«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2023 жылы Алматы ауданы бойынша 70 жоба ұсынылды, оның 68-і мақұлданды.
«Халық қатысатын бюджет»: Алматы ауданында 68 жоба мақұлданды
712
оқылды

Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан жобалар туралы Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы айтып берді.

Мақұлданған 68 жобаның 62-сі  – аулаларды абаттандыруға, 6 – ауызсу бұруға қатысты.

Осыған байланысты биыл 65 ауланы абаттандыру, 47 ауланы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша абаттандыру жүргізілді.

Жалпы, соңғы үш жылда ауданда 175 аула мен 25 қоғамдық орын абаттандырылды. Су бұру бойынша 6 учаскенің 5-еуі жүзеге асырылды. Сондай-ақ әкім аудандағы қоғамдық кеңістіктердің дамуы туралы айтып берді.

«Қоғамдық кеңістікті дамыту – біздің басты міндетіміздің бірі. Қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын қолайлы және денсаулыққа пайдалы өткізе алатын әрі жаңа тартымды орындарды ашу барлығы үшін маңызды. Айта кету керек, мұндай қоғамдық кеңістіктердің ашылуына қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы үлкен көңіл бөледі. Бастапқыда 4 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланған болатын, бірақ тұрғындардың өтініші бойынша олардың санын 8-ге дейін арттырдық», –  деді аудан басшысы.

Олардың қатарында Қ.Сәтпаев көшесіндегі, К.Әзірбаев көшесі, 10, Р.Қошқарбаев көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысындағы, Қордай көшесі, 100, Қордай-Тайқазан көшелерінің қиылысындағы, А.Храпатый көшесі, Ақбұлақ өзенінің жағалауы, М-1 (Арқар) көпір асты кеңістігіндегі бокс алаңы бар.

Тұрғындардың өтініші бойынша алғаш рет тротуарларды абаттандыру жұмысы жүргізілді, 25 учаске қамтылды, оның ішінде 10 әлеуметтік нысанның жанына шамамен 7 шақырым төселді.