Бүгінге дейін Күндегі ең жойқын дауыл 1859 жылы болған деп саналды. Бірақ ғалымдар Күнде бұл дауылдан да бірнеше есе күшті жарылыстың болғанын дәлелдеді. Оның іздері ағаш сақиналары мен мұздықтан табылған.
Күндегі ең жойқын дауыл Жер үшін қауіпті болмақ
1,763
оқылды

Ғалымдар 1859 жылғы геомагниттік дауылдан да күшті Күнде болған жарылыстың іздерін анықтады. Бұл сенсация туралы washingtonpost.com басылымы көлемді мақала жариялады. Aikyn.kz осы мақаланы негізге алып, Күндегі дауылдың Жерге әсері қаншалықты күшті болғанын талдайды.

Фото kartinki.pics сайтынан алынды  

Адамзат тарихында тіркелген Күнде болған ең жойқын дауыл 1859 жылы болған деп саналады. Бірақ жақында ғалымдар бұл дауылдан бірнеше есе күшті күн дауылының іздерін тапты. Ғалымдар ашқан жаңалық құбылыстың механизмін жақсы түсінуге және оның салдарын азайту шараларын әзірлеуге көмектеседі.

Түнгі аспанның жарқырағаны сонша, кейбіреулер таң атты деп ойлайды. Канадалық таудағы алтын іздеуші кеншілер түнгі бірде оянып, таңғы ас әзірлеп, таңертеңгілік жұмыстарын бастайды. Күн шығып кеткендей құстар ән салады.

Бүкіл әлем бойынша телеграфтық байланыс жүйелері істен шығып, хабарлама жіберу мүмкін болмай қалады. Бұл 1859 жылы Каррингтон дауылы деп аталатын оқиға ұзақ уақыт бойы Флорида мен Орталық Американың оңтүстігіне дейін солтүстік шұғыласын тудырған және байланыс жүйелерін бұзған ең жойқын геомагниттік дауыл болып саналды.

Фото ixbt.com сайтынан алынды

Бірақ жақында жүргізілген бір зерттеуде Күндегі дауылдардың рекордтарын бұзуы мүмкін әлдеқайда үлкен жарылыс дәлелденді. Ғалымдар Жерге бағытталған ең үлкен Күн дауылының 14 300 жыл бұрын болғанын анықтады, бұл Каррингтоннан бірнеше есе жойқын.

«Егер осы оқиғалардың бірі бүгін болса, бұл біздің электр желісі мен интернетке өте жойқын әсер ететіні анық. Бұл барлық коммуникациялардың қатып қалуын  және жолсапарларын толық тоқтатып тастайды», – дейді зерттеу жетекшісі Эдуард Бард. 

Ғалымдар француз Альпі мен Гренландия мұз қабатындағы көне ағаштардың сақиналарынан жойқын Күн дауылының іздерін тапқан. Ғарыштық сәулелер немесе жоғары энергиялы бөлшектер Жер атмосферасына еніп, ядролық реакциялар тудырады. Мысалы, атмосфераның жоғары қабатындағы азот атомдарын радиоактивті көміртек-14-ке айналдырады. Бұл изотоп өсімдіктерге, жануарларға, адамдарға, мұхиттарға, сондай-ақ көптеген жыл бойы оқиғаларды мұрағаттауға қабілетті ағаш сақиналарына енеді.

Аустралияның Квинсленд университетінің ғалымдары да бұл жаңалықтың археологтер, химиктер және физиктер қатысатын үлкен пәнаралық маңызы бар екенін және ежелгі Күн физикасын түсінудің жалғыз нақты жолы екенін айтады.

Фото kartinki.pics сайтынан алынды  

Зерттеу барысында француз Альпісіндегі ағаш сақиналарында 14 300 жыл бұрын бір өте айқын ұшқын болғаны табылған. Ондағы радиоактивті көміртек мөлшері қалыпты жылдық мөлшерден 5-10 есе көп болған. Ғалымдар тобы Күнде болған күшті жарылыстың салдарынан Жердің атмосферасына энергетикалық бөлшектердің орасан зор мөлшері енгенін болжаған.

Гренландия мұз өзектерін талдау да радиоактивті көміртектің көп мөлшерін көрсеткен. Көміртегі-14-ке ұқсас Күнде болатын жарылыстан пайда болатын ғарыштық бөлшектер де мұзда тұнып қалатын бериллий-10 изотопын жасай алады. Бардтың айтуынша, екі аймақтан алынған деректер жинағындағы шамадан тыс аномалия Күнде болған жарылысты дәлелдей алады.

Зерттеу тобының жетекшісі Эдуард Бардтың айтуынша, «Күн белсенділігі күн сәулесін де өзгертеді. Күнді тұрақты деп санауға болмайды. Климаттың құбылмалылығын есептеу үшін оның ұзақ уақыт аралығындағы мінез-құлқын талдау қажет».