Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жұмыс басталады.
«Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізіледі  – Аида Балаева
881
оқылды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсетілетінін айтты.

«Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарымызда бар. Оның ішінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жұмыс басталады.  Бұл жерде көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ – «Қазақфильмнің» қазіргі жай-күйі. Мен министр ретінде «Қазақфильмнің» халықаралық киноиндустриядағы бұрынғы даңқы мен статусын қайтаруға мүдделімін. Бұл біз үшін жауапты іс әрі қастерлі міндет. Бұған қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасы тиісті деңгейде жүзеге асуда. Кім, қаншалықты Қазақфильмнің болашағына күмәнмен қараса да, біздің айтарымыз біреу – "Қазақфильм" қатардағы киностудия емес, бұл – біздің тарихымыз, біздің рухымыз, ұлттық киномыздың келешекке деген үкілі үміті. Сондықтан да оны сақтап қана қоймай, қарыштап дамуын қамтамасыз ететін боламыз», – деді министр алқа отырысында.

Аида Балаеваның айтуынша, Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қолдау орталығының құрылғанына 5 жыл болды. Осы жылдар арасында 5 питчинг өтіп, 100 фильм өндірілді.

Алайда фильм тақырыптарының біржақтылығын байқауға болады. Мәселен, ашаршылық, соғыс, нашақорлық тақырыбында фильмдер басым болып тұр.

«Биылдан бастап мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды конкурстық іріктеу ережесі өзгерді. Атап айтқанда, Ұлттық киноны қолдау орталығы алдымен сценарийлерді қабылдап, үздіктерін сараптама кеңесі іріктейтін болады. Ұлттық мүддемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жақын арада жаңа форматтағы конкурс жарияланатын болады», – деді ол.