Өткен жексенбіде, 5 қарашада ел тари­хын­да алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтті.
Халық таңдаған қырық бес
688
оқылды

Президенттің бастамасымен қолға алын­ған аудан-қа­ла әкімдерінің тікелей сай­лауы мемлекеттік басқаруды орталықсыз­дандыруға бағыт­тал­­ған саяси реформалар процесінің маңызды кезеңі саналады. Ол сондай-ақ аза­маттардың жер­гілікті биліктегі шешім қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Себебі халық сай­ла­ған әкім елдің үніне құлақ түреді, өз сайлаушыларының ұстанымын бас­шылыққа алуға тиіс.  

Науқан қалай өтті?

Орталық сайлау комиссиясы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлаудың қоры­тындыларын шығарды. Бұл сайлау пилоттық режимде өтіп отыр. Яғни, ол әзірге еліміздегі бар­лық аудан-қаланы жаппай қам­ты­ған жоқ. Ізашар бастама ая­сын­да жергілікті жұртшылық­тың өкілдері ретінде облыстық мәслихат депутаттарына әр өңір­дегі тұңғыш сайлау өтетін елді ме­кендерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік ұсынылды.

Нәтижесінде, облыстардың мәслихаттары осы сайлауды өт­кізу үшін пилоттық 42 аудан мен 3 об­лыстық маңызы бар қаланың тізбесін бекітті.

Тарихта қалатын бұл науқан­ның жүгі жеңіл емес еді. Оны ұйым­дастыруға 1 553 сайлау ко­мис­сиясы жұмылдырылды. Оның арасында 17 облыстық, 3 қа­ла­лық, 42 аудандық және 1 491 учас­келік сайлау комиссиясы бар. 

Сайлауға дайындық аясында, сайлау комиссия­ларына құқық­тық, әдістемелік және ұйымдас­тыру­шылық көмек көрсету үшін төрағасының өзі бастап, Орталық сайлау комиссиясы өңірлерді аралады. Жаппай елге таратпас бұрын пилоттық жобаны жетіл­діріп, практикалық кейстерді пы­сықтай түсу үшін түрлі ұсыныс, тілектер жинады.

Мысалы, Ортсайлауком төрағасы Нұр­лан Әбдіров өңірлерді аралағанда жиын­дарға қатысушылар арасында сауал­­­­­нама жүргізіп, әкімдерді сайлау процесін кемелдендіруге қатысты ой-пікірін сұрастырды. Сонда респондент­тердің 40,3%-ы қашықтықтан элек­трон­ды дауыс беруді енгізуді қолдады. Яғни, қазақстандықтардың үлкен бөлігі сайлау учаскесіне сабылмай, үйде не жұ­мыс ба­сында отырып, дауыс бергенді қолай­лы көреді. Сарапшылар да ауыл халқы­­­ның дауыс беруге баруға күнде­лік­ті тір­­лік­­­тен қолы тие бермейтінін айтып жүр. 

Сұрауға қатысушылардың 80%-ға жуығы кандидаттың мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі және лингвис­­тика­лық емтихан тапсыруы туралы та­лап бол­­ғанын қалайды. Мысалы, әкім қа­­зақ­­ша білмесе, қазақтілді тұр­ғын­дар­ды қалай қабылдайды, олардың мүдде­­сін қалай қорғамақ? 

Бірнеше рет дауыс бермеуі үшін сай­лау учаскелерінде бет-жүзді танып, тір­кейтін Face ID енгізу туралы да ұсыныс болған. 

Аудан немесе облыстық қала тізгінін қолына алғысы келген үміткерлерге тың бастамаларымен, ұтымды жобала­­ры­мен ел көзіне түсуге мүмкіндік бері­­ліпті. Жам­­­­­был ауылының тұрғыны Әмір Ай­­дар­­­ұлының айтуынша, халық кандидат­­­тар арасынан әкімді таңдаған­­да олардың сайлауалды бағдарламала­­­­­рын назарға алды, уәдесі ұнағанына дауыс берді. Бұл ретте сайлау республи­ка­лық деңгейдегі емес, жергілікті дең­гейде болғандықтан, әкім болудан үміт­керлер жалпылама сөз­ден, құрғақ уә­­де­ден барынша бойды ау­лақ салып, жергілікті жұртшылықты мазалаған күрмеулі проблемаларға, нақ­­­ты жоба­ларға назар шоғырландырды. 

Түркістандық еңбек ардагері Сей­діл­­да Тұрлыбеков әкімдерді тікелей сай­лауды бұқара қызу құптап отырға­нын, өйткені ол мемлекеттік қызметте тиімді басқарушыларды іріктеп алып, жоғарыға ілгерілету үшін қажетті «әлеу­меттік лифт­­­­­­­­­­­ке» айналатынын жеткізді. Бұл прези­­­­денттік бастама сонымен бір­ге жер­­­гілікті кадрларды тәрбиелеудің де тиімді бір құралы болуға тиіс. 

Әйткенмен, әкімнің қызметін ба­қы­­­лау тетігі күшейтілгені жөн. Әйт­песе, сай­ланған әкім ел үмітін ақтамаса, оны орны­­нан кетірудің құралдары әлі күнге толық­қанды енгізіліп, регламент­тел­меген.

Ортсайлаукомның мәліметінше, сай­лау балама негізде өтті. Еліміз бо­йын­­­­ша сайлау бюллетеньдеріне жалпы саны 125 кандидат енгізілді.

Халықтың қызығушылығы да жоға­ры болды деуге келеді: сайлау­­шылардың дауыс беру учаскелеріне келуі 62,79%-ды құрады. Сайлаушылар тізіміне 1 062 327 азамат енгізіліп, олар әкім таң­­дау үшін ықтиярын білдіру мүм­кінді­гіне ие болды.

Облыстық сайлау комиссиялары ұсын­­ған мәліметтерге сәйкес, 5 қараша күні өңірлерде барлық 1 491 аудандық және қалалық сайлау учаскесі уақытын­­да ашылды. 

Дауыс беру қорытындысында сай­­лан­­­ған әкімдердің орташа жасы 46,7 жас­ты құрады. Яғни, бұл процесс жергі­лікті би­­­лікті жасартуға да біршама үлес қоса­­­ды.

«Сайлау науқаны республиканың сайлау заңнамасы нормаларының та­лап­­тарына сәйкес өтті. Дауыс беру күні байқауды Қазақстанның 8 500-ге жуық кандидаттың сенім білдірілген адам­да­ры, байқаушылары мен БАҚ өкілдері жүзеге асырды. Орталық сайлау комис­­сиясы осы сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комис­сия­ларына әдістемелік басшылықты, сон­дай-ақ олардың қызметінің «Сайлау туралы» конституциялық заң талап­та­рына сәйкестігін бақылауды жүзеге асыр­ды», – деп хабарлады ОСК.

Кіл озықтан кім озды?

Комиссия 17 өңірдегі тұңғыш аудан-қала әкімдерінің пилоттық сайлауының қорытындыларын жария етті. Басты нә­тижелерді атап өтсек. Абай облысын­да Абай ауданы мен Курчатов қаласы­­­ның әкімі сайланды: жалпы алғанда 4 кан­дидат сынға түсті. Нәтижесінде, Кур­чатов қаласын ары қарай да Болат Абдра­­­лиев басқарады, ол 2023 жылдың 13 мау­­­­­сымында қала әкімі лауазымына тағайындалған еді. Абай ауданының іс басындағы тағайындалған әкімін сай­­ланған әкім ретінде оның орынба­сары Мейіржан Смағұлов алмастырады. 

Ақтөбе облысы әкім сайлауға Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандарын ұсынды. 9 кан­­­­дидат әкім болудан үміттенген. Ха­лық Қобда ауданында – аудан әкімі­­­нің орынбасары Ізгілік Тыным­гереевті, Ойыл ауданында – іс басында­ғы әкімі Асқар Қазыбаевты, Ырғыз ауда­­­нында ау­данның қазіргі әкімі Нұр­лан Қыз­­­­­бер­ге­новті таңдады.

Алматы облысының мәслихаты Бал­қаш, Жамбыл аудандарының әкім­­дері сайлансын деген ұйғарымға кел­­­ген-тін. Олардың тізгінін ұстауға 6 үміт­­кер ын­тықты. Ал сайлаушылар екі шыл­­­быр, бір тізгінді Балқаш ауда­­нын­да – осы аудан әкімінің орынбаса­ры Азат Құтпан­бетовке, Жамбыл ауданын­да іс басын­дағы әкім Нұрлан Ер­тасқа ұстатты. 

Атырау облысында Исатай және Қы­­­­зылқоға аудандарының әкімі тікелей сайланды: 6 кандидат арасынан бірін­шісінде Исатай аудандық мәслиха­­ты­ның төрағасы Нұрым Мусин, екіншісін­де іс басындағы әкім Қанат Азмұханов жеңіс­ке жетті. 

Батыс Қазақстан облысында Бөкей­ордасы, Қаратөбе, Тасқала аудан­дары­­ның әкімі лауазымы үшін 9 үміткер та­ласты. Қорытындысында, Бөкейор­­дасы ауданында – әкім Нұрлыбек Даумов, Қара­­төбе ауданы бойынша әкім Қадыр­жан Сүйеуғалиев өз орнын сақтап қал­ды. Тасқала ауданында сайлаушылар әкім лауазымына қазіргі әкімінің орын­басары Талғат Шәкіров лайық деп таныған көрінеді.

Жамбыл облысындағы сайлау қо­­рытындысында Жуалы ауданының бас­шылығында – әкім Жалғас Мұртаза, Т. Рыс­құлов ауданында қазіргі әкім Ер­­нар Есіркепов қалып, ел сенімін одан ары ақтауға мүмкіндік алды. 

Жаңа Жетісу облысында Кербұлақ, Сарқан аудандарының әкімдерінің сайлау ұсынылды. Сайлаушылардың көп­шілігінің дауысын іс басындағы әкімдер – Қанат Есболатов пен Ғалым­жан Маманбаев иеленді.

Облыстық сайлау комиссиясы Қа­ра­ғанды облысының Приозер қала­сын­дағы, Ақтоғай және Осакаров ау­дан­да­рын­­дағы әкімдер сайлауының қо­­­­­­­­­­­ры­­­­­­­­­­­­­тын­­дысын жария етті. Приозер қаласында – осы шаһар әкімі орынба­сарының міндетін атқарушы Мансұр Ахметов, Ақтоғай ауданында – аудан әкімі Руслан Кенжебеков, Осакаров ау­данында да қазіргі басшысы Руслан Нұр­­­­­­мұханбетов дауыс берушілердің ықы­­­­ласына бөленгені тіркелді. 

Көп әкім сайлаған өңірлер қайсы?

Ақмола облысында Ақкөл, Астра­­хан, Есіл, Жақсы, Шортанды аудан­­дары­­­­ның әкімдері сайланды. Жарыс жо­­­­­лына 12 кан­­­­дидат шықты. Сайыс қо­­рытынды­­сында халықтың таңдауына сай, Ақкөл ау­данын енді Біржан Әбді­рах­­манов (бұған дейін Ақкөл ауда­ны әкімінің орын­басары болды), Астрахан ауданын – Талғат Ерсейітов (Бұланды ауданының әкімі), Есіл ауданын – Се­рік Балжанов («Бейсен-1» ШЖС дирек­торының орын­басары), Жақсы ауда­нын – Алмагүл Қадыралина (Жақсы ауданының әкімі), ал Шортанды ауда­нын Сағындық Шаба­­­ров (осы ауданы­ның қазіргі әкімі) басқа­­­ратын болады.

Қостанай облысы да ең көп әкім сай­ланған өңірдің біріне айналды: Ал­тынсарин, Денисов, Қарабалық, Фе­доров аудандарының және Рудный қа­­ла­­­­­­сының әкімін, яғни бірден бес бас­­­­­­шыны халық тікелей сайлады. Сайлау қо­рытындысында жалпы саны 15 үміт­­кер­дің арасынан Алтынсарин ауданын­да – қазіргі әкім Арнұр Сартов, Денисов ауданында – аудан әкімінің орын­басары Руслан Қатпаев, Қараба­­лық ауданында – әкім Руслан Халыков, Федоров ауданын­да – әкім Тауба Иса­баев, ал Рудный қаласында іс басындағы әкім Виктор Ионенко озды. 

Қызылорда облысында Сырдария, Шие­лі аудандарының тұрғындары өз әкімін сайлап алды. 6 кандидат ішінен іс басындағы әкімдер: Сырдария ауда­нында – Берік Сарменбаев, Шиелі ау­данында Нұржан Ахатов сайланды.

Маңғыстау облысында Бейнеу ауда­нының әкімі ғана сайланды: дауыс беру қорытындысында 3 үміткер арасынан аудан әкімінің орынбасары Рахымжан Шалбаев халық қалауына айналды. 

Павлодар облысының жұртшылығы Ақтоғай, Железин, Шарбақты ауданда­ры әкімдерін таңдады. Үшеуінде де жер­гілікті әкімдер аппара­тының қыз­меткер­лері алдына қара салмапты: Ақ­тоғай ауданында – Қаршыға Арынов, Же­лезин ауданында – Айтуған Шайхи­­­­­мов, Шарбақ­­ты ауданында Сержан Иман­­құлов сайланған әкім мәртебесін иеленді. 

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл, Мамлют, Тимирязев аудандары­ның әкімдері сайланды. Бұл лауазым­дарға 8 кан­дидат қызығушылық білдір­се, солар­дың арасынан Есіл ауданының әкімі бо­лып ауданы әкімінің орын­басары Мереке Мұхамедияров, Мам­лют ауданының әкі­мі болып Елена Сте­­­­­паненко (осы аудан әкімінің орын­ба­­­сары), ал Тимиря­зев ауданының әкі­­­­мі болып іс басындағы тағайын­далған әкім Ерлан Жаров сай­ланды.

Түркістан облысындағы Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандары әкімдерінің сайлауы қызу өтеді деп бол­­­­­жанған. Бірақ онда бір орын үшін 3 кан­­дидаттан бәсекелесті. Нәтижесін­де, Бәй­дібек ауданы сайлаушылары әкім ретінде ERNUR корпорациясының директоры Ерлан Нұрмахановты, Мақ­та­­­арал ауда­нында – әкім Бақыт Аса­­­новты, Созақ ауданында – әкім Мұхит Тұрысбековты, Шардара ауданында аудан­­­­­­­дық мәслихат төрағасы Арман Қарсыбаевты таңдады.

Тағы бір жаңа, шағын облыс Ұлытау өңірінің Ұлытау ауданының тұрғындары өз әкімі ретінде 3 үміткердің ортасынан іс басындағы әкім Аманжол Мырза­­­­­­­беков­­ті сайлады. 

Шығыс Қазақстан облысында Ал­тай және Глубокое аудандары да «өз әкі­­­­мін халық тікелей сайлайтын» елді мекендер санатына қосылды. 5 қараша кү­ні өз ық­­тия­р­ын білдірген жергілікті сайлаушы­­лар Алтай ауданында – аудан әкімінің міндетін орындаушы Ренат Құрмамбаев­қа, Глубоковскийде аудан әкімі Елдар Тума­шиновқа сенім ман­­датын беріп, жы­лы креслосында қалды­­­руға ұйғарып­ты. 

Заң бойынша еліміздегі үш мегапо­лис­тің – Астана, Алматы мен Шым­кент­­­­тің әкімдерін тұрғындар тікелей сай­ламайды. Бұл тұрғыда басқа тәсіл қол­­­­­­­­да­­нылады. Өңірлерге қатысты сая­сатқа жауап беретін Ұлттық эконо­мика министрлігінің түсін­діруінше, Прези­денттің бастамасымен және Жарлығы­мен, республикалық маңызы бар қала­лардың және Астананың әкімі лауа­­­­­­­­­­­­­­зымына кемінде екі кандидатура ұсыны­лады. Мәслихат депутаттары со­ның бірін таңдайтын тәжірибе енгізілді. Сөйтіп, мәслихаттың рөлі мен оның шешімдер қабылдауға қатысуы артты.

Енді мегаполистердің ішіндегі аудан әкімдеріне де осы тәсілді қолдану ұсы­нылуда. Осы мақсатта «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына» түзетулер әзірленген. 

«Елдегі реформалардың облыстық және республикалық маңызы бар қала­­лардағы аудандардың әкімдеріне әсері болған жоқ. Бүгінде мәслихаттар жоға­ры тұрған әкім ұсынған жалғыз канди­­да­­­­ту­­­­раға келісуге мәжбүр. Басқа­­­ша айт­­­қанда, мәслихат депутаттарында таң­­дау құқығы жоқ. Осыған байланысты облыс әкімде­ріне ұқсастырып, қалалар ішіндегі әрбір ауданның әкімін таға­йын­­­дау тәртібін ішінара қайта қарау ұсынылады», – деді Экономика ми­нистр­­­­­­­­­лігі. Демек, саяси жаңғыру жалға­сатынға ұқсайды.

Қорыта айтқанда, 5 қарашадағы ау­дан-қала әкімдерінің сайлауы жергілікті саясаткерлердің жаңа генерациясын қалып­­­­тастыру, оларды жұртшылық ара­сында белгілі ету және халық алдында жауапты, есепті ету жолындағы маңыз­­ды қадам болды. Мұның бәрі мемлекет­­­тілікті нығайтуға, елдің тұтастығын кү­шейтуге қызмет еткені жөн. Ел бір­­­­­­­лі­гі – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі. Сондықтан жаңа сайланған әкімдердің ырысты ынтымақ, тың күшпен білек сыбана жұмыс істеп, елдің өркендеуіне сүбелі үлесін қосқаны қажет.

Айхан ШӘРІП