Бірақ ол кузбасстықтардың есінде бойында татар-башқұрт-қазақтың қаны бар орыс ретінде қалды.
Табыт ішінде крест ұстап жатты: журналист Ресейдің бір аймағын 20 жыл басқарған Аман Төлеев туралы жазды
28,691
оқылды

Белгілі журналист Серік Абас-шах Ресейдің бір аймағын 20 жыл бойы басқарған Аман Төлеев туралы жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Келер жылы бұл кісінің 80 жасын екі елдің орыс-қазағы бірігіп (дүрілдетіп) тойлар ма еді, кім білсін? Өкінішке қарай, Аман Төлеев ол күнге жете алмай кетті. 

20 қараша (дүйсенбі) күні қайтыс болған ағамыздың денесі Кемердің орталық зиратында жерленіпті. Абырой жинаған азамат қой, Кузбасс жұрты өздерін жиырма жыл бойы басқарған кісіні мәңгілік мекеніне аса зор құрметпен шығарып салыпты. Ресей басылымдары “Могила утонула в цветах” деп жазып жатыр. Кезінде жергілікті журналистер «кузбассбаши» атаған Төлеевке Кемер паркінде ескерткіш қою керек деп ұсыныс айтып жатқандар да бар", – деген журналист.

Автор Аман ағаның тілі басқа болса да қаны қазақ болғанын атап өтеді. Бірақ ол кузбасстықтардың есінде бойында татар-башқұрт-қазақтың қаны бар орыс ретінде қалды. 

«Таких людей, как я, со смешанной кровью, миллионы в России. Конечно, в детстве ощущалось, что ты не такой, потому что не так выглядишь, не тот разрез глаз. Когда повзрослел, стал смотреть на эти вещи философский” деген болатын өзі (бір естелігінде). 

Жерлеу рәсіміне жеті қазақ барыпты, біздің елден. Арасында биліктің немесе зиялы қауымның көрнекті өкілдері болғанда жарасымды болар еді (әрине). Бірақ жоқтан гөрі жоғары. Артынан іздеп барар қазақтың бар екенін білдіріп, төбе көрсетіп кеткен жігіттерге мың да бір рахмет! Ақтаудағы орталық мешіттің имамы жаназасын шығарыпты. Жатқан жері жайлы болсын, ағамыздың!", – деген Серік Абас-шах.

Алайда, ол марқұм ағамыз табыт ішінде крест ұстап жатқанын айтады. Моласының басына крест белгісі қойылған.

"Ой-санасы мен ортасы орысша қалыптасқан кісі ғой. Оның о дүниеге крест ұстап кеткені несі деп таңдаңбаңыз. Екі ұлының есімін қазақша қоймаған адамның өлім-жітім жоралғысынан қазақи салтты немесе мұсылмандық дәстүрдің түгел сақталғанын көрмедік деп күңкілдеп жатқанымыз артықтау шығар. Иман тілейік тек. Өлген адамға дұғадан басқа ештеңе керек емес. 

Аман ағаның соңғы сапары тірілерге сабақ болар деп ойлаймыз.

Бала-шағаңызды қазақша оқытып, қазақша тәрбиелеңіз!", – деген журналист.