Атап өтер жайт, Президенттің Жолдауына сәйкес әзірленген «Қоғамдық бақылау туралы» заңында петиция деген бір сөз таба алмайсыз. Бірақ Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Руслан Рүстемовтің түсіндіруінше, бұл заң соған қажетті ұстындарды, қоғамдық бақылаудың негіздерін түзеді, мемлекеттік органдардың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Ал петицияға ілеспе заң – «Кейбір заңнамалық актілерге қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы арналып отыр. Оған да Мемлекет басшысы 2023 жылғы 2 қазанда қол қойды.
Құжаттың басты жаңалықтарына тоқталсақ.
Біріншіден, ол заңнамаға петиция ұғымын енгізді.
Екіншіден, енді Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі регламенттелді.
Үшіншіден, қазақстандықтар өз наразылықтарын Alash.online, Change.org сияқты мамандандырылған порталдар арқылы петиция түрінде білдіріп жүр. Алайда жаңа заңға сәйкес, осы және басқа порталдардағы петициялар назарға алынбайды.
Петицияны тек Қазақстан азаматтары және тек арнайы интернет портал арқылы ғана бере алады. Ол қандай арнайы портал? Алдағы айда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Петиция беру үшін интернет-ресурсты айқындау туралы» бұйрыққа қол қояды деп күтілуде. Министрліктің хабарлауынша, бүгінде «Электрондық жолданымдар–Электронные обращения» ақпараттық-талдау жүйесін Қазақстан азаматтарының петиция жолдауына арналған интернет-ресурс ретінде айқындауға шешім қабылданыпты.
Төртіншіден, әрбір петиция жарияланбас бұрын уәкілетті органның мұқият модерациясынан өтеді: петицияның заңда бекітілген шарттарға сәйкестігі тексеріледі.
Бесіншіден, билік петицияда көтерілген мәселелерді міндетті түрде қарауы үшін ол барынша көп дауыс жинауы шарт. Аудандық деңгейдегі әкімдіктер құзыретіне жататын мәселелер бойынша петициялар – халқы 50 мыңнан асатын елді мекенде кем дегенде 2,5 мың дауыс, қалғандарында халық санының кемінде 5%-ының қолдауын алуы тиіс. Аудандық деңгейдегі мәслихаттар құзыретіне жататын мәселелер бойынша – халқы 50 мыңнан асса, 5 мың дауыс, қалғандары үшін халық санының кемінде 10%-ы болуы шарт.
Облыстық деңгейде әкімнің құзырына кіретін поблемалар бойынша халқы 50 мыңнан асатын елді мекендерде 5 мың дауыс, қалғандары үшін халқы санының кемінде 10%-ы болуы керек. Облыстық деңгейдегі мәслихаттар қарайтын мәселелер бойынша – тұрғындардың кемінде 2%-ының даусы болуы қажет.
Ал республикалық деңгейде Үкімет өкілеттігіне кіретін мәселелерді қаузайтын петициялар кемінде 50 мың дауыс жинауға міндетті. Одан төмен болса, билік елеусіз қалдырады.
Алтыншыдан, қазіргі кезде азаматтар қызбалыққа салынып, эмоцияға беріліп, әлдебір тақырыпта петиция жариялап, соңынан оны ұмытып кетуі мүмкін. Жаңа тәжірибе бойынша петиция авторы сол үшін жауапкершілік арқалайды. Оған құзырлы органнан қоңыраулар шалынуы мүмкін. Мысалы, петицияны жан-жақты қарау мақсатында мемлекеттік орган петиция авторын өзіне шақырып, әңгімелеседі. Меморган шешімінің жобасын жария талқылау ұйымдастырылады, жеке комиссия немесе жұмыс тобы құрылады, олар автормен бірге оқиға, жоба орнына барады. Мұндай шаралар петицияның қоғамдық мәртебесі мен маңызын арттыруға мүмкіндік беретін көрінеді.
Жетіншіден, әрбір петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы, яғни министр қабылдайды.
Заң жобаларына бастамашы болған Парламент депутаттарының пікірінше, осының бәрі азаматтардың мемлекет істерін тікелей басқаруға қатысуына жағдай жасайды.
Шектеулер саны шектен шықты
Дегенмен жаңа заңда петицияға қатысты шектеулердің көптігі қоғамдық резонанс тудырды. Мысалы, журналистерге түсініктеме берген Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Данияр Қадыров қазақстандықтардың бұдан былай әкімдер мен министрлердің отставкасын талап етіп, петиция бере алмайтынын ескертті. Әйтпесе, бұған дейін азаматтар Алматы әкімі Ерболат Досаевтың, Астананың экс-әкімі Алтай Көлгіновтің, Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі Даниял Ахметовтің және басқа басшылардың жұмысына наразылықтарын ашық білдірген болатын. Біраз Мәжіліс депутатының мандатын доғару туралы петициялар көп қол жинады.
«Қазақстанда әкімдер мен министрлерді кім тағайындайтыны және орнынан алатыны заңнамада нақты бекітілген. Бұл Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің қарауындағы мәселелер. Сондықтан қазақстандықтар әкімдер мен министрлердің отставкасына қатысты петиция бере алмайды. Заң бар, Президенттің құқығы бар. Басқа мәселелерге петиция жариялауға рұқсат. Президенттің, Парламент пен Үкіметтің құрамына кірмейтін лауазымға қатысты болса, ол петиция ретінде қабылданып, қаралады», – деді вице-министр.
Алайда жаңа, ілеспе заңда петиция ұсынуға жол берілмейтін 17 шектеу тармағы бар. Атап айтқанда, адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзуға соқтыруы мүмкін тақырыптағы петициялар қабылданбайды.
Конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығы мен имандылығына нұқсан келтіруі мүмкін мәселелерге де тыйым қойылды. Бұл жерде қанды қаңтарға, пандемияға, антиваксерлерге қатысты түйткілдер ескерілсе керек.
Ең бастысы, «Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі мәртебесін, республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Қазақстан Республикасы Президенті 7 жыл мерзімге сайланады және бір адам бір реттен артық Президент болып сайлана алмайды деген ережелерді өзгертуге, Қазақстанның әкімшілік, аумақтық құрылысы мен Мемлекеттік шекарасына, Мемлекеттік тілге» қатысты петицияларға рұқсат жоқ. Мұнда халықаралық күрделі геосаяси ахуал, сепаратизмнің белең алуы ескерілгені байқалады. Сол себепті, дәл осы талаптарға ешкімнің қарсылығы болмаса керек.
Әйткенмен, шектеулердің бірқатары ел қауіпсіздігіне жауапты органдардың жұмысына кедергі келтірмеуге бағытталған. Мысалға, сот органдарына, күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарына, прокуратураға, ұлттық қауіпсіздік, сыртқы барлау, қарсы барлау, жедел іздестіру органдарына, арнайы күзетілетін тұлғалар мен объектілерге петициямен тиісуге болмайды.
Заң Президенттің, Мәжіліс пен Сенаттың, Үкіметтің қарауындағы адамдарды лауазымға тағайындау, сайлау немесе отставкаға жіберу туралы петицияларға тыйым салды. Жалпы, қазақстандықтарға енді сайлау және референдум туралы заңдармен реттелетін мәселелер, билік органдарының құзырын, өкілеттігін, функциялары мен міндетін өзгерту бойынша петиция жазуға болмайды.
Түсініксіз тұстар елді түңілтпей ме?
Сарапшылардың пікірінше, заңның тәжірибеде қалай жүзеге асқанына қарай болашақта оны қайта қарап, пысықтау қажет болады. Мысалы, заңда петиция жарияланған соң оған кем дегенде 50 Қазақстан азаматы 10 жұмыс күні ішінде электронды түрде немесе 20 күн ішінде жазбаша түрде қолдап, қосылуға тиістігі көрсетілген. Бұл қалай жүзеге асырылады? Халықтан хат-хабарды кім қабылдап отырады? Заңда ол жағы айтылмаған.
Мұның сыртында егер порталда дәл сол тақырыпта басқа петиция болса, ұқсас мәселені көтеретін петиция беруге де тыйым салынады. Ал бұл үлкен ауқымдағы деректерді (Big Data) талдауды, әр өтінішті бұрынғы петициялармен салыстырып, егжей-тегжейлі қарауды, сол үшін мамандардың жеке штатын жалдауды қажет етеді. Себебі әлеумет, экология, коррупция сияқты аталымдар немесе жалқы есімдер бойынша электронды іздеу ұқсастықтардың көптігін көрсетері даусыз. Онда жаңадан бірде бір петиция жариялау мүмкін болмайды.
Саяси менеджмент және технологиялар институтының басшысы, әлеуметтік жобалардың авторы Уәлихан Тұрарбекұлы петицияларды қарау уақытының тым ұзаққа созылатынын қаперге салды. Салдарынан, ол тақырып өзекті болмай қалуы немесе халық қарсы жобаны шенеуніктер едел-жедел іске қоса қоюы мүмкін.
Мәселен, уәкілетті орган кем дегенде 50 адам қосылған күннен бастап, 20 жұмыс күні ішінде петицияның талаптарға сәйкестігін қарауға кіріседі. Тексеру аяқталғаннан кейін оны түрлі сылтаумен авторына кері қайтаруы мүмкін.
Егер барлық сүзгіден өте алса, петиция арнайы порталда жарияланады. Әрі қарай мәселені биліктің қарауы үшін қажетті көлемде, мысалы 50 мың дауыс жинауына 6 ай беріледі. Егер белгіленген көлемде қол жинаса, Үкімет, әкім немесе мәслихат мәселені жарты жылдан соң қарауы мүмкін. Комиссия, жұмыс тобы құрылады. Сонда бас-аяғы 7–9 айға дейін уақыт өтетін түрі бар.
Сарапшылар қабылданған петиция туралы заңның күшіне енуі алты ай кейінге, яғни келесі 2024 жылға қалғанын жеткізді. Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Петицияны қарау нәтижелері бойынша шешімнің нысан-формасын, Петицияларды тіркеу және есепке алу қағидаларын, Петициялар бойынша жазбаша арыздардың нысандарын және басқасын бекітетін бұйрықтардың жобаларын пысықтап жатыр.
«Заң петициялар тақырыптарының аясын қатаң шектеп тастады. Бірақ жоқтан бары жақсы. Петициялардың заңдастырылуының өзі алға қадам. Дәл осы институт елде экологиялық проблемалар тудыратын ірі кәсіпорындар мен инвесторларға қарсы қолданылатынға ұқсайды. Бұл тетікті бір мандатты депутаттар мен халық сайлаған әкімдерді кері шақырып алу үшін де қолдану керек. Өйткені Парламент пен мәслихаттарға бірмандатты депутаттар сайланды. Әкімдер сайлауы да өтіп жатыр. Бірақ билік халыққа әлі күнге дейін өз депутаттарының мандатын кері алып қою құралын бермей отыр», – деді У.Тұрарбекұлы.
Петицияны жақтаған 50 мың адамның бәрінің дауыс беру құқығының барын, ақыл-есінің дұрыстығын, арасында сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдардың болмауын, ол қатарға шетелдік азаматтығы барлардың еніп кетпеуін анықтау орасан зор уақыт, қаржы және кадр ресурсын талап етеді. Ендеше қоғамдық бақылау тетігін жетілдіруге баөғытталған заң әлі де жетілдіруді қажет етуі мүмкін. Ол да қоғамның дамуымен бірге жүретін үрдіс. Бастысы халықтың өз үнін билікке жеткізетін ресми жаңа құрал пайда болды.
Елдос СЕНБАЙ