Ел Үкіметі апатты мектептер және үш ауы­­­сым­ды оқыту мәселелерін шешуге білек сы­бана кірісті. Бұрынғы үкіметтер бұл проб­ле­мадан арылу мерзімін бірнеше рет кейінге ше­гергені белгілі.
Жайлы мектептерде неге жанжал туды?
1,023
оқылды

Бұған тіпті «100 мектеп» жә­не басқа мемлекеттік бағдарламалар кө­мектесе алмады. Енді соған Әділетті Қа­зақстанда қол жеткізіледі деген үміт бар. Мә­селен, 2023 жылы бірден 165 жаңа мек­теп салынды. Ал биыл толық қуатында жұ­мыс істейтін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы атал­ған міндет межесін жақындата түспек.

Апаттың алдын алу үшін не істелуде?

Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сембаевтың мәліметінше, қазір елімізде 52 апатты және 112 үш ауысымды мектеп қалып тұр. Оларды жою үшін не істеген дұрыс?

Біріншіден, бұрын қабылданған жүйелі шаралардың, ертеректе басталған мектеп құрылыстарының арқасында 2023 жылы бүкіл республика бойынша 137 мың оқушыға арналған 165 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 12 апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын 29 мектеп бойынша мәселе шешілді. Тағы 210-нан астам мектепте өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Екіншіден, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған, 54,4 мың оқушыға арналған 43 мектеп ашылды. Осылайша, елімізде 3 апатты және 13 үш ауысымды мектептің оқушылары мен мұғалімдері де жаңа білім ұйымдары ғимаратына көшті. Ең көбі елордада – 10 мектеп, ал Алматы және Түркістан облыстарында – 8 мектептен.

Бұл тетікті де Мемлекет басшысы ұсынған болатын: коррупционерлерден сот арқылы тәркіленген қаражаттар Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына құйылады, соның есебінен жаңа білім ордалары тұрғызылады. Осы арқылы жемқорлардың елге келтірген залал-нұқсанының орны толтырылады. Сондай-ақ жемқорлықпен күрес жарқын болашақта ел тізгінін өз қолына алатын жас ұрпақтың озық білім алып, жақсы азамат болуына септеседі.

«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен барлығы 76 738 оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Бұл жобалардың жалпы құны 96 миллиард теңгеден асты. Қалған мектеп биыл ел игілігіне табысталады.

Тұтас алғанда, осы қорға коррупционерлерден алып қойылған жалпы сомасы 150 миллиард теңгеден астам қаражат түсіпті. Яғни, қор биыл да құрылысқа қарқын береді. Миллиардтар бұдан ары мектептерді, қосымша ғимараттар мен интернаттарды қайта жаңартуға, сондай-ақ үш ауысымды оқыту, апатты мектептер мәселесін шешуге және оқушы орындарының тапшылығын жоюға жұмсалды.

Үшіншіден, Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектептің құрылысы былтыр бастау алды. Олардың үлкен бөлігі биыл беріле бастайды. 

Нақтылағанда, ресми дерек бойынша, 2023 жылы 217 жайлы мектептің құрылысы басталыпты. Олар 461 мың оқушыны қабылдай алады. Демек, жайлы мектептердің салтанатты жағдайда өз есіктерін шәкірттеріне айқара ашуы осы жылдың айшықты оқиғаларының біріне айналары сөзсіз.

Қарапайым арифметикаға жүгінсек, алдыңғы екі тетікті айтпағанда, тек осы 217 жайлы мектеп биыл тегіс іске қосылса, осының өзі 52 апатты және 112  үш ауысымды мектептің проблемасын күн тәртібінен толық алып тастамай ма? 

Жоқ. Министрлік мамандарының түсіндіруінше, бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 7,8 мың мектептің көпшілігі өткен ғасырдың 50-70-ші жылдары салынған. Олар күн өткен сайын көнеріп, тозып, апатты күйге түседі. Яғни, проблемалы ғимараттар санын көбейтуде. 

Тағы бір дерек: осыдан отыз жыл бұрын, 1994 жылы республикада 8 575 мектеп болыпты және оларда 3,2 миллион бала оқыған. Бүгінде, 2024 жылы 7 833 мектепте 3,8 миллион бала оқып жатыр.

Осыдан білім ұйымдары үш ауысымды оқытуға ауысуға мәжбүр. Мұның сыртында елде демография, бала туу көрсеткіші жақсы. Тиісінше, жыл сайын мектеп табалдырығынан аттайтын бүлдіршіндер саны да арта бермек.

Мысалы, тек 2022-2023 оқу жылының өзінде оқушы орындары тапшылығының саны 270 мыңға жеткен. Соның ішінде қалада 174 мың, ауылда 96 мың орын қат. Былтыр бұл сан ары қарай өсті. Өсім биыл да жалғаспақ.

Сондықтан ел Үкіметі барлық қаржыландыру көздерінен мектеп құрылысына серпін беруге тырысып жатыр. 

«Жайлы мектепке» қатысты жайсыз хабар

Бұл іске тежеу болар проблемалар да бас көтере бастағандай. 

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға жауапты, оператор ретінде Samruk-Kazyna Construction АҚ бекітілді. Ал жайлы мектептерді тұрғызып, дайын күйде тапсыру – жобалаушы фирмалар мен құрылыс компаниялары бірлесіп құрған консорциумдерге жүктелді. 

Оператор мен консорциумдер арасында кикілжің туғаны белгілі болып отыр. Ұлттық жоба операторының айтуынша, ниеті таза емес мердігерлер жайлы мектептердің бағасын жасанды қымбаттатуға тырысып жатыр. 

«Ұлттық жобаның мектептерін жобалау, салу және жабдықтау жұмыстарының бәрі консорциумдерге, яғни жобалаушы мен құрылыс компанияларының бірлестігіне жүктелді. Олар нысандарды мемлекетке дайын күйде тапсыруға тиіс. Алайда мектептердің сметалық құнын жасанды түрде, қасақана қымбаттату арқылы ұлттық жобадан барынша мол пайда табуға талпыныс жасап жатқандар аз емес. Өйткені жобалаушы ұйымдар консорциум көшбасшыларына, яғни құрылыс компанияларына қаржылық тұрғыда тәуелді болып шықты. Соның кесірінен, мердігердің қысымы мен жобалау сапасының төмендігі – мектеп құнының негізсіз қымбаттауының басты себептеріне айналды. Бұл Президенттің бастамасын сапалы және уақытылы жүзеге асыруға кедергі келтіруде», – деп түсініктеме берді Samruk-Kazyna Construction.

Мердігерлер болса: «Ұлттық жоба операторы мектептердің сметалық құнын негізсіз кесіп, қысқартып тастады», – деп жанжал көтеріп, Үкіметке, әкімдерге шағымданған екен. Олардың сойылын соққан әкімдер де жоқ емес.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жергілікті құрылыс және жобалау компаниялары көтерген проблемаларды талқылау үшін Астанаға арнайы келіпті. Содан Samruk-Kazyna Construction басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов аймақ басшысымен және оған ере келген қызылордалық мердігер ұйымдардың басшыларымен жеке кездесуге мәжбүр болды. 

Samruk-Kazyna Construction басшылығы қарсы тараптың тұжырымымен үзілді-кесілді келіспейді.

«Жобалық-сметалық құжаттаманы тексеру кезінде біз сметаларды 1,3–2 есе қымбаттату фактілерін әшкереледік. Мектептердің сметалық құнын негізсіз қысқартып жатқан жоқпыз. Оңтайландыруды жүзеге асырып жатырмыз, яғни жобаларды нормативтік бағаларға сәйкестендірудеміз. Біз қасақана қымбаттатуға жол бермейміз! Үнемделген қаражат бюджетке қайтарылады», – деп табандады оператор басшысы М.Айманбетов.

Бүгінде оның айтуынша, оператор тапсырыс беруші ретінде мектептердің жобаларын оңтайландырып, нормативтерге сәйкестендіріп жатыр. Ал мердігер консорциумдар бұған наразы. Олар мұны негізсіз қысқарту деп қабылдап, жайлы мектептердің сметалық құнын төмендетуден бас тартқан.

Айманбетовтің айтуынша, ел бойынша көптеген компания осындай ұстанымда. Оператор бірнеше мысал келтірді. Қызылорда облысының Жаңарық ауылындағы 300 орындық мектеп 4,1 миллиард теңгеге бағаланыпты. Бірақ оператордың сендіруінше, оның тіпті ірілендірілген құрылыс нормативтері бойынша құны 3,7 миллиард теңгеден аспауға тиіс. Соған қарамастан, мердігер мұндай сомаға келіспей қойды. 

Қызылорданың сол жағалауындағы 900 орындық мектептің құны да әрі кетсе 6,6 миллиард теңгеден асып түспеуі керек көрінеді. Алайда сметасы қосымша 1 миллиард теңгеге артық есептелген. 

Қызылорда облысында 21 жоба іске асырылады. Былтыр 10 мектептің құрылысы басталды. Жиын барысында Қызылорда облысы бойынша жұмыс комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. Облыс әкімінің орынбасары басшылық ететін комиссия әрбір жоба бойынша барлық проблеманы жеке-жеке талқылап, жедел шешімін табу мақсатында күн сайын жиналыс өткізетін болады.

Қулықпен күрес жүріп жатыр

Оператор мердігерлердің қосып жазуына наразы. Жобалау-сметалық құжаттамаларды тексеру барысында ол өрескел қателіктерді, сондай-ақ жобалау ұйымдары тарапынан шығындарды жасанды түрде арттыру әрекеттерін әшкерелепті. Мәселен, көптеген жобада материалдардың өлшем бірліктері метрдің орнына шақырым, ал келінің орнына тонна деп «жаңсақ» көрсетілген. Сонымен қатар бояу коэффициенттерін негізсіз қолдану, позициялардағы материалдарды екі рет көрсету және басқа да бұзушы­­лықтардың жолы кесілді.

– Мысалы, бір мектептің сметасында кабельдің ұзындығы 328 метрдің орнына «328 шақырым» деп көрсетілген. Сөйтіп, жоба бірден 61,5 миллион теңгеге қымбаттаған. Тағы бір жобада 422 келі орнына 422 тонна деп жазылыпты. Сол арқылы мектептің құны бірден 274,1 миллион теңгеге қымбаттап шыға келді, – деп мысал келтірді Айманбетов.

Оның айтуынша, мұндай бұзушылықтар мемлекеттік сараптама порталына жүктемес бұрын ЖСҚ-ларды тексеру барысында бәрібір анықталады. Алайда кейбір жобалаушы компания мұнда да қулыққа басады: нысанның жоғары құнын сақтап қалу мақсатында кесілген шығындардың сомасын жобаның басқа бөлімдеріне қайта салған. Немесе көптеген компания уақыт созып, жобалық-сметалық құжаттаманы тапсырыс берушіге соңғы күні тапсырады. Осылайша, смета мен архитектуралық бөлім асығыс, тексерусіз бекітеді деп үміттенеді. Басқарма төрағасы Samruk-Kazyna Construction да, «Мемсараптама» РМК да бұған жол бермейтініне сендірді.

«Белгілі болғандай, мұндай теріс қылықтар рес­публикалық ауқымға ие. Барлығы осылай жұмыс істеуге дағдыланып қалған. Мұны мемлекетті алдау және бюджет қаражатын ұрлау әрекеті деп есептейміз. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсыр­­масы­мен жүзеге асып жатқан әлеуметтік маңызды жоба. Мектептердің сметалық құны нормативтерге сәйкес болуға тиіс, әйтпесе жоба мемлекеттік сараптамадан өтпейді», – деп ескертті Мәулен Айманбетов.

Жалпы, республиканы жаппай қамтыған осындай сорақы тірліктер бірқатар мектептің құрылысының тоқырауына соқтырғалы тұр. Оған жол бермеудің тиісті шаралары биыл қабылданғаны жөн. Ең бастысы, елдің ертеңі саналатын жас ұрпақ жайлы мектептерде сапалы білім алуы шарт. Биліктегі атқамінерлер сол үшін барлық жағдай жасауға міндетті.

Елдос СЕНБАЙ