Шымкент қаласының жүрегінде, яғни әкімшілік іскерлік орталығының маңындағы үйлердің басынан бұлт арылмай-ақ қойды.
«Көк үйлердің» басынан бұлт кетпеді
6,547
оқылды

Әсіресе, «көк үйлер» атанып кеткен қала әкімдігінің маңындағы  сырты көкпен боялған бірнеше көпқабатты үй тұрғындары үнемі наразылық білдіріп жатады.  Олар біресе үп еткен желден жарықтың жалп етіп өшіп қалатынын, жаңбыр жауса төбеден су ағып үйдің ішін малмандай ететінін, тағы бірде құбырдың жарылғанын айтып шағым айтады. Шыны керек, осындай келеңсіздіктер жиі болатындықтан,  бүгінде қаланың қақ ортасында орналасса да, қазір «көк үйлерге» сұраныс аз. Сатып алушылар да, пәтер жалдап тұратындар да бұларға жолай бермейді. 

Жуырда бағы ашылмаған «көк үй» тұрғындары тағы шу шығарды. 3 айдан бері жылы сусыз отырған олардың шы­дамы таусылған. «Нұрсәт» шағынауданы 40-үй тұрғыны Ақбота Елемес 20 та­­­­мыздан бері жылы су болмай қиналып отырғанын айтады. Әсіресе, күн суығалы бұл мәселе күрделеніп кеткен. Оның үстіне «мектепке баратын балаларды жуындыра алмай, өркениеттен тысқары қалдық» дейді тұрғындар. 

 «Нұрсәт» шағынауданы 40-үйдің үй комитетінің төрайымы Айгерім Нұрбе-кова бұл көп­қабатты үйлерден проблема жиі шы­­ғатынын айтты. «Төрайым болғаныма 2 жыл болды. Бұл үйлердің жыры бітпейді. Мұнда әрқайсысы 140 пәтерлік жобасында 10-нан аса көпқабатты үй бар. Негізінен, бұлар «Қазақстан ипо­­текалық компаниясы» арқылы алынған және арендалық үйлер. Яғни, тұрғын­дардың басым бөлігі үй кезегінде тұрып қол жеткізген, мемлекеттік бағдарамалар арқылы алынған үйлерде тұрады. Сапасы нашар. Су құбрлары ескірген, жаңбыр жауса төбеден су тамшылайды. Шатыр­ларының ұшқанынан да хабарларыңыз бар. Жақында 2 күн бойы газ болмады. Ал жылы суды көрмегенімізге тіпті біраз болды. Қазір аулада су құбырларына жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Құ­рылыс жүргізіп жатқандардан сұрас­тырсақ, бұрын үйді салғанда көлемі кіші құбыр қойылған екен. Салдарынан жоғары қабаттағы үйлерге су жетпей жүрген. Оның үстіне, құбырлардың да жиі жарылуына құбыр көлемінің кіші болуы әсер етіпті. Әрине, бұған қуана­мыз. Дегенмен шыдамның да шегі бар. Құрылыс жаздыгүні маусымда басталып, сол кезде жылы су өшті. Бір айдан соң жылы су қосылып, тағы 1 айдан кейін, яғни тамызда қайта ажыратылды. Содан бері әлі күтіп жүрміз. Қуат жылу орта­лығының өкілдері жылу бергенде қосы­лады деп сендіріп отыр. Оған да күмә­німіз бар», – дейді үй комитетінің төрайымы. 

Одан бөлек, осынау үйлердің арасына өрт сөндіру қызметі, жедел жәрдем көлігі кіре алмайды екен. Аула тар, бір көліктің өзі айналып жүре алмайды. «Бейне­камералар жоқ, ұрлық жиі болады», – дейді. Көлік тұрағы бар, бірақ ұрлық жиі болатындықтан тұрғындар ол жаққа көлігін қоймайтын көрінеді. Барлығы да көпқабатты үйдің ауласына тығылыс­тырып қоя береді. Тіпті, ол аумақ жа­рықтандырылмаған. Осы мәселені кө­терген үй комитетінің төрайымы По­ли­­ция басқармасына хат жолдаған. Полициядан келген жауапқа сүйенсек, қала әкімі қаржы қарастырса, талап­тарыңызды орындап береміз депті. Тұр­ғындар енді бұл мәселемен қала әкіміне шағымданып, жауап күтіп отыр. 

Кәріз жүйесінің істен шыққаны да көпқабатты үй тұрғындарын мезі еткен мәселенің бірі. Тұрғындар 180 мың теңге жинап сорғы сатып алыпты. Қайта-қайта ақша жинау да оңай емес. «Көк үйлерді» мекен еткен бір қауым ел 8 жылдан бері осындай бітпейтін проб­лемадан шаршаған.

Ал жылы су 20 қазан күні іске қосы­латын жылу беру кезінде қосылады де­генге де сеніңкіремейді. Себебі жөндеу жұмыстарының әл-әзірге бітетін ыңғайы жоқ. Осынау құрылыс жұмыстары да тұрғындардың күнделікті тұрмыстық тіршілігіне қолайыздық туғызып отыр. 

Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту бас­қармасы баспасөз қызметінің хабар­лауынша, «Шымкент қаласы «Нұрсәт» тұрғын алабындағы ТК-5-тен ТК-11-ге дейін магистралды жылу жүйесіне қайта құру жұмыстары» нысанының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан. Сол себепті ТК-5-тен ТК-11-ге дейін магис­тралды жылу құбырынан алатын 18 көп­қабатты тұрғын үйлер (31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38, 39, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 46, 47, 74) ыстық судан уақытша ажы­ратылған. «Дәл қазір мердігер мекеме жұмыс істеп жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқтал­ғаннан кейін шұғыл түрде қайта ыстық суға қосылатынын хабарлаймыз. Жылу маусымына дейін аяқталады деп күті­луде» деп жауап берді басқарма ма­мандары. 

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басқармасының басшысы Мақсат Ерденбеков «Отырар» телеарнасына берген сұхбатында Шым­кентте жылу беру маусымы 20 қазанда басталатынын, жылуды бірінші болып әлеуметтік инфрақұрылым нысандары алатынын айтқан. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар бар. Одан кейін көпқа­­батты үйлер (оның 2716-сы Шымкентте) мен жеке сектор болады. Бірақ ауа райы­ның күрт суытуына байланысты қайта қаралуы әбден мүмкін. «Жылыту маусы­мына дайындықтың күзгі жұмыстары аяқталуға жақын. Қалып­тасқан дәстүр бойынша бірінші кезекте науқастар мен балалар жылу алады. Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің жаңа қаулысы шықса, жылуды ертерек береміз. Біз дайынбыз», – деді Мақсат Ерденбеков. Жыл маусымына дайын­дауға жергілікті бюджеттен 3,2 миллиард теңге бөлініп, 8,8 шақырым жылу желілері жөнделген. Басқарма басшысы ең қатал қысқа да дайынбыз деп тастүйін отыр. 

Ал көпқабатты «көк үйлердің» тұр­ғындары көрші тұрған әкімдік ғимара­тына телміріп, жылы суды аңсап отыр. Бұйырса, басқарма басшысы сендірген 20 қазан да қыр астында тұр.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы