деген уәждерін айтады. «Өзенді бірге пайдаланайық, бірақ сендер де деңгей­леріңді көтеріңдер, шаруа­шылықтарыңды дұрыстаңдар», – дейді. Өзендердің 56 пайызы сырттан келеді, 44 пайызы іштегі сулар десек, сол 100 па­йыздың 63 пайызын ауыл шаруашылығына пайдаланады екенбіз. Сол 63 пайыздың 50 па­йызы ысырап болып жатыр. Себебі то­ған­дар, арықтар, шаруашылықтың негізі жұмысы дұрыс емес. Осы дүниелерді ретке келтіргеніміз жөн. Сол ауыл шаруа­шылығымен айналысатын шаруаларға да ғылыми бағыттар бойынша жаңа заманауи техникалармен жұмыс істеуді қолға алуды міндеттегеніміз жөн болар. Бұрынғыдай суды ысырап ететін технологиялардан гөрі, тамшылатып немесе жаңбырлатып суару деген технологиялармен жұмыс істеуді қолға алған дұрыс шығар. 

Мемлекет басшысы суды үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет деп атады. «Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саяса­тынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескір­ген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың тала-бы», – деді өз Жолдауында. Осы ретте суды үнемдеудің қандай тиімді жолдарын ұсынар едіңіздер?

Ерлан Бадашев:

– Мен осы ретте Ерболат мырзаның сөзін толықтыра кеткенді жөн көріп отыр­мын. Келісетін де, келіспейтін де тұстарым бар. Мысалы, Ерболат мырза дамыған елдер шаруашылықта суды үнемдеу үшін тамшылатып суару нұсқасын қолдана­тынын атап өтті. Дегенмен біздің елде мұндай тәжірибе тиімсіз. Мысалы, Из­раильде тамшылатып суару әдісінде су топыраққа сіңіп, ылғалды сақтап тұратын болса, біздің оңтүстік өңірлердегі, Қызыл­ордадағы топырақ сазды болғандықтан, ол жерді қатырып тастайды. Сондықтан біз үшін ең тиімді суару – ол дәстүрлі, яғни каналдар мен құбырлар арқылы суару. Суарудағы ең басты мәселе – судың топыраққа сіңіп, өнімдерге тиісті ылғалды беру. Ал тамшылатып суаруда көбіне географиялық мекен де маңызды рөл атқарады. Жоғарыда айтып өткенімдей, жыл сайын экономикада 23-26 текше шақырым су пайдаланамыз. Оның 67-70 пайызын ауыл шаруашылығы үшін жұмсалады, одан кейін өндірістік мақсатта және ауыз су ретінде пайдаланылады. Мұны Ерболат мырза да айтып өтті. Осы ретте қалай пайдаланылып жатыр деген сұрақ туындайды. Дәл қазір су үнемдеу сая­саты мен суды пайдалану нормасы бірін­ші тұруға тиіс. Бүгінде 19 млн халық­тың 10 млн суармалы жерде тұрады. Тәуел­сіздік жылдарының басында Қазақстанда 2,4 млн гектар суармалы жер болған дедік қой. Сол кезде жиналған өнім мен қазіргі өнімді салыстырсақ, бүгінгі көрсеткіш кері кетіп жатыр. Демек, суармалы жер­лердің тиімділігі өте төмен. Суды үнемдеу дегенге келер болсақ, бізде шаруашылыққа суды стандарт бойынша қалай бөледі? Мысалы, 1 гектар мақтаға норматив бо­йын­ша 7,5 мың текше метр су керек, бірақ нақты түрде 15 мың текше метр су кетеді. Ал күрішке норматив бойынша 15 мың текше шақырым су керек, бірақ 25-30 мың текше су кетеді, яғни екі есе көп су. Бір мың текше метр суға қанша мақта алуға болады? Қанша күріш алуға болады? Осындай көзқараспен қарау керек, сонда ғана біз суды үнемдейміз. 

Өткенде талдау жасап көрдім. Қазір біздегі 19 млн тұрғынның 10 миллионнан астамы – 60-70 пайызғы жуығы суармалы жерлерде орналасқан халық. Суға тапшы – оңтүстік өңірлер, содан кейін батыс, Жайықтың бойы. Ал суы көп өңір – шығыс, Ертістің бойы. Ертіске қатысты Ресеймен жасаған келісіміміз бар. Оның 12 текше шақырым суымызды пайдалан­бай, әрмен қарай Ресейге жіберіп жатыр­мыз. Қаныш Сәтбаев салған канал бар. Бұл канал Ертістен Қарағандыға дейін ба­рып тұр. Кеңес үкіметі кезінде Жезқаз­ғанға дейін барған трубамен. Өйткені сол жерде өнеркәсіп дамыды. Сол 170-200 шақырым жерге суды көтеріп апарып тұр. Мұндай гидротехникалық құрылыс әлем­де жоқ. 60 жылға жуық жөндеусіз жұмыс істеп жатыр. Сол Ертістің суы Қарағанды, Екібастұзға жетіп тұр. 

Біздегі су бассейні гидротехникалық құрылғылармен реттелген. Қазір 23 су қоймасын саламыз деп жатыр. Ол қате деп ойлаймын. Әлемде мұндай құрылысты жойып жатыр. Себебі экологияны құртады деп саналады. Сол 23-тің екеуін салуға болады, қалғаны керек емес деп ойлаймын маман ретінде. Қалғанының қажеттілігі жоқ. Сосын кәріз бар. ХХІ ғасыр. Оны да реттейтін заң қабылдау керек. Сосын үшінші заң бар. Гидротехникалық құры­лыс­тар­дың қауіпсіздігі туралы заң қабыл­дау керек. Мұны айтқанымызға 25 жыл болды. 2008 жылы Әділет министр­лігіне ұсыныс жасап бардық. Онсыз біз суар­малы жерді, 10 млн халықты қамтамасыз ете ал­май­мыз. Судың қорына келсек, шама­мен 120 текше шақырым су бар. Оның 60 пайызы өзен, каналдан шы­ғып, өсімдікке жеткенше жоғалады. Инфрақұрылымның тозығы жеткен. Кеңес үкіметі кезінде суды пайдаланудың бас схемасы жасалған. Әлі күнге дейін сол құжатты пайдаланып келеміз. Олар соған қарап «көніп келеді». Жоқ мемлекеттің құжатымен жүрміз. Жеме-жеме келгенде ха­лықаралық сотқа берсе, біз жеңе алмай­мыз. Сол себепті Ұлттық гидрологиялық қызметті құру керек. Ол тек жер бетіндегі судың есебі мен мониторингін жүргізбей, жер астын­да­ғы су көздерін де есепке алуға тиіс. Кей­де жайылым жерлердегі ұңғы­ма­ларда су болмай жатады. Демек, астындағы су көз­дері тұрақты емес, өзгеріп тұрады. Бүгінде инфрақұрылым тозған. Халық­аралық классификатор 1 мың текше ша­қы­рым (ІЖӨ-нің 1 мың долларына шақ­қанда) қанша су тұтынатынын есептеген. Қазақстан 91,2 текше, суы көп Ресей 44, Бе­лорусь 30 текше шақырым су пайда­ланады. Біз суы тапшы елміз, сөйте тұра технологиясы дамыған Швеция, АҚШ сияқты елдерден үш есе көп пайдаланамыз.

Ерболат Сатыбалдин:

– Жарайды, трансшекаралық аймақ­тағы суларды былай қояйық. Елімізде сондай-ақ жерасты сулары да бар емес пе?! Мысалы, Қытайда жерасты суларын жердің бетіне шығармайды. Жердің астынан өзен қылып, суды жоғалтпаудың амалдарын қарастырады. Жаңағы айтқан 8 бассейннен бөлек, еліміздің әр өңірінен шығып жатқан бұлақтарды біз мүлде есепке алып отырған жоқпыз. Бұлақтар да қазір ысырап болып жатыр. Бұлақтарды да тиімді іске асырудың жолдарын қарас­тырған жөн. Мысалы, жаңа ағамыз Нұра–Сарысу бассейнін жақсы мысалға келтірді. Бұл – бір-бірімен мүлде қабыспайтын екі бөлек өзен. Бірақ екеуі бір басшылық арқылы басқарылады. Екеуі де өзіміздің елден шығып, өзіміздің елде тоқтайды. Осыларды жөнге келтіріп, тиімді пайда­лану­ды іскер асыратын уақыт келді. Жаңа жалпы судың 63 пайызын ауыл шаруа­шылығына пайдаланамыз дедік қой. Со­дан қалған су көлемін екінші кезекте өнді­рістерге пайдаланамыз. Осы өндіріс­терге пайдаланатын су көздерін қайталана пайдаға асыратын технологияны іске асырғанымыз жөн. Біз әдетте бір пайда­ланғаннан кейін ол суды кәдеге асырмай­мыз. Дәл сол секілді үлкен ірі қалалардағы көлік жуу орындарын алып қарасақ та болады. Күніне жүздеген көлік жуатын орындар суды ірі көлемде бір рет пайдаға асырғаннан кейін ол су далаға кетеді. Ендігі біздің міндетіміз – осы су ысырап­шылығына жол бермей, қолда бар суды үнемдеп пайдалана алуымыз керек. Мы­салы, Оңтүстік Кореяда суды 4 рет пай­даланады. 

«Көршілермен арадағы келісімдер ескірген»

– Бүгінгі таңда әр салада маман тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. Соның ішінде су шаруашылығына қатысты да сарапшылар маман жетіспейтінін жиі айтады. Неліктен осы уақытқа дейін білікті кадр дайындай алмадық?

Ерлан Бадашев:

– «Жақсы сушының ізіне су ереді, жаман сушының ізіне шу ереді» деген сөз бар. Соңғы кезде шу көбейіп кетті емес пе? Неге? Өйткені сушы жоқ. Су мамандары тапшы. Су дипломатиясы өте нәзік дипломатия болып есептеледі. Меніңше, Арал мәселесіне қатысты бес мемлекеттің студенттері оқитын арнайы жоғары оқу орнын ашу керек. Сол бес елдің жастары бірге тұрып, ортақ проблеманы бірлесіп шешуді үйренсе деймін. Суды әділетті түрде бөліп, пайдалануды осыдан бастау керек деп ойлаймын. Қазақ айтатын «жер дауы, жесір дауынан» кейін ең өзекті мәселенің бірі – су дауы деп білемін. Жер белгілі, мемлекет болғаннан кейін шекара­мыз белгіленген, ал суда шекара жоқ. Су барлығымызға ортақ, Алла Тағала бөліп ішсін деп адамдарға суды берді. Биыл болып жатқан су тапшылығы тарихта болмаған екен. Бұл салада қырық жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Кеңес үкіметі кезінде Таластың 50 пайыз суы біздікі, қалған 50 пайызы – қырғыздардікі, Шудың 80 пайызы – біздікі, қалған 20 пайызы қырғыздарға қарайды деп келісіл­ген. Ал Киров су қоймасының 80 пайызын біздің шаруалар пайдаланатын. Қазір біз су мәселесі бойынша келіссөз жүргізу үшін өзбекпен өзбекше, қырғызбен қырғызша, тәжікпен тәжікше сөйлесуіміз керек. Ал біз олармен Кеңес үкіметіндегідей орысша сөйлесе алмаймыз. Қазір олар орысша сөйлемейді. Бір қызығы, біздің мамандар олармен ағылшынша сөйлеседі. Олардың тілінде сөйлей алатын, су саласында білікті мамандар жоқ. Барлық мәселе осында жа­тыр. Мен сізге образды түрде айтып жа­тырмын. Сушы сияқты сөйлеспейді. Енді талдау барысында мамандардың тап­шы­лығын бірінші орынға қойып тұрмыз... 

Орталық Азия елдерін біріктіретін де, соғыстыратын да – су. Осыған ешкімді қа­тыс­тырмай, өзіміз конвенция қабыл­дауымыз керек. Ағылшынша сөйлейтіндер біз оларға мұнай, бидай бермей қоямыз дейді. Қазір оны басқа елдерден алу қиын емес. Олар бір апта су болмаса, мұнайыңды тегін беріп, су аласың. Сол себепті ұсынғанмын – Орталық Азияға ортақ бір институт ашу керек. Сонда қазақ, өзбек, қырғыз бір партада отыруы керек, бірге оқуы керек. Сонда бір-бірін түсінеді. Су мәселесін шешу адамдардың қарым-қатынасынан басталады. 

– Биылғы шілде айында Қазақстан тарапы Жамбыл облысындағы шаруаларды сумен қамтамасыз ету бойынша Талас өзенінің бассейні туралы күрделі жағдайды қырғыз тарапына баяндап, 18 шілде мен 31 шілде аралығында Киров су қоймасынан су жіберуді секундына 45,0 текше метрге дейін арттыруды сұраған еді. Ал екі ел арасындағы келісім бойынша, Қазақстан тарапы секундына 40,0 текше метр су алуы керек болған. Осы мәселеге байланысты қырғыз тарапы Шу және Талас облыстарындағы суаруға қатысты күрделі жағдай туында­ғанын Қазақстан тарапын да хабардар етіп, секундына 45,0 текше метрден су жіберілер болса, 1 тамызда Қазақстанның үлесі бар болғаны 3,54 млн текше метрді құрайтынын, ал секундына 10,0 текше метр жіберілген жағдайда 2023 жылдың 4 тамызында таусы­ла­тынын ескерткен екен. Осы мәсе­ле­лер жыл сайын неге бас көтере береді? Неге әлі күнге бір жүйеге келтіре алмай жатырмыз?

Ерлан Бадашев:

– Негізі, шаруашылықты сумен қамтама­сыз ету келісімін ақпан-наурыз айларында бекіту керек. Ал Қазақстан тарапы бұл келісімді қырғыздармен маусым айында бір-ақ бекітті. Оның үстіне, келісімді тамызға дейін жасаған. Егер ауыл шаруа­шылығының маманы келіссөз жүргізетін болса, астықтың барлығы бірдей тамызда піспейтінін білуші еді. Дақылдардың бірі тамызда піссе, енді бірі қазанда пісіп жатады. Оңтүстіктегі су тапшылығына қырғыз­дардың ешқандай кінәсі жоқ. Бұл жерде дұрыс келісімге келмеген қазақстан­дық тарап жауапты. Киров су қоймасында 25 млн текше метр су қалған. Оның «өлі» мезгілінің өзінде ең төмен түскені 9 млн текше метрдей су болады. Демек, олар қазірдің өзінде Қазақстан тарапына 20 млн текше метрдей су беру қауқары бар.