Онлайн оқудың көптеген ұтымды тұстары бар. Цифрлық технологиялар дәуірінде ол оқушыға уақыт үнемдеуге және тез бейімделуге мүмкіндік беріп, әрекет еркіндігін сыйлайды.
Тиімді онлайн білім алудағы 5 лайфхак
top-fon.com
630
оқылды

Алайда онлайн сабақтардағы ең қиыны – тәртіпке бағынып, прокрастинацияға жол бермеу. Қанша дегенмен, сізді ешкім бақылап отырған жоқ қой. ПІБ оқу орталығы – МО Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының тренерлері бұл орайда бастаған істі қалай тиімді аяқтауға болатыны жөнінде бірқатар ерекше тәсілдермен бөлісті. 

«321» тәсілі

Прокрастинацияны жеңу үшін осы тәсілді қолдануға болады. Ол қарапайым, бірақ өте тиімді. Ол сізді жұмысқа зейін қойып, «үштен» «бірге» дейін санап, дереу орныңыздан тұрып өзіңізді жұмысты бастауға мәжбүрлеуге негізделген. Бұлайша сіз өз ақылыңыз мен денеңізді басқарасыз. Бұл тәсіл оп-оңай, бірақ ол қалай тиімді болмақ? «Үштен» «бірге» дейін санау арқылы сіз өз миыңыздың артық сылтау не ойға кетуіне жол бермейсіз. Сөйтіп, дереу істі бастап, өз әлсіздігіңізді жеңесіз. 

 

«Қызанақ техникасы»

Бұл тәсіл алдын ала таймер қою арқылы 25 минут бойы жұмыс істеп, кейін 5 минут қысқа үзіліс жасауға негізделген. Дәл осылай 4 рет қайталағаннан кейін 15-30 минут ұзағырақ демалуға болады. Бұл арқылы сіз шаршамай, өз уақытыңыз бен күшіңізді тиімді пайдаланасыз. Ыңғайлы болуы үшін бұл әдістемеге негізделген секундомер секілді көптеген қосымшалар бар. 

«Ретроспектива»

Әрбір аптаның соңында ретроспектива жасаңыз. Яғни, оқу барысында не іске асты, ал не нәтиже бермегеніне талдау жасаңыз. Сіз өзіңіз ойлағаннан әлдеқайда көп не керісінше аз жұмыс атқарған болып шығуыңыз мүмкін. Сізге қай тәсіл оңай, ал қайсы қиын болғанын бақылап, жазып, еске алып жүріңіз. Ретроспектива тәсілі сізге өзіңіздің мықты және әлсіз тұстарыңызды түсінуге көмектеседі. 

48 сағат ережесі

Әрдайым уақыт шектеуін белгілеуге әдеттеніңіз. Бұл мерзім 48 сағатпен есептелгені жақсы. Өйткені, біздің есте сақтау қабілетіміздің қасиеті солай, қандай да бір материалды оқу және қайталау арқылы екі тәулік ішінде жақсы меңгеруге болады. 

 

Еске салу 

Сіздерге арналған қарапайым ғана еске салулар. Қандай жағдайда болмасын бұл қалыптан оңай әрекеттер арқылы шығуға тырысыңыз: 

Баста көп ой болса – Жазыңыз,

Бір қауіп сезінсеңіз – Медитация жасаңыз,

Шаршасаңыз – Ұйқыны қандырыңыз,

Көңіл-күйіңіз түссе – Жаттығыңыз,

Стресс жағдайында болсаңыз – Таза ауада серуендеңіз,

Ашулансаңыз – Музыка тыңдаңыз, 

Жалқаулық басса – Телефон мен гаджетке жұмсайтын уақытты азайтыңыз,

Жалықсаңыз – оқыңыз.