Әлихан Смайылов Qarmet-ті дамытудың әрбір бағыты бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Qarmet өндірісті кешенді дамыту жоспарын әзірлейді
965
оқылды

Үкіметте ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Qarmet компаниясының ағымдағы жұмысы мен кәсіпорынды одан әрі дамытудың өзекті мәселелері қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және жаңа инвестордың қатысуымен кәсіпорынның операциялық процестерін тұрақтандыру, оны қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, сондай-ақ бірқатар құқықтық рәсімдерді жүргізу шаралары талқыланды.

Одан бөлек, комбинат жабдықтарын жаңғыртуды, заманауи өндіріс технологияларын енгізуді және өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын арттыруды көздейтін инвестициялық бағдарламаны іске асыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, бірінші кезеңде осы мақсаттарға шамамен $1,3 млрд жеке инвестициялар бөлінетін болады.

Премьер-министр кәсіпорын жұмысшылары алдындағы барлық міндеттемелерді уақтылы орындау қажеттігін атап өтті. Үкімет басшысы осыған орай, өндірісті одан әрі серпінді дамытудың, шығарылатын өнім көлемін ұлғайтудың және анықталған экологиялық заңнама талаптарын бұзушылықтарды кезең-кезеңімен жоюдың маңыздылығын атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдарға ағымдағы мәселелерді шешуде кәсіпорынға қажетті қолдау көрсетуді және инвестормен бірлесіп, Qarmet-ті дамытудың әрбір бағыты бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.