Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша тергелді.
Бұрынғы вице-министр Нұржан Әлтаевқа сот үкімі шықты
702
оқылды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша экс-вице-министр Нұржан Әлтаевқа қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы  4-бөлігі бойынша тергелді.

Астана қалалық сотының мәліметінше, экс-вице-министр 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы М.-дан жалпы сомасы 115 мың АҚШ доллары және 8 млн 150 мың теңге ақшаны пара ретінде алды.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, ұялы телефондағы хат-хабарлармен, жасырын тергеу әрекеттерінің жазбаларымен, сараптама актілерімен, заттай дәлелдемелермен және т.б. дәлелденді.

Сотта прокурор айыптауды қолдап, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы ақтауды өтінді.

Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының болуын таныды.

Қабылдаған антын бұзуы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Сот үкімімен экс-вице-министр А. ҚК-нің 366-бабы  4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Sputnik / Владислав Воднев