Автокөліктің 32 жастағы жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды.
Ақмола облысында электровоз бен автокөлік соқтығысып, 1 адам көз жұмды
1,035
оқылды

Ақмола облысының Есіл ауданында автокөлік пен электровоз соқтығысып, бір адам көз жұмды, тағы бір адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 19 қаңтарда Есіл қаласындағы №7 агротехникалық колледжінің маңындағы теміржол өткелінде болған. Бұл туралы жедел жәрдем қызметінің диспетчері полицияға хабарлаған.

Анықталғандай, Ресей Федерациясының 35 жастағы азаматы басқарған «Lexus RX 300» көлігі реттелмейтін теміржол өткелінен өтпек болған кезде Есіл қаласы бағытында жүріп бара жатқан «Дрезина» электровозымен соқтығысқан. Салдарынан автокөліктің 32 жастағы жолаушысы оқиға орнында көз жұмса, жүргізушісі түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. 

«Қазіргі кезде, полиция жол-көлік оқиғасына байланысты іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу шараларын бастап кетті. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», – деді ведомстводан.