Тәрбиелі, білімді, ұлтжанды жастың қолында.
Кемел елдің келешегі
991
оқылды

Кен кеудесінен қазына төгіп, ұрпағына тәрбиенің таза шырынын ұсынған, тәлімнің мөлдір тұнбасын тартқан кешегілердің алтын арнасынан ажырап қалмасақ та, сүрлеу-соқпағына тұтас ел болып түсе алмай жүрміз. Тіршілікпен күнелтіп, жаһандану көшінде жанұяны асырау қамымен жүрген көпшілік бесіктен түлеген талшыбықтай өскініне өміршең өнегені тұтастыра термелеуден қалып барады. Әженің ертегісі, атаның нақылы, әке-шешенің ақылы аз айтылуда. Соның салдарынан тәлімнен тасырқап, тәрбиеден тосырқап қалған жас жеткіншектердің теріс әрекеті ауық-ауық көрініс беріп жататыны жасырын емес.

Ата жолын ардақтап, далалар мен ділмарлардың дәстүрлі тағылым мектебінен өскіндерді тояттату бүгінгі күннің ең бір алтынөзек ісі іспетті. Мектеп жасындағы балалардың ойсыз қылығы, оспадарлық ісі көрініс беріп жататын қоғамда желегі барқыт жастарға тағылым-тәрбие беруге міндеттіміз. Осы орайда облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың идеясымен менторлық жоба қолға алынды. Жаңа оқу жылында басталған аталмыш жоба аясында мектеп оқушыларымен жүздесіп, оларға ұлттық құндылықтарды, тарих пен әдебиет, мәдениет пен өркениеттің озық үлгісін көрсеткен бабалар өмірінің өнегелі тұсынан сыр шертіп, бүгінгі таңдағы қазақ азаматының қандай болуы керек деген сауал аясында толғамдар айтылып, телегей дәріс оқылып келеді.

«Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жоба аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Амангелді Толамисов арнайы іссапармен Жетісу жеріне келіп, бірқатар мектепте дәріс оқыды.

Отбасы құндылығы, жастардың қоғамдағы орны мен салмағы, мақсаттың айқын, арманнын ақық болуы, ұлтты сүю, тілге қызмет ету тұрғысында айрықша тебіренген сенаторлар Талдықорған қаласындағы №15, №22, Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25, Сайын Мұратбеков атындағы №9 орта мектептерінде болып, 8-11-сынып аралығындағы оқушыларға мәйекті, мазмұнды дүниелерді айтты.

– Тағдырдың талайын көрмей жатып жастығына налыған Джек Лондон ұрлық-қарлық жасап, қылмыс атаулы дүниенің шырмауына батты. Теңіз кешіп, мұхит басты. Осылайша тіршілік ете бастаған жас таланттың көкірегінің көзі ашылып, бір ауық өзімен-өзі кеңескен сәтте әріп танып, білім алудың қажет екенін түйсінген. Сөйтіп 19 жасында өздігінен әріп танып, кітапқа бас қояды. Білімін жетілдіру, қатарға ілесу үшін тәулігінің 19 сағатын білімге арнаған. Осылайша талантына қамшы басқан Джек, алғашы әңгімелерін де қағаз бетіне түсіре бастайды. Алайда алғашқы жазған дүниелерін жарамсыз деп тапқан редакциялар оның десін қайтарған. Бақандай 650 рет Джектің шығармасын жарамсыз деп тауып, қайтарған ғой, – деп оқушыларға ойлы жанарын қадаған ҚР Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылыми комитетінің төрағасы Нұртөре Байтілесұлы ары қарай ойын сабақтады. Арада санаулы жыл өткенде Джек Лондон әлемге әйгілі жазушы қатарына қосылғанын айтып, адамды мұрадым-мұрат, берік мақсат, айқын арман жетелейтінін, адам жасынан білім, еңбек, тәрбиені ұштаған еткенде ғана биік шыңға шығатынын айшықтады.

Өз кезегінде ментор дәріскерлері бүгінгі таңда жастар мамамандық емес грант таңдайтынын жеткізді. Түрік халықтары ішінде 80 млн. астам халқы бар түріктен емес, 30 млн. астам өзбектен емес, ұлан-ғайыр жері болса да саны шағынан бауырлас жұрттан аз қазақтан үш бірдей ғарышкер шыққанын айтты. Тектіліп пен ептілік, ерлік пен өрліктің сан мың көрінісін тарихына таңбалаған, қаны таза, жаны ақ қазақ халқының шекарасы шегенделген ел екенін, сол шекарамыздан аттаған қонақтар жастарға қарап қазақ халқының бүгінін болжайтынын, тәрбиесін, өнегесі мен өркениетін топшылайтынын атады. «Кіндігі ашық, алқам-салқам күйде жүрген, еліктеу мен солықтау сорабына түсіп ата дәстүрінен алшақ кеткен жастарға қарап ұлттық тамырынан ажыраған ел екен деп баға бермесіне кім кепіл бола алады? Сондытан Қазақстандағы әрбір жасқа (ұлты басқа болса да) қарап, қазаққа баға беретінін ұмытпау керек», – деп тебіренді.

Әкенің тәлімі өміршең, ананың батасы баянды екенін айшықтаған Амангелі Ғабдылкәрімұлы отбасы құндылығын құнттаған ұрпақтың қоғамнан, өмірден алар орны биекте екенін жеткізді. Әрбір жастың өмірі мен еркіндігі өзінде болғанымен, оның жақсы азамат, тәрбиелі маман болуы қоғамға өз әсерін тигізетінін, «баласы жақсы қандайды» дегендей, қазыналы азамат ана-ананың да ұлы мақтаныш сезімін оятатынын, сондай биікке әрбір оқушы талпыну қажеттігін айшықтады.

– Адам кітаптан да, кинодан да тәлім алады. Кітапты парақтап тарақтау емес, тармақтап танып тамырға сіңдірген дұрыс. Киноны көру емес, өмірмен сабақтастыра-салыстыра отырып санаға пайым қалыптастыру маңызды. Бірде американдықтар түсірген киноны көрдім. Басталып кетіпті. Сол киноның жалпы сюджеті былай: жарылыс болатынына байланысты қабілеті бар оқушыларды іріктеп аламыз деп ескереді. Сосын 25 оқушының ішінен тек қабілетті деп тапқан 10-ын аман алып қалу үшін арнайы азық-түлігі бар бөлмеге қамайды. Сол іріктеуде өзге салаға ынталы жастардың арасынан ақын мен музыкаға қабілетті оқушыны атып тастайды да, қалғанын әлгі бөлмеге қамайды. Келесі сынақта да дәл солай ақын мен музыкаға үйір жанды оққа таңады. Арып-ашып аштыққа, тар бөлмеге шыдай алмаған қабілетті жастардың келесі сынағында бір жас суырылып шығып, ақын мен әншіні атқызбай әлгі ондықтың қатарына қосады. Сонда бастапқы сынақтан бордай тозғандардай емес, әлгі ондық бұл жолы қандай қиыншылыққа болсын шыдас береді. Өйткені рухы семіп бара жатқанда жырмен жігер, әнмен шабыт беретін ақын мен әнші қатарында бар еді, – деген Нұртөре Жүсіп бұл мысалдан өнер мен өмір өзектес екенін аңғаруға болатынын жеткізді. Қашанда өнері өрістеген елдің жастары білім, тәрбие, өнер мен өнегеге иек сүйегенде ғана қандай тайғақ кешу жол болса да, одан есен өтетінін, қиындықты еңсеретінін айшықтады. «Ол үшін әрине алдымен өнегелі, тәрбиелі, білімді болу жолында аянбай маңдай терді шүмектету ләзім», – дейді сенатор.

 «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасының спикерлері жетісулық жастардың танымын кеңейтер тарау-тарау толғам жасды. Бірі басқа адамдық сапаға көтерілу үшін ең алдымен тәрбиенің маңызды екенін, ұлыларымыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп тұжырым түйгенін жеткізсе, екіншісі баба жолынан айнымайтын берік ұстанымды оқушы жастан санаға түйу маңызды екенін айшықтады. Қоғамда көрініс беріп жатқан электоранды темекі секілді адам өміріне балта шабар зиянды заттардан аулақ болып, ұрлық-қарлық, өсек пен өтірік, жеке тұлғаның құқығына қол салушылық секілді дүниелерден жастар таза, мөлдір болуы, ата-ананы ардақтауы, ұстазды ұлағаттауы қажеттігін атады. Сонымен қатар, оқушылық кезеңді пайдалы, тімді өткізіп, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбеков сынды классиктердің ғажайып шығармашылығымен сусындау керектігін, өмір сүзгісіндей мөлдір туындылар адам тағдырына ерекше әсер беретінін, танымын кеңейтіп, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыратынын да қалыс қалтырмады. 

Еркін форматта өткен жиында сенаторлар «Кітап оқисыздар ма?», «Күлдіреуіш деген не?» сынды сыни сұрақтар арқылы олардың танымы қай дәрежеде екенін салмақтап көрсе, оқушылар да өздерін толғандырған сауалдарды қойды. Осылайша өз дәредесінде өрнек тапқан тағылымдамадан оқушылар түгілі біз де өнеге түйіп қайтқандай болдық.

Айта кетерлігі, қарымды қаламгер-журналист, сенат депутаты Нұртөре Жүсіп өзі дәріс оқыған мектептерге «Мың құмырсқа және біз» кітабын сыйға тартты.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ