БҚО-да биыл 25 мың отбасына 2 миллиардтан астам теңгеге әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетілген.
Оралда «Жайық жастары» баспана бағдарламасы іске қосылады
Фото: egemen.kz
1,052
оқылды

Батыс Қазақстан облысында келесі жылы 40 жас отбасы баспаналы болады. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев БҚО әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебінде айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 540 жас маман 186 млн теңге көлемінде бастапқы көтерме жәрдемақы алса, «Отбасы банк» арқылы «Жайық жастары» баспана бағдарламасы аясында 600 млн теңгеге 40 жас отбасына арналған жобаны іске асыру көзделіп отыр», – деді Н.Төреғалиев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

2023 жылдың II тоқсаны бойынша өңірдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,9% болса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі  3,8% болды.

Сонымен қатар «Жасыл ел» жобасы аясында 1 200 жас жұмыспен қамтылды. Ал «Студенттік құрылыс жасақтары» жобасы бойынша 300 жас әртүрлі құрылыс нысанында еңбек еткен.

«Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы арқылы 25 мың адам әртүрлі жұмыспен қамту шараларына жолданды. 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы, құрылған жұмыс орындарының 80%-ы ауылдық жерлерде екенін айта кеткен жөн», – деді БҚО әкімі.

Аталғандардан бөлек, биыл 25 мың отбасына 2 миллиардтан астам теңгеге әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетіліп, нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны 28%-ға азайған.

«2022 жылы Мемлекет басшысы мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заңға қол қойды. Осы орайда, Орал қаласында заманауи стандарттар мен технологияларға сәйкес мүгедектігі бар адамдарға арналған 7,5 млрд теңгеге 150 орындық әлеуметтік оңалту орталығы салынып жатыр», – деді Нариман Төреғалиев.