Еліміздегі өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар отыратын жалғыз мекеме бар: ол – «Қара бүркіт» түрмесі.
«Қара бүркіт»: өмір мен өлім арасы
Анар Қоныс
5,524
оқылды

Мұнда аса ауыр қылмыс жасап, қатаң жазаға тартылған педофил, маньяк, каннибал және террористер отырады. Қылмыс істегеннің жазасы ауыр, оған – кешірім жоқ. Ал өмір бойы темірторға телміргендер ше, қатесін сезіне ме?

«Қара бүркіттің» жыры...

 «Қара бүркіт» атауымен елге белгілі түрменің ресми атауы – ҚР ІІМ ҚАЖК Қостанай облысы бойынша ҚАЖД «№39 мекеме». Яғни, 2004 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар ең қатал режимдегі УК-161/3 төтенше қауіпсіздік мекемесінде тоғытылған.  Колония Ресеймен шекаралас жерде, Қостанай облысындағы Жітіқара моноқаласынан 30 шақырым жерде орналасқан. Қостанайға табан тіреген бізді қаланың орталық алаңынан жергілікті «Қыран» атты такси қызметі қарсы алды.  

710 нөмірлі сұр Mazda-ға бас сұға бергенімде: «Сәлеметсіз бе, мен сізді күтіп тұрмын» деді орыс шопыр орысшалап. Қуанып,  көлікке отыра кеттік. Қалашықтан шыға бере,  шопыр  бұрылып: «Қара бүркітке» апаратын жолды білетін шығарсыз?» деп сұрады. «Мәссаған!». Таңданысымды жасыра алмағаным байқалып қалды. Шопыр да жергілікті жерді білмейтінін, Ресейден жақында қоныс аударғанын жеткізіп:  «Ештеңе етпейді, навигатор бар, қазір-ақ жетіп барамыз» деп ақтала жөнелді.

Жол алыс, интернет желісіне қосылу мүмкін емес. Қаладан ұзаған соң-ақ, телефон желісі үзіліп қалды. Шопыр сасқанынан бір-екі танысына хабарласып, жол сұрап еді, олар да білмейтін болып шықты. Ақырында  көлікті жіберген түрме қызметкеріне хабарласуға тура келді. Онымыз да сәтті болмады. Айнала жазық дала. Жан баласы көрінбейді. Жол ортада жанар-жағармай бекеті кездесті. Екі жігіт көлігімен аялдап тұр екен. Шопыр көлікті тоқтата сала, секіріп түсіп, оларға жылжыды. Сөйтіп, біреуі қол сермеп, жолды бағыттағандай болды. «Жіті қара» төбесін бетке алып, ақырын жылыстай бердік. Ал бізді мекеме алдында бір топ түрме қызметкерлері күтіп алды.

 189 қылмыскер – өмірлік жазаға кесілгендер

 Шынын айтқанда, бұл мекемеге кездейсоқ қонақтар келе бермейді. Мұнда жиі кіретін  – тек қызметтік көлік қана. Оның өзі қызметкерлерді таңғы сағат 7-де әкеліп,  кешкі жетіде үй-үйге жеткізіп салады. Өзге көліктің ізі де бұл жолға түсе бермейді.  Оның үстіне, маньяк, кісі өлтіргендер, адам жегіштер, педофилдердің де соңғы тұрақтайтын жері – «Қара бүркіт».

Осындай мекеменің түзде болғаны да дұрыс шығар. Мысалы, қыздардың етінен тұшпара жасап жеген алматылық каннибалдар Михаил Вершинин, Евгений Турочкин, алматылық атқыш Руслан Күлекбаев осында қамалған.  Бірақ 2020 жылдың 24 қыркүйегінде Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланып, олардың жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылған. 

«Қара бүркіт» түрмесінің басшысы Дархан Нұрекешовтің айтуынша, мекеме әуелде 930 адамға арналған жалпы режимдегі еңбекпен түзеу колониясы (ИТК-21) ретінде тұрғызылған. Кейін 2004 жылдың 21 мамыр айынан колония арнайы режимге ауыстырылды. Сөйтіп, өмір бойына жазаланғандардың алғашқы легі осында түсе бастаған.

– Қазір бізде сотталғанның саны 248-ге жетті. Оның 189-ы – өмірлік жазаға кесілгендер. Қалған 59-ы – өз жазасын шаруашылық қызметте өтеп жүргендер. Президенттің тапсырмасына сай мораторий жарияланып, өлім жазасы мүлдем жойылған болатын. Нәтижесінде, өмір бойына жазаланғандар мекеніне айналды. Мұндағы ең жас қылмыскер 1997 жылғы болса, үлкені – 1949 жылғы. Соның ішінде өз қылмысын мойындамағандар  да бар, – дейді Дархан Нұрекешов.

Мекеме басшысының айтуынша, «Қара бүркіт» түрмесіне жылына 15-20 адамдай түсіп отырады. Оның бәрі – асқан қатыгездікпен қылмыс жасағандар. «Қазір көбіне Қылмыстық кодекстің 121-бабы «сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті», яғни педофилия ісі және 99 бап адам өлтіру бойынша түсіп жатыр. Ал терроризм мүлдем жоқ, ең соңғысы – Ақтөбедегі жағдай ғана» деген мекеме басшысы соңғы кезде педофилизмнің белең алғанын сөз етті.

– Соңғы 5 жылда өмірлік жазаға кесілгеннің арасында педофилия көбейген. Өйткені бүгінде түрмеге түскен қылмыскердің көбісі осы үшін жазасын өтеп жатыр. Мұндай қылмысқа не үшін, неге баратынын түсіне алмайсың. Психикалық ауытқушылық бар десек те, арасында өз қылмысын мойындамайтыны да жетіп артылады. Бірі – мастықтың кесірі десе, екіншісі – дүние-мүлікті өзіне алып қалу мақсатында жала жапты дейді. Кімнің айыпты-айыпты емес екенін біз тергемейміз. Біз тек шығарылған үкімді орындаймыз. Мысалы, Түркістандағы көршісінің 5 жасар қызын зорлаған педофил мен өзінің үш баласын саналы түрде балталап шауып өлтіріп, оны бейнежазбаға түсірген ақтаулық қылмыскер жақында бізге әкелінді. Осындай жантүршігерлік қылмыс жасаған қылмыскердің бойында қатыгездік болмауы мүмкін емес. Әрине, заң бойынша терроризм мен педофилизмге шартты түрде мерзімінен бұрын босату қарастырылмаған. Дегенмен  заңдық тұрғыда олардың құқығын теңестіру арқылы бүгінде қылмыскерлердің өз ішінде педофилия ұрлықшыдан қадірсіз саналмайтын болған, – дейді «Қара бүркіт» түрмесінің басшысы Дархан Нұрекешов.  

 Қылмыскерлердің күн тәртібі

Жоғарыда айтқанымыздай, колонияда кездейсоқ қонақтар бола бермейді. Тек қызмет бабымен не болмаса сотталушылармен кездесуге келгендерді кездестіре аласыз. Онда да ол бірнеше тексеруден өтеді.

 Мекемеде бірден үш бөлімше қызмет атқаратынын байқамау мүмкін емес. Колонияның аумағын Ұлттық ұланның жауынгерлері күзетеді, олар тұтқындарды қарауылдап, алып жүреді. Ал мекеме ішінде тек келісімшартта істейтін тәжірибелі әскерилер қызмет етеді. Сырттағы қарауылға жедел қызмет сарбаздары жауап береді. Түрмедегі жедел және тәрбие жұмысы Қылмыстық-атқару жүйесі офицерлерінің мойнында екен. Сонымен қатар екі бөлім де бір-біріне бағынбайды.

  – Түрмеде барлығы 400-дей адам жұмыс істейді. Әркімнің өзіне жүктелген қызметі бар. Атап айтсақ, оның ішінде психолог, жасақ бастығы, күн тәртібін бақылаушы, тыйым салынған заттардың кіріп кетпеуін қадағалайтын қызметке дейін бар. Тіпті, Ұлттық ұлан жасағының ең үлкен бөлімшесі – осында. Білуімше, 900-дей сарбаз, – дейді тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Аманжол Ахметов.

Бірнеше күзеттен өткен соң алдымыздағы үш корпустың жаңасына бет алдық. Есікті ашып, бізді қабылдаған күзет камера жаққа өткізді. Үш жігіттің бірі итпен жүр. Қызметкерлердің айтуынша, әлгі ит күзеттегілерге шабуылдамайды. Камерадан қылмыскер шығарда күзет түгілі иттің өзі бойын тіктеп, сақтықпен қарап, көзін алмайды. Ал камера есігін ашпас бұрын күзеттегілер «Қолдарыңды көтеріңдер!», «Алақанды сыртқа қаратыңдар!», «Сапқа тұрыңдар!» деп айқай салады.  Дәл камера есігінің жанында матамен қапталған қоржын ілулі түр. Қызметкердің айтуынша, оның ішінде сақал-мұртты қыруға арналған құралдар салынған. Әрбір қылмыскер қырынар кезінде сұрап алады екен.  

Камераның есігі ашылып, ішіне енгенде тағы да темірторға тірелесіз. Іштегі қылмыскерлер қолдарын көкке көтеріп, алақанын сыртқа қаратып, сапта тұрғанын байқайсыз. Оларға еркін жүріп-тұруына рұқсат берілмегенге дейін сол қалпын сақтайды.

Аманжол Ахметовтің айтуынша, сотталушылар «Қара бүркітке» түскенде ең алдымен оларды медициналық-санитарлық бөлім қарайды. Дәрі-дәрмекпен қамтылған бөлімшеде сотталғандарға ғана емес, қызметкерлерге де алғашқы көмек бере алады. Сотталғандар толығымен медициналық тексеруден өткізіліп, жуынып-тазаланады. Артынан психологтер олармен түсіндіру жұмысын жүргізеді.

 – Қатаң жазадағы түрмеге түсіп, өмірінің соңына дейін қалатынын түсіну, оған көндігу – кез келген қылмыскерге ауыр. Сондықтан алғашқы 15 күндей олардың бейімделу үшін психологтер сөйлесіп, барынша түсіндіруге тырысады. Негізі бір камерада үш немесе төрт адамнан отырады. Сол себепті алдымен қылмыскерлердің психологиялық портретін жасап, бір-біріне сәйкес келетіні-келмейтіні анықталады. «Бір ата-анадан ала да, құла да туады» демекші, әрбір адамның мінезі әртүрлі ғой. Сондықтан бір-бірін түсінетін, бір-біріне сай келетіндерді бір камераға отырғызуға тырысамыз. Бас-көз жоқ, бәрін бір жерге қамай салмаймыз. Өйткені қуықтай жерде отырған соң, теледидардағы қосылған арнаға бола дау шығуы мүмкін. Осының бәрін алдын алуымыз керек, – деді тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасар.

 Аса қауіпті қылмыскерлердің қапастағы күндерінде айырма жоқ. Күнбе-күн бір нәрсе қайталанады. Таңғы сағат 6.00-де ояна салып, төсек-орнын жинайды. Жуынып алып, жаттығуын жасайды. Таңғы астан кейін тексеру жүреді. Артынан оларды дәрігерлер қарайды.

Бір камерадан шығып, екіншісіне кіріп жүрген дәрігерді өзіміз де байқап қалдық. «Біздің мекеме, яғни сотталушылар аудандық орталық емхананың қарауына бекітілген. Мамандар уақытылы тексеріп тұрады.  Тіпті, облыстан хирург келіп, жаза өтеушіге ота жасаған» деген Аманжол Ахметов олардың кешкі сағат 10-дарда сотталушылардың тіршілігі тоқтайтынын айтты.

  – «Адам үш күнде көрге де үйренеді» демекші, басына түскен іске адам баласы көндігеді. Өзіне-өзі қол салу фактісі болған емес. Себебі  психологтеріміз олармен күнбе-күн сөйлеседі. Әңгіме барысында сотталушының көңіл күйі бұзылса не болмаса мамандар бір нәрсеге сескенсе, бірден бақылауға алып, себебін анықтауға тырысады. Арасында сотталушының қобалжығаны, мазасыздығы, депрессияға түскенін білу үшін тест өткізіледі, – деді Аманжол Ахметов.

Анасын 25 жылдан кейін көрді

 Күніге үш уақыт тамағынан бөлек,  жұмасына бір рет моншаға түседі. Апта сайын киімдері ауыстырылып, жуылады. Өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға серуенге күніне бір рет бір-бір жарым сағат берілген. Онда да көк аспанды темір тордан тамашалайды.

– Мысалы, жұмасына бір рет жақындарымен сөйлесуге 15 минут беріледі. Телефонмен әңгімесі де бастан-аяқ тыңдалады. Сотталушының көңіл күйі бұзылып, дауыс көтере бастаса, мамандар қоңырауды үзеді. Мүгедектігі бар не болмаса денсаулығына байланысты келе алмаса Skype арқылы сөйлесе алады. Үйден келген хаттың өзі тексеруден өтеді. Мәселен, қаралы хабар болса, алдымен сотталушымен психолог сөйлесіп, оны дайындайды. Осыдан кейін ғана хатты қолына ұстатамыз, – деген тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Аманжол Ахметов аса ауыр қылмыскерлердің  ағайын-туғанымен сөйлесу үшін әуелі бастыққа өтініш жазатынын айтты. – Сотталушы кімге, оның оған кім болатынын көрсетеді. Сол мәліметтер толығымен тексерілген соң ғана сөйлесуге немесе кездесуге рұқсат беріледі, – деді ол.

Әркім өз кезегімен келсе, күніге 10-12 адам сөйлеседі. Кейбір сотталушы шалғай жақтағы туысын әуреге салмас үшін екі сағат Skype-пен немесе видеомен сөйлесе алады. Онда да сотталушыны сөйлесуге арналған бөлмеге әкеледі. Сөйтіп, темір тормен қоршалған бұрышқа отырғызып, есіктің сыртынан құлып салынады.

Жақындарымен жүздесу жеңілдетілгендерге жылына екі рет, ал қалыпты жағдайдағылар бір рет жүздеседі. Осы жаздан бастап оларға ұзақмерзімді кездесуге рұқсат берілген. Енді жазаланушылар екі күнін жақындарымен өткізе алады. Соған арнайы тамақтанып, тынығатындай 2-3 бөлмеден тұратын орын жасақталған.  Біз барған күні 2 күндік кездесуге ридерлік ана баласын іздеп келіпті.  Бізді көргеннен бірден суретке түсуден бас тартты. Бөлмеде теледидарға дейін қосылған. Ал дастарқан басында ананың өзімен көтеріп әкелген тамағы тұр. Жақында ғана Челах та осындай кездесуде болыпты. Бірақ ол БАҚ-пен кездесіп, сұрақтарына жауап беруден бас тартқан екен.

Аманжол Ахметовтің айтуынша, қылмыскерлердің бұл кездесуі де психологтің дайындығы арқылы өтеді. Жақындарымен жүздескеннің ең алғашқы легі  – түрмеге 2004 жылы түскендер. Мысалы, қылмыстық топ құрғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Х. есімді азамат анасын 25 жылдан көріпті.   

– Ұзақмерзімді кездесуді ауыр қылмыспен алғашқы жылдары түскендерден бастадық. Ата-аналар балаларымен кездескенге сенбеді. Олар бұған дейін кездеспеді емес, жүздесті. Бірақ қысқа кездесуде қылмыскер  темір тордан шықпай, бір-біріне жақындай алмады. Ал ұзақ кездесуде бір-бірін көріп қана қоймай, қолынан ұстап, құшақтады. Сонда әлгі қылмыскердің анасы ұлын құшағына алып, иіскесе де онымен кездескеніне сене алмады. Бүгінде 30-дан аса сотталған ағайын-туғанымен кездесе алды. Жалпы, өзгерістер енгеннен бері сотталғандардың тәртібі жақсарды. Қандай да бір себеппен тәртіп бұзса, әуелі түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Қайталаса, ескерту беріледі. Егер оған да түзелмесе, телефонмен сөйлесу мен жүздесуден айырылады, – дейді Аманжол Ахметов.

Оның айтуынша, осындай жүздесулер отбасылық байланысты нығайтуға ықпал ете түсті. «Бұрын бостандығынан айырылған сотталушы көбіне әйелімен ажырасып кететін. Соңғы кездері ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы жандана түсті. Қазір телефоннан сөйлескеннен-ақ олардың бір-біріне сағынышы байқалады», деген тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары  сотталушылардың әйелінен гөрі әке-шешесі, бауырлары мен балалары көбірек іздеп келетінін тілге тиек етті.

– Сотталушы қандай қылмыс істесе де, ағайыны мен туған-туысы одан қол үзбейді. Керісінше, Ақтау, Алматы, Шымкент секілді еліміздің түкпір-түкпірінен іздеп келіп, кездесу сұрап жататыны қаншама?!, –  деді ол.

Жұмыс істеп, дүкеннен сауда жасайды

 Әр корпуста бейнекамера бөлмесі бар. Онда бір адам сотталғандардың камерасында не істеп отырғанын бақылап отырады. Әр камераның төбесінде бейнекамера  орнатылған. Әр камерада 3-4 сотталушыдан отырады. Өмір бойы сотталғандардың ішінде орта білім алмай қалғандар да жоқ емес. Мекеме оларға білім алып, маман атануына да мүмкіндік жасаған.

– Мектеп аттестатын алуға оқып жатқан бір тобымыз бар. Оның 18-і – өмір бойына сотталған болса, екеуі – шаруашылық қызметте жүрген қылмыскер. Олардың бәрі – адам өлімі үшін жазасын өтеп жүргендер. Ең алдымен қылмыскердің ісін қарап, мектеп бітірмегеннің құжатын реттеп, білім алуына мүмкіндік жасаймыз. Олар – аттестат алуы міндетті. Ал колледжді әркім қалауына қарай оқиды, – дейді қылмыскерлер арасында тәрбие әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Асылхан Шакаев.

Оның айтуынша, Білім министрлігінің қолдауымен жергілікті колледж сотталушыларға  газ бен электр дәнекерлеуші мамандығын алуға көмектеседі. Оның үстіне, олар тегін оқытылады.

«Бұл пилоттық жоба биылдан бастап қосылды. Қазір топта 20 шақты адам бар. Олардың бәрі – өмір бойына бостандығынан айырылғандар. Негізі оқу – 10 айлық. Жітіқаралық политехникалық колледждің ұстаздары осында келіп оқытып жатыр. Әзірге сотталушылар теориялық білім алуда, артынан тәжірибе алмасады.  Алдағы уақытта оқитындар легі көбейер, сөйтіп пайдаға жарар деп үміттенеміз», – деді Асылхан Шакаев.

Тіпті, түрме ішінде жеке кәсіпкер «Желінбеков» тігін цехын ашқан. Олар спорттық киімдер үлгісін тігіп, оны базарда сатады. Сотталушылардың жұмысымен танысуға барғанда 5 адамның жұмыс істейтінін көрдік. Кіргеннен сотталушылар бір дауыстан «Сәлеметсіз бе, бастық мырза!» деп сәлем берді. Ішіндегі кішісі жұмыста қанша адам және кімнің барын айтты. Рұқсат бергенге дейін өздерінің қалыпты сапты сақтап тұрды.

Бас тігіншінің айтуынша, күніне 4-5 киімнен тігеді екен. «Әрқайсысының өзіне жүктелген міндеті бар. Бірі қалтасын тіксе, бірі  белбеуін шығарады.  Бір костюм 3-4 сағатты алады. Ал күніне 4-5 киімнен тігіп отырамыз», – дейді ол.

– Бізде тек бір тігін цехы бар.  Өзі 2021 жылдан бастап ашылды. Сол кезде өмірлік жазаға тартылғандардың жұмыс істеуі – тарихымызда бірінші рет еді. Басында бір ғана қылмыскердің тігіннен хабары бар болып шықты. Ол қасына 2-3 адамды алып, оларға тігуді үйретті. Сөйтіп арасынан жақсы тігіншілерді таңдап, тігін цехына жұмысқа тұрды. Негізі кез келген сотталушы жұмыс істей алады. Бірақ алдымен біз олардың психологиялық тұрғыда қаншалықты дайын екенін тексереміз.

Қазір олар спорттық костюмді, жылы киімді тігіп жатыр. Кәсіпкердің өзі екі рет келіп, қажетті материалы мен тігін машинкасын әкелген. Егер іс осылай қарқынды жүрсе, оны ұлғайтпақ ойы бар. Төрт қабырғада қамалып,  қол қусырып, бос отырғаннан гөрі олардың бірдеңемен айналысқаны дұрыс қой, – дейді қылмыскерлер арасында тәрбие әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Асылхан Шакаев.

Оның айтуынша, оларға жалақы төленеді. Тіпті, сол ақысына түрме ішіндегі дүкенде сауда жасай алады. Қатаң жазамен отырғандар екі айлық есептік көрсеткіш жұмсай алса, жеңіл жазадағылар 7 АЕК жұмсайды. Онда да қылмыскерлер қолма-қол төлем жасай алмайды. Барлық есеп-қисап бухгалтерия арқылы жүреді. Әуелі жазаланушы өзіне керек дүниесіне тапсырыс береді. Мысалы, бір шай, екі қорап темекі деп атын жазып, түрін түстеп көрсетеді екен. Осыдан кейін түскен өтініш бойынша бухгалтерия есебінде  қанша ақша бар-жоғын тексереді. Сөйтіп, қажеттісін алады. «Жалақы түсерде дүкенші есепшотты бухгалтерияға апарып, өз ақысы аударылады. Негізі қажетті тауардың бәрін қаладан әкеледі. Дүкенге тек рұқсат етілген заттарды кіргізе алады», – дейді Асылхан Шакаев.  

– Осы жерде істегеніме 6 жыл болды. Үйреніп кеттім. Негізінен шай мен темекі көбірек өтеді. Қолма-қол ақша да төленбейді, қарыз да берілмейді. Ал дүкенге затты әр ай сайын толықтырып отырамын. Әсіресе, Құрбан айт, Жаңа жыл секілді мереке кезінде тапсырыстар көбейеді. Кейбірі туған күнге орай тортқа тапсырыс береді. Енді бірі шығарында киімін жаңаламақ болып, аяқкиім мен спорт киімін  тапсырады, – дейді дүкенші Гүлнар Жақсылыққызы.

Дүкеннің іші супермаркеттен кем емес. Жанға қажеттінің бәрі бар. Шұжықтың өзін халал мен халал емес деп екіге бөліп, тоңазытқышқа салып қойған.  

 «Өзгеге қиянат жасамай күн кешер едім...»

 Кейбірі кітапханадан кітап алдырып, оқуына да болады. Алдын ала тапсырыс берсе болғаны. Мерекелік іс-шаралар немесе жиындар арнайы клубта өтеді. Оның ішін сотталушылар өздері бояп, әсемдеген екен. Мысалы, ұлы Абай мен әл-Фарабидің суретін бір ай салыпты.  Кинопроектор бөлмесі де бар. Тіпті, ілулі тұрған стенд газеттерін де өздері жасаған. Түрме қызметкерінің айтуынша, өмірлік жазаға тартылғандардың әр корпусы бойынша байқау өткізіледі. Сонда өзіне-өзі психолог деген стенд жасап, өздері әсемдейді екен.

– Жылдан-жылға қылмыскерлердің жағдайы жақсарып келеді. Тіпті, олардың осы абақтыдан босап шығамыз деген үміті де бар. Мысалы, жазасын өтеген қылмыскер 25 жылдан кейін шартты түрде уақытынан бұрын босатуына өтініш жаза алады. Соның бірі – 2004 жылы отырған азамат. Оның бостандыққа шығамын деген үміті бар. Егер олар тәртіпті бұзса,  алдымен психолог сөйлеседі. Артынан қайталанса, түсіндіру жұмысы жүреді. Тағы бұзса, ескерту жасалады. Онда да түзелмесе, жазасы қатаңдатылып, кездесуден айырылып, дүкеннен зат ала алмайды. Мысалы, бүгін тәртіп бұзса, оның жазасын тек бес жылдан кейін қатаңдатып өзгерте алады, – дейді  қылмыскерлер арасында тәрбие әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Асылхан Шакаев.

Ал біз жүздескен екі қылмыскер де істеген ісіне өкінетінін айтты. Екеуі де адам өлімі үшін сотталған. Бірі – қостанайлық, екіншісі – Семейдің тұрғыны.

–Қолым қанға боялды. Жазықсыздан жазықсыз адамдарға қиянат жасағанымды түсінемін. Осыған қатты өкінемін.

– Өзіңізді қандай ой мазалайды?

– Зардап шеккендер мені кешірмейді-ау. Осы нәрсе ойымнан шықпайды.

– Өміріңізді қайта бастауға мүмкіндік туса, не істер едіңіз?

– Адамдарға зардабымды тигізбес едім. Еркіндікте өмір сүріп, шаруа қожалығында жұмыс істер едім.

– Өмірден не күтесіз, неге үміттенесіз?

–  Өзімді көрсете алмадым, дегенмен маған адамгершілік танытады деп ойлаймын, – дейді өмір бойына жазаланған С. есімді қылмыскер.

 «Ештеңеге үміттенбеймін десем, өтірік айтқаным. Бәрібір де жүрегімнің түбінде шартты түрде уақытымнан бұрын босатыламын деп үміттенемін. Жалпы, қоғамның мені қалай қабылдайтынын білмеймін. Мені мазалайтын мәселе – осы. Бірақ  өзім ештеңені жасырмаймын деп шештім. Қайда болғанымды, не істегенімді ашық айтамын. Оны қалай қабылдайтынын сол кезде көрерміз. Отбасымның, ата-анамның жанында болғым келеді. Айтқандарын тыңдап, ақылына құлақ асар едім», – дейді қостанайлық азамат.

Өмір бойына сотталғандарға арнайы жасақ таратып береді. Онда да қолдарына ұстатпайды. Асхана жақтағы жұмыстың бәрін түрмеде жазасын өтеп жүргендер істейді.

  –  Шаруашылық қызметте өмірлік жазаға тартылғандар емес, 5-10 жылға ұсақ-түйекпен сотталғандар істейді. Олар тамақ дайындап, нан пісіреді, бірі сол бөлкені турайды, тамақты таратады. Міне, осылар түрме ішінде емін-еркін жүріп, бөлек жатақханада тұрады. Соған қарамастан олар да бақылауда болады. Шыны керек, ешқайсысының сотталған бабына қарамаймыз, бізге бәрі бірдей, – дейді Асылхан Шакаев.

Түрме ішіндегі асхананы да көріп шықтық. Кіреберістегі бұрышта жас бала нанды турап жатыр екен. «Асханаға келіп ішетін сотталғандарға нан тілімдеп туралады. Ал өмір бойына жазаланғандарға бір бөлке нан үшке бөлініп беріледі», – дейді әлгі бала. Біз де дәл аспаздың кешкі асты дайындап жатқан тірлігіне түстік. Асхананың өзінде 12 адам жұмыс істейді. Нан пісіретін бөлмесі бір бөлек жерде орналасқан. Нан салушы бір ғана адам.

Оның айтуынша, бір өзі бәріне үлгереді. «Күніне 250 бөлке пісіремін. Нанды өзім ашытып, өзім илеймін. Бәріне үлгеремін. Бұрын 500 бөлкеге дейін пісіретінбіз», – дейді ол. Сөйтіп, сотталушылардың емес, түрме қызметкерлерінің асханасынан дәм бұйырып, тамақ ішіп қайттық.

Бастысы, түрмеден шыққан кез келген жанға мемлекет тарапынан  жанға бірреттік әлеуметтік көмек беріледі екен. Кейбірінің барар жері, басар тауы болмаса, қарттар үйіне орналасуға көмектеседі. Түрме қызметкерінің айтуынша, бүгінге дейін өмір бойына жазаға тартылғанның әлі бірде-бірі түрмеден босап шықпаған.