Қазақстан әскері Өзбекстаннан қалып қойыпты, Ливан Қазақстанмен салыстырғанда қуатты мемлекет екен. Бұл америкалық басылымның жасаған рейтингінің қорытындысы. Сарапшылар тарапынан сенімсіздік туғызатын мәліметтердің саяси астары қалың сияқты
Қазақ елі мен әскерінің қуатын кім төмендеткісі келеді?
4,314
оқылды

USNews & World Report журналы зерттеуінің нәтижелері бойынша Қазақстан әскерінің қуаты 87 елдің арасында 19-шы орында, Өзбекстан 18-ші орын және БАӘ 20-шы орында екен. Еуропаға жақын орналасқан Түркия 10-шы, Беларусь әскери қуаты бойынша 12-ші орынға тұрақтаған. Aikyn.kz америкалық журналдың рейтингінде түсінуге қиын бағалаулар бар екеніне назар аударады.

Фото asker.kz сайтынан алынды

Әлемдегі ең қуатты әскер Ресейде, одан кейін АҚШ, ал Қытай үшінші орында. Бұл жерде рейтингті жасаушылар Израиль әскерін 4-ші орынға, ал Украина қарулы күштерін 6-шы орынға қойған. 

Рейтингтің соңында Люксембург, Сингапур мен Эстонияның қарулы күштері орналасқан.

Бұл рейтингтерді Вашингтонда шығатын US News & World Report америкалық журналы жасаған. Журнал Time және Newsweek басылымдарымен қатар саяси және экономикалық жаңалықтарға, сондай-ақ денсаулық пен білімге басымдық береді, көптеген жылдар бойы жетекші апталық басылым саналады.

Әскерлердің әлеуетін өлшеген тізімде Қазақстанның орны былай бағаланған екен:

Сурет usnews.com сайтының скриншоты 

Осы журнал күшті әскермен қатар ең қуатты мемлекеттерді де анықтаған. Журналдың нұсқасы бойынша қуатты мемлекеттер алты критерий  бойынша жиналған орташа ұпайдың негізінде анықталған. Олар: көшбасшылық, экономикалық ықпалы, мықты экспорттық әлеуеті, саяси ықпалы, күшті халықаралық одақтарға мүшелік және күшті әскер. 

Ең қуатты елдердің алғашқы үштігіне АҚШ, Ресей мен Қытай кірсе, бірінші ондықта Германия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Франция, Жапония, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері де кірді. 

Рейтингте ақылға қонымсыз, шындығына күмән туғызатын бағалаулар да кездеседі. Мысалы, Ресеймен соғыста экономикалық, әскери дағдарысқа түскен Украина ең күшті әскер рейтингінде әлемде 6-шы орында болса, мемлекеттің қуаты бойынша әлем бойынша 14-ші орынды иеленген. Бұған таңданбай көріңіз. Осындай қисынсыз бағалаудан кейін рейтингтің өзі де, оны жасаған америкалық журнал да саяси ықпалға ұрынған болар деген ойлар туындайды. 

Ең қуатты елдердің тізіміндегі Ливан, Қазақстан мен Өзбекстан туралы мәліметтер төменде көрсетілген:

Сурет usnews.com сайтының скриншоты 

Рейтинг жасаушыларға сенсек әлемдегі қуатты елдердің тізімінде Қазақстан 50-ші, Өзбекстан 51-ші орында екен. Бұл  жерде де мамандардың түсінуіне қиын фактілер кездеседі. 5,6 млн. халқы бар, ЖІӨ 33 млрд. доллар, 90 млрд. доллардан астам сыртқы қарызы бар, 2023 жылдың тамыз айында инфляция деңгейі 230% болған Ливан елі біздің алдымызды орап кеткен.

Біздің халқымыздың саны Ливаннан 3,6 есе көп,  ЖІӨ 7 есе көп, тамызда инфляция 13,1% болған. Бірақ америкалық журналдың рейтингіне сенсек Ливан бізден күшті болып тұр.

Әрине, рейтингтер әртүрлі болады, әртүрлі мақсатта жасалады. Сондықтан нәтижесі де кейде таңғаларлық болуы мүмкін. Әскеріміздің де, еліміздің де әлеуеті жоғары болуға елдің ынтымағы мен ұлттың бірлігі жеткілікті. Ал сыртқы бағалауға сын көзбен қараған дұрыс.