Бүгінде өзге елге жұмыс іздеп кеткен қазақстандықтардың саны мыңдап саналады. Сондықтан болар қазір еңбек миграциясы – өте өзекті мәселелердің бірі. Иә, «арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?».
Болмаса екен алдың жар, Корея асқан тағдырлар
1,319
оқылды

Қымбатшылықтың қамытын киіп, әлеуметтік әділетсіздіктің зардабын тартқан қазақ жастарының тапқаны татқанына жетпей жүрсе кімді кінәлаймыз?! Әлемнің әр түкпірінде қара жұмыс істеуге мәжбүр болған азаматтарымыздың заңдық тұрғыда еңбек құқығы қорғалмай жатқанын халық қалаулылары да айтардай айтып келеді. Әсіресе, бұл Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жатқан отандастарымызға көбірек қатысты. 

Жуырда сыртта еңбек етіп жүрген отандастарымыз үшін сүйінші хабар жетіп, енді қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алатыны туралы хабарланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екі ел осы мәселеге қатысты келісімге келгенін мәлімдеген еді. Ал келісімге келмеген жағдайда Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар­дың елге қайтарылатыны айтылған болатын. Бұған Оңтүстік Корея заңсыз еңбек мигранттарына қатысты қатаң шара қолдана бастағаны себеп болды. Ресми дерек бойынша, еліміздің Оңтүстік Кореяда 2018 жылы – 11 413 адам, 2019 жылы – 10 707 адам, 2020 жылы – 8 902 адам, 2022 жылы 9 600 азаматы заңсыз еңбек мигранты ретінде жұмыс істеген. 

Көптен күткен «келісім»

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев айтқан мәселе оңды шешімін тауып, былтыр 21 қыркүйекте Қазақстан Үкіметінің мүшелері Кореяның Қазақстандағы Елшісі Чон Тэ Икоммен кездесіп, EPS жүйесі мәселелері бойынша бірқатар мәселе талқыланды. Ал 10 қазанда Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген отандастарымыздың құқығын қорғау туралы келісім жобасын әзірледі. Қазақстан Үкіметі енді бұл құжатты Оңтүстік Корея Үкіметіне тапсырғалы отырғаны хабарланды. Онда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 26 сәуірде Сеул қаласында дипломатиялық мәселелер бойынша консультациялардың 7-раундын өткізу барысында бірқатар мәселелер, оның ішінде Кореядағы Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері талқыланғанын айтты. «Қазір Кореяда заңсыз жүрген Қазақстанның азаматтары жұмыс берушілер немесе басқа жергілікті жұмысшылар тарапынан кемсіту жағдайларына тап болса, оларға заңдық көмек беретін Кореяның шетелдік жұмыс­шыларды қолдау орталықтарының қызметіне жүгінеді. Бұл орталықтар Корея­ның құзыретті мемлекеттік органдарымен бірлесіп тексеріс шараларын жүргізуге, құқықтық қолдау көрсету өкілеттігіне ие», – деді ол.

Жуырда жүйеге байланысты екі ел ара­сында ақыры келісім орнады. Бұл туралы жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Шешуші келіссөз онлайн форматта өткен. Кездесуге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев, Халықаралық ынтымақ­тастық және интеграция департаментінің директоры Саадат Асансейітова және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің директорының орынбасары Саадат Асансейітова мен Корея Республикасының еңбек және жұмыспен қамту Myung Sung Hong қатысқан. Екі ел EPS орталығын ашу мүмкіндігін талқылап, еңбек көші-қоны аясында екіжақты ынты­мақ­тастықты кеңейтуге дайын екенін жет­кізген еді. Өткенде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеуіне қашан рұқсат етілетінін мәлімдеді. Ведомство бұл мәселені бір жылдың ішінде шешуге уәде беріп отыр. Қазірдің өзінде, Ертаевтың айтуынша, Еңбек министрлігі Кореядан келген әріптестерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Келесі аптада техникалық мәселелер талқыланады.

 «Біз Кореяға өз ұсыныстарымызды жібердік. Үкіметте талқыланғаннан кейін олар жалпы қарауға шығарылады. Қазақ­станды Кореяға жұмысшы экспорттайтын елдердің қатарына қосу керек. Қазір бұл жүйеге 16 мемлекет қосылды. Біз бұл мәселені бір жылдың ішінде шешу керек деп есептейміз, яғни мерзімі жағынан мұны корей тарабы шешеді, сондықтан нақты мерзімдерін айта алмаймын. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және минис­трліктердің ерекше бақылауында», – деді Ертаев. 

Ол Кореяда жұмыс істеуге рұқсат алу үшін қазақстандықтар оқудан өтіп, тіл емтиханын тапсыру керек екенін еске сал­ды. 

«Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында тес­тілеу орталығын құруды жоспарлап отырмыз. Бұл мекемеде қажетті материалдық-техникалық база, оқу кабинеттері, заманауи компьютерлік техника бар. Ал оқыту Қонаев қаласындағы көпсалалы колледж базасында жүзеге асырылады», – деді спикер. Тағы бір талап – медициналық тексеру өту. Ол Алматы облысындағы Қонаев атындағы мемлекеттік қалалық ауруханада жүргізіледі. Штаб толық жасақталған, жалпы 770 медицина қызметкері бар. Ертаев Кореяда квоталар жылына еңбек мигранттарының санына немесе болу ұзақтығына қарай белгіленетінін айтты.

 «Оңтүстік Корея қазірдің өзінде 16 елмен жұмыс істейді, олар үшін жылына орта есеппен екі мыңнан бес мыңға дейін квота белгіленді. Қазақстан үшін бұл әлі анықталған жоқ, өйткені біз әлі келіссөз жүргізіп жатырмыз», – деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар министр Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетіндерге қойылатын талаптардың қатарында тіл курстарынан өту және жергілікті жұмыс берушілер сұраған мамандықтар бойынша біліктілігін арттыруға дайын болу керегін айтып, егер Қазақстан мен Корея келісімге келе алса, азаматтарымыз бұл елде үш жыл жұмыс істей алатынын еске салды. 

Алаяқ компаниялар да бар

Айта кету керек, бүгінде еңбек көші-қоны, оның ішінде заңсыз көші-қон проблемасы Корея Республикасында ұшығып тұр және әлеуметтік шиеленістің маңызды факторы болып саналады. 2020 жылы жағдай бойынша, ел аумағында 320 мыңнан астам шетелдік заңсыз болған, оның ішінде Тайланд азаматтары – 138 мыңнан астам (жалпы санның 29%-ы), Қытай азаматтары – 71 мың (20%), Вьетнам азаматтары – 42 мың (шамамен 12%), Моңғолия – шамамен 16 мың (4,4%), Фи­лип­пин – 13 мыңнан астам (3,6%), Ресей – шамамен 11 мың (3%), Қазақстан – шама­мен 9 мың (2,8%), Индонезия – 8 мыңнан астам, Өзбекстан мен Камбоджа – әрқайсысынан шамамен 6 мыңнан. Оңтүстік Корея үкіметі заңсыз мигранттардың санын азайту бойынша шаралар қабылдауда, оның ішінде шекарадан өту рәсімдерін қатайту, тәртіп бұзушыларды анықтау бойынша рейдтер. Атап айтқанда, 2019 жылы халықаралық әуежайларда жол берілмеген және Қазақстанға кері жөнелтілген еліміздің азаматтарының саны 5 мыңға жуық адамға жеткен. Кореяның иммиграциялық қызметінің мәліметінше, 2020 жылы елде жүру ережелерін бұзғаны үшін 1 500-ге жуық адам Қазақстанға қайтарылды. Үкімет заңсыз мигранттар үшін кей уақытта амнистия жасап, соның барысында оларға ел­ден өз еркімен айыппұл төлемей кету мүмкіндігі беріледі. Сыртқы істер минис­трлігінің былтырғы мәліметтеріне сәйкес, Оңтүстік Кореяда шамамен 7-8 мыңға жуық отандасымыз заңсыз жұмыс істейді. Тұрмыстың қамытымен шекара асқан отандастарымыз туралы баспасөз беттерінде түрлі ақпараттар тарап келеді. Тәртіп бұзып, назарға іліккендері де бар. Мәселен, былтыр Оңтүстік Кореяда шекара­дан заңсыз өтпек болған Қазақстанның екі азаматы қамауға алынған болатын. Олардың бұл әрекеті сол елдің БАҚ беттерінде де жиі жазылды. Ал 2019 жылы Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында 20 жастағы Қазақстан азаматы 7 жастағы баланы көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен еді. Өзбекстан арқылы елге оралған азаматты Оңтүстік Корея экстрадициялау туралы Қазақстан Үкіметіне өтініш білдіріп, қылмысын мойындаған азамат бүгінде темір торда қамауда. Міне, осындай үлкен тәуекелдерге бел буған қазақ жастары аз емес. Тіпті, елімізде «Кореяға жұмысқа тұрғызамыз, барлық жағдайды жасаймыз» деп уәде беріп, халықтың ақшасын қағатын алаяқ компаниялар да жетерлік. Осындай алаяқ компанияға тап болып, алданған жандардың бірі – Әлібек Шахбатыров. Ол Астана қаласындағы әлдебір компанияның Оңтүістік Кореяға жұмысқа заңды орналас­тырамыз деген сөзіне сеніп қалғандығын айтады. 

«Алғашында бізді Аустралияға жұмысқа апарамыз деді. Кейіннен білдік, ол компания ешқандай Аустралияға адам апармайтынын. Сосын бізге Аустралияға виза шықпады. «Оңтүстік Кореяға барасыңдар ма?» – деді. Біз 600 мың теңге ақша төлеп қойған соң, қайда болса да барамыз, ақша табамыз», – деп келістік. Олар бізге «сол жақтан бізді өз адамдары күтіп алып, қонақүйге орналас­тырып, жұмысқа тұрғызады», – деп уәде берді. Алты адам болып әуежайға кірген бізден үш адам ғана шетелге шығуға мүмкіндік алдық. «Бақсақ бақа екен» демекші, Оңтүстік Кореяға жете салысымен бізді сан соқтырып кеткенін білдік. Бізді ешқандай адам күтіп алмады. Сонда жұмысқа тұрғызады дегені, ешқайда жұмыс істемейтін, адамдарды алдап ақшасын қағып жүрген орыс азаматы болып шықты. Егер жұмысқа тұрғыларың келсе, маған «100 доллар төлейсіңдер», – деп талап қойды. Ал біздің келісімшарт бойынша ол адам бізге ақысыз қызмет көрсетуі тиіс еді. Ақырында, біз өзіміз сол жақтан таныстар іздеп, өз бетімізше жұмыс іздедік. Жұмысшылар отыратын «жетім бұрышқа» барып, күніне жұмыс іздейміз. Ақыры, бір жұмысқа орналасып, жұмысымызды атқарып жүргенімізде рейд кезінде тәртіп сақшыларына ұсталып қалдық. Соңында бізді ол елден қуып шықты. Осылайша, не тапқан ақшамыз жоқ, өзіміздің компанияға берген ақшамызды да қайтара алмай қарызға баттық», – дейді ол. 

«Еңбекке рұқсат беру жүйесінің» артықшылығы көп

Осы ретте, біз Оңтүс­тік Кореяда жұмыс істеп жүрген біршама азаматтармен бай­ланысуға тырыс­тық. Дін­мұхамед Садуа­қасов деген отан­дасымыз – біраз жыл­дан бері сонда нәпа­қасын тауып жүрген көп азаматтардың бірі. Ол Оңтүстік Кореяға 2019 жылы туристік визамен келгенін айтады. 

«Мен кезінде Мәскеудегі LG кореялық компанияда жұмыс істегенмін. Сонда қызмет етіп жүргенімде кәріс достарым болды. Менің осы Оңтүстік Кореяда жұмысқа тұруыма олар көп көмегін тигізді. Заңсыз еңбек мигранттар, бір жағынан бұл мемлекеттің кәсіп иелеріне де тиімді екенін байқадым. Себебі олар заңсыз мигранттардың еңбек күшін пайдаланғанымен, мемлекетке салық төлемейді. Бұл елде салық мөлшері жоғары. Олардың медициналық сақтан­дыруына бастарын қатырмайды. Сондықтан бұл жақта осы ТМД мемлекеттеріндегі жұмысшыларды алуға бейіл. Көп жұмыс­шылар D1 деген гуманитарлық визаны алады. Ол мұнда жүріп-тұрғанға рұқсат беретін виза. Алты айдан кейін жұмыс істеуге рұқсат алады. Ол рұқсатты алу үшін де арнайы көптеген қағаздар толтырасыз. Мәселен, өз елімде дін жағынан, саяси немесе гендерлік (ЛГБТ) қысымдық көрдім деген кейстерді толтыруыңыз шарт. Көп жұмысшылар жақсы жалақы үшін сондай жағдайға амалсыз келіседі. 

Егер жұмысшыларға Е9 визасы берілсе, яғни заңды түрде жұмысқа орналаса алса, мұның тиімді жақтары өте көп. Мәселен, барлық жұмысшылар секілді медициналық сақтандыруыңыз болады. Өзге әлеуметтік пакеттерді ала аласыз. Жатар орыныңыз бен тамағыңыз беріледі. Сонымен қатар алты айдан кейін несие де алуға мүмкіндігіңіз болады. Былтырға статистика бойынша, Оңтүстік Кореяға жұмыс күші ретінде «Еңбекке рұқсат беру жүйесі» келісіміне кірген 16 мемлекеттен 280 мың адамды қабылдаған. Егер Қазақстан 17-ші болып кірсе, онда жаңағы есеп бойынша есептесек, елімізден бірнеше мың адамды жұмысқа қабылдауы мүмкін», – дейді ол. 

«Сондағы қандастарымыздың еңбек құ­қығы қаншалықты тапталып жатыр, жалақыларын бермей қойған жағдайлар жиі бола ала ма?» деген біздің сұрағымызға, ол былайша жауап берді. 

«Жалақыларын бермей қойған оқиғаларды өз басым кездестірмедім. Ара-тұра естіп қалып жатамыз. Бірақ ол жерде жұмысшылардың да кінәсі болуы ықтимал. Егер жұмыс беруші заңсыздыққа барып, тиісті жалақысын бермейтін болса, кез келген жұмысшы 1 350 нөміріне хабарласып, «осындай жерде менің жалақымды бермей жатыр» деп өзінің арыз-шағымын жеткізе алады. Іс сотқа өтіп, сот егер жұмыс берушінікін заңсыз деп тапса, жұмысшының айлығын өндіріп береді. Мұндағы жұмыс берушілер заңды бұзбауға тырысады. 

Мұнда әйел кісілерге күніне шамамен 70-100 АҚШ доллардан төленсе, ер азаматтар 100 АҚШ долларынан көп табады. Ауыр жұмыстарға тіпті жақсы төлейді. Шамамен 200 АҚШ долларына дейін барады. Теңізде теңіз капустасымен жұмыс істейтін болсаңыз, жақсы қаражат табуға болады. Қыз-келіншектер асханада, қонақүйлерде бөлме жинаушы, тазалықшы, ыдыс жуушы болып жұмысқа тұрып жатса, ер адамдар фабрикаларда, көлік құрастыратын зауыттарда, құрылыстарда жұмыс істейді. Мұнда жұмысқа келіп жатқан отандас­тары­мыздың көбі елдегі дағдарысқа байланысты несиеден құтылуға, тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу мақсатында келеді. Мұнда келген жұмысшылардың көбі елде жүріп баспанаға ақша жинай алмайтынын айтады. Миллиондап қарызға батқан кісілердің мұнда несиелерін өтеп, тұрмысын туралағанына көзіміз жетті. Қазақстанда жүріп 12 жылда жететін мақсатыңызға, мұнда 5 жылда жетуге болады», – деген ол ондағы қазақтар өте белсенді екенін айтады. «Осында келіп қорасын малға толтырып жүргендерді де, мұнда косметика мен автобөлшектер жағынан өз кәсібін ашып, дөңгелетіп жүргендерді де көрдік. Соңғы екі жылда елден қазы-қарта, қымыз, құрт май алып келіп жатқан отандастарымыз көп. Оған рұқсат берілген. Мұнда қазақтар ашқан дәмханалар да бар. Кейде еліміздің әншілері осында өз кештерін өткізіп жатады. Әр қалада қазақтар жиі бас қосып, бильярдқа, моншаға барып жатады. Бірлігі бекем, ынтымағы зор», – дейді Дінмұхамед. 

Ал Сайрангүл Дахан есімді сонда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жүрген қанда­сымыз «Еңбек­ке рұқсат беру жүйе­сінің» көп артық­шылық­тары бар екенін жеткізді. 

«Бұл жүйенің пай­дасы өте көп. Ең бірінші, барлық кәрістер секілді адамның құқығы қорғалатын болады. Барлық әлеуметтік жағынан құқығыңыз тең болады. Жалпы, EPS артықшылығы ретінде еңбек мигранттарының медициналық сақтандыру, жинақтаушы зейнетақылық сақтандыру, жұмыстан босату төлемдерін сақтандыру және басқа да жәрдемақылар сияқты сақтандырудың түрлерін қамтитын әлеуметтік пакеттер ала алатыны айтылады. Атап айтқанда, мемлекет жалақыны сақ-тандыру, жұмыстан босату жәрдемақысын сақтандыру, медициналық сақ-тандыру, жинақтаушы зейнетақы жүйесі, жұмыскерді жұмыс орнына байл-анысты зақымдану мен аурулардан сақтандыру, өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру және жұмыссыздықтан сақтандыру сияқты төлемдер мен өтемақыларды міндетті түрде төлейді. Мұнда көбіне ауыр жұмыс түрлерінде қызмет ететіндіктен жұмыс барысында денсаулығыңызға жиі қауіп төнуі мүмкін. Егер заңсыз жұмыс істеп жүрген болсаңыз, ауруханаларға өзге адамдардан екі-үш есе көп қаражатыңыз кетеді. Екіншіден, тұрақты жалақыңыз заңды түсіп отырады. Кәрістерде «он үшінші жалақы» деген бар. Мысалы, сіз осы жылдың тамыз айында жұмысқа тұрсаңыз, жалақыңыз шамамен 800 мың теңге болса, келесі жылдың тамыз айында сізге өз жалақыңыздан бөлек тағы да 800 мың теңге қосымша ақы төлейді. Осы мүмкіндікке ие боласыз. Сонымен қатар бұл жүйенің ең тиімді тұсы – мұнда келетін қандастардың сауаттылығы жоғарылайды. Яғни, мұнда ол жүйемен кез келген адамды ала бермейді. Ол үшін сотталмаған және денсаулығыңызда ақау болмауы керек. Сондай-ақ корей тілінен тест тапсырасыз. Мұндағы заңдармен танысып шығасыз. Бұрын кейбір қазақтар тапқан-таянғанын жинап, не кәріс тілін, не ағылшын тілін білместен көлігін сатып, билет алып, ақырында тексеру пунктінен кері қайтып жаяу, ақшасыз қалып, сандарын соғып жатса, бұл жүйе ондайға жол бермейді. Яғни, бұл мемлекет қойған талаптардан өте алмайтын болсаңыз, сізді мұнда жібер­мейді. Ал барлық талапқа сай болсаңыз, сіздің мұнда толық құқығыңыз қорғалып, тиісті жұмысқа орналасып, өзіңіздің жеке тұлғалық статусыңыз болады. Жалпы, бұл жүйе бойынша шетел азаматтарын жұмысқа жалдаудың бастапқы кезеңі – 3 жыл, одан әрі тағы 1 жылға және 10 айға ұзарту мүмкіндігі бар. Нәтижесінде, 4 жыл 10 ай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Егер қызметкер тек бір кәсіпорында жұмыс істесе, онда еліне қайтқаннан соң 3 айдан кейін тағы 4 жыл 10 айға жұмыс істеуге келе алады. Егер қызметкер жұмыс ор-нын өзгерткен болса, бірінші жұмыс мерзімі аяқталғаннан кейін ол EPS бағдарламасына құжаттарды қайта тапсырып, корей тілінен емтихан тапсыруы керек. Бұл емтихан жеңілдетілген сынақ саналады және тапсыру үшін күнделікті өмірде қолданатын қарапайым сөздерді білген жеткілікті. Барлығы 200 балдың ішінен емтиханнан сәтті өтті деп санау үшін 80 балдан жоғары балл алу керек. Тағы бір ерекшелігі, мұнда еңбек визасымен келген қырғыз, өзбек ағайындар өз кәсіптерін ашып алды. Дәмханалар, мейрамханалар ашып жатыр. Себебі олардың кәсіп ашуға құқығы бар. Ал біздің қазақтардың олай кәсіп аша алмауына жаңағы жүйенің болмауы себеп. Бұл елде заңсыз кәсіп аша алмаймыз. Тек мұнда келіп кәріске тұрмысқа шыққан қыздар мен кезінде осында оқуға келіп, қалып кеткендер ғана ондай мүмкіндікке ие. Өзбекстан мен Қырғызстанға жылына 3 мың-ға жуық квота бөлінеді. Бірақ өзбек азаматтарына жұмыс ұсынған мекеме Өзбекстанның қорына жұмысшылардың еңбекақысының белгілі бір пайызын аударып отырады. Егер бізге де солай жасайтын болса ол біздің мемлекетіміздің экономикасы үшін тиімді болар еді», – дейді ол. Сонымен қатар Сайрангүл бұл жүйенің кемшілігі болуы да ықтимал екендігін айтады. «Мұнда маусымдық ауыр жұмыстар жетерлік. Еңбек визасын сол жұмыстарға беруі мүмкін. Мәселен, теңізден теңіз өнімдерін жинайтын жұмыс түрлері соның қатарында. Жұмысшылар күз кезінде теңіз суын белге дейін кешіп жүріп, балдырларды жинайды. Теңіз суы өте суық болғандықтан адам денсаулығын жоғалтуы мүмкін. Қыздар жатырына суық тигізіп бедеулікке, ерлер белсіздікке шалдығуы мүмкін. Сол секілді кеме жасайтын зауыттар да өте ауыр жұмыстарға жатады. Оңтүстік Корея кеме жасаудан әлемде алдыңғы орында. Ал онда адам денсаулығына келер қауіп өте көп. Адам ағзасы улы газбен улану ықтималдығы жоғары. Үш-төрт жыл жұмыс істеген адамдар тыныс жолдары ауруына шалдығып жатады. Мысалы, осындай зауытта төрт жыл істеген бір қандас апайымыз демікпеден қайтыс болды. Ол апай кемені сырлау барысында клейден аллергия болып, кейін демікпеге ұласып, ауруы асқынып кеткен еді. Өзбек­станнан дәл осындай маусымдық жұмыстарға еңбек визасымен келген жігіттер жұмыстың ауыртпалығына шыдамай, қашып кеткен ақпарат тараған еді. Кейіннен олардың іздестіріп жатқаны айтылды. Ал ұсталған жағдайда үлкен көлемде айыппұл салып, заңды бұзған себебімен еліне қайтарылады», – дейді ол. 

 

ТҮЙІН:

2014 жылы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы визасыз режим туралы Келісім күшіне еніп, соған сәйкес Қазақстан азаматтары туристік, жеке, іскерлік, мәдени және медициналық мақсаттардағы сапарларға 30 күнге дейінгі мерзімге визалық талаптардан босатылған еді. Ресми дерек бойынша, 2014–2019 жылдар аралығында Корея Республикасына келетін қазақстандықтардың саны екі еседен астамға (жылына 20 мыңнан 44 мың адамға дейін) ұлғайған екен. Осы уақытта еліміздің Оңтүстік Кореяда тіркелген және тұрақты тұратын азаматтарының саны жеті есеге, яғни 3 мыңнан 22 мыңға дейін артты. Тағы бір дерек: Ұлттық банктің ресми мәліметінше, 2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін Оңтүстік Кореядан Қазақстанға аударылған ақша көлемі 1,7 миллионнан 105 миллион АҚШ долларына дейін өсті, яғни 60 есеге ұлғайған екен. Корея Республикасын­дағы орта және шағын кәсіпорындарда жұмыс істеуге рұқсат беретін EPS (Employment Permit System) жүйесі елімізге қаншалықты тиімді боларын уақыт еншілемек. Тұрмыстың тауқыметімен тәуекелге бел буған талай жастардың тауы шағылмасын деп тілейік. Болмаса екен алдың жар, Корея асқан тағдырлар...

Наурызбек САРША