Сүйел көбіне қолға шығады.
Сүйел неден пайда болады?
Фото: kk.medicinehelpful.com
3,177
оқылды

Сүйел – адам папиллома вирусы (HPV) тудыратын тері инфекциясының бір түрі. Инфекция теріде дөрекі, тері түсті бөртпелердің пайда болуына әкеледі. Бұл – жұқпалы вирус.

 Сүйелі бар адамға қол тигізген кезде ол жұғуы мүмкін. Сүйел көбіне қолда пайда болады, сонымен қатар аяққа, бетке, жыныс мүшелеріне және тізеге де шығуы мүмкін, деп жазады medqaz.com.

Сүйел шығуының негізгі себебі туралы айтар болсақ, бұл папиллома вирусынан пайда болады. Вирус теріге түскен кезде ол ағзаға жарықшалар немесе жаралар арқылы кіреді. Оның пайда болуына не әсер етеді? Атап айтсақ, иммунитеттің әлсіреуі, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, жеке гигиенаны сақтамау, күйзеліс, созылмалы шаршау, жасөспірімдік кезеңдегі гормонды өзгеріс және т.б. 

Балалар сүйелге көбірек бейім болады. Сонымен бірге аутоиммунды ауруы бар немесе иммундық жүйесі әлсіреген адамдар, соның ішінде егде жастағы адамдар сүйел тудыратын вирусқа көбірек бейім келеді.

Сүйел түрлері дененің зақымданған бөлігіне байланысты өзгереді.

Сүйелдің қандай түрі бар? 

Қолға шығатын: бұл сүйелдер қарапайым сүйелдер деп аталады, өйткені олар ең көп таралған түрі.

Жалпақ сүйелдер бет пен маңдайға шығады.

Табан сүйелдері табанда пайда болады. Бұл сүйелдер ортасында кішкентай қара нүктелері бар мозолейге ұқсайды, жиі ауырады.

Жыныс мүшесінде немесе тік ішекте пайда болатын сүйелдер жыныс сүйелдері деп аталады. Бұл сүйелдер – жыныстық жолмен берілетін инфекцияның бір түрі.

Периунгуальды және субунгуальды. Бұл сүйелдер саусақтардың және аяқ тырнақтарының астында немесе айналасында пайда болады.

Сүйел өте жұқпалы. Вирус адамнан-адамға немесе дененің әртүрлі бөліктеріне түрлі жолмен таралуы мүмкін. Атап айтқанда, сүйелмен тікелей байланыс, сүлгі, есік тұтқасы және душ едені сияқты вируспен ластанған нәрсеге қол тигізу, жыныстық қатынас, тырнақ тістеу және кутикуланы алу, қырыну.

Сүйелдің сыртқы түріне келсек, әртүрлі болады: күмбез тәрізді, тегіс, дөрекі.

Қалай емдеуге болады?

Иммундық жүйе вируспен күрескеннен кейін сүйел көбіне өздігінен кетеді. Ал олай болмаған жағдайда дәрігерге көрінгеніңіз жөн. Маман арнайы ем тағайындайды.

Адамдардың шамамен 20% -ында сүйел екі-үш ай ішінде, ал кейбір науқастарда екі жыл ішінде жазылады екен. Сондықтан мұндай жағдайда иммундық жүйені нығайту жеткілікті. Ол үшін дұрыс тамақтанып, спортпен айналысып, жақсы ұйықтау – ең жақсы әдіс.