Алайда, келіншек саудасын соңына дейін жеткізе алмады.
Шымкенттік әйел қарыздан құтылу үшін жаңа туған сәбиін сатпақ болған
1,374
оқылды

Шымкентте 23 жастағы жас босанған әйел баласын сатпақ болған кезінде қолға түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

КТК арнасының жазуынша, ол таныстары арқылы бала сатып алатын адам іздеген, сатып алушыны көрші облыстан тауыпты. Бірақ саудасын соңына дейін жеткізе алмады. Ол тәртіп сақшыларына құрсақтан шыққан шаранасын сатып қомақты қарыздан құтылғым келген деп түсіндірген. Сондай-ақ 23 жастағы ананың бұрын да алаяқтық бойынша тергелгені анық болды.

Алматы облысында да тура осындай қылмыстың жолы кесілді. Мұнда 24 жастағы әйел жүктілігіне жеті ай болғанда шаранасын сататыны жайлы желіге хабарлап, сатып алушы іздестірген. Тергеу мәліметінше, баласы жоқ отбасымен келіскен. Олар несиесін өтеп беріп, орнына сәбиді алмақшы болады.

Ал Абай облысында 50 жастағы психикалық ауытқуы бар адамды жергілікті тұрғындар мал бағуға мәжбүрлеген. Бұл ішкі істер министрлігінің соңғы уақытта әшкерелеген қылмыстардың тек біреуі ғана.

"Барлығы 39 қылмыс анықталған, оның ішінде біреуі – адам органдарын сату; үшеуі – еңбегін қанау мақсатымен адамды бостандығынан заңсыз айыру; жетеуі – адам сату, оның бесеуі – кәмелетке толмағандарды сату; үшеуі – жезөкшелікпен айналысуға тарту, 24-і – жезөкшелер үйі мен жеңгетайлық фактісі”, – дейді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.