Елімізде 2016 жылдан бері 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде мерекелеу дәстүрі қалыптасты. Алғыс айту күні  – ең алдымен тыныштық пен бейбітшіліктің, халқымыздың бір-біріне құрметі мен сыйластығының, мейірім пен достықтың мерекесі.
Геннадий Шиповских, Парламент Сенатының депутаты: Алғыс айту мейрамы – тағылымды мереке
5,108
оқылды

Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқымызға терең тағзымының белгісі. Біз мереке қарсаңында Парламент Сенатының депутаты Геннадий Шиповскихпен сұхбаттасқан едік.

– 1 наурыз – Алғыс айту күні Сіз үшін қандай мереке? 

– Көктемнің алғашқы күні, ал­ғашқы ме­рекесі – мен үшін ерекше. Алғыс айту күнінің тари­хына үңіліп қарайтын болсақ, бар­ша қазақ­стандықтар үшін ерек­ше мәнді, мағыналы мереке деп ой­­лаймын. Сонау ХХ ға­­сырдың басында әртүрлі жағ­даймен қаншама этнос өкілдері қазақ жеріне көшіп келді. Өз отан­­­­дары­­нан айырылып, мәж­бүрлі түрде жер ау­­­­дарылды. Сол уақыттарда тағдыр тәлкегіне ұшы­­раған қаншама адамдарды, отба­сыларды қазақ халқы даладай дархан көңілмен бауырына басты. Қараша үй, қара шаңырағында мейірімге бөлеп, қамқор­лығына алды. Соңғы түйір дәнін, жарты нанын бөліп берді. Жат­сын­бады, жатырқамады. Бүгін ортақ Отаны­мыз, бей­біт елі­міз, бірлігі жа­расқан халқымыз бар. Сон­дықтан да түрлі этнос өкілдері қазақ халқына өз ризалығын білдіруде.

Алғыс айту мейрамы – тек ризашылық күні ғана емес, тарихтан сыр шертетін тағы­­­лымды мереке. Қазақстан­­­да­ғы барлық этнос өкілінің өмірлік өз шежіресі бар. Ал оның әрбір тарауында қазақ халқының өл­шеусіз рөлі бар екені сөзсіз.

– Сіз алдымен кімге алғыс айтар едіңіз?

– Алғысымды бірінші кезекте мені әлпештеген, биікке көтерген қазақ халқыма айтамын. Маған өмір сыйлаған әке-шешеме, өсіріп, тәрбиелеген ата-анама алғысымды айтамын. Отбасыма алғыс ай­тамын. Барлығы менің қолдаушыларым, қорғау­­­шы­­­ларым, қамқорым. Барлығына ризамын, рақмет айтамын. Жалпы, Алғыс айту күні – қысқа ғана уақытта халықтың ерекше ықыласына бөленген тамаша мей­рам. Көктемнің алғашқы күні мейі­рімнің, жақсылықтың, бейбітшіліктің, татулықтың, ырыс-берекенің нышаны ретінде дамуы керек деп ойлаймын. 

Сонымен қатар алғыс айту бүгінгі күннің ба­тырларына да арналады. Себебі қазіргі уақытта құт­қарушыларымыз, шекара кү­зетіндегі, құқық қорғау орган­­­дарындағы және басқа да елімізге қызмет етіп жүрген қаншама батырларымыз бар. Бұл кісілерге де өз алғысымызды айтамыз.

– Мерекені отбасыңыз, бала­ларыңыз қалай қарсы алады?

– Отбасым үшін де ерекше мейрам. Жаймашуақ көктемнің бірінші күнімен жарыса жеткен мереке отбасымызға да шуағын төгіп, қуанышын ала келеді. Ме­ре­кені жылы ықыласпен қар­сы аламыз. Біз тату-тәтті шаңы­ра­ғымызда бір-бірімізге алғыс ай­тып, ризашылғымызды біл­діреміз.

– «Армансыз адам – қанатсыз құс» дейді. Ар­маныңызға қанат бітіріп, қиялыңызды ұштаған, бі­лімге баулып, тәлім берген ұстазыңызды еске алып, алғыс айтуыңызға болады...

– Әрине, ұстаз әрбір адамның өмірінде ойып тұрып үлкен орын алады. Менің алғашқы ұстазым – Дәметкен апай. Кейін білім көк­жиегіне жетелеген Ырыскүл апай, Мира апай секілді ұстаздарым көп. Ұстаздарымның барлығына басымды иіп тұрып алғыс айта­мын. Қазақта «Ұс­­­тазы жақсы­­ның –ұстанымы жақсы», «Ұс­таздан шәкірт озар» деген қанатты сөз бар. Сондықтан білімге бау­лып, тәрбие берген ұстаз­­дарым­ның арманын орындадым деп ойлаймын.

Бір-бірімізге алғыс айту, риза­шылығымызды білдіру дегенді көбіне ескере бермейміз. Шын­дығында, бір-бірімізге бар бол­ғанымыз үшін, береке-бірлі­­гі­мізді, ырыс-ынтымағымызды сақтай білгеніміз үшін алғыс айтудың, ризашы­­лығымызды білдірудің маңызы зор. Барша ағайындарыма, әріптестеріме, достарыма, мені қолдап жүрген әрбір азаматқа алғыс айтамын. Мейрамымыз құтты болсын!

– Рақмет! Мерекеңіз құтты болсын!

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ