Жалпы, осы сияқты әр адамның тағдыры ғана емес, еңбек жолы да оның альма-матеріне айналатын шығар. Себебі алғаш қызметті бастағаннан үйренетінің, бойыңа, миыңа, жүрегіңе жинайтын қорың молая түседі. Ол қор жоғалмайды, өмір жолыңның келесі кезеңіне сәуле шашатын шыраққа айналады. Оң шешім қабылдауға, дұрыс таңдау жасауға сеп болады.
AIQYN газетіне бас редактор болып 31 жасымда келдім. Оған дейін Egemen Qazaqstan-да бас редактордың орынбасары қызметін атқардым. AIQYN мен үшін әрі университет, әрі жұмыс, әрі мүмкіндік болды. Дәстүрлі медианың келбетін сақтап әрі жаңа заманға сай бейімдеп, креативті ойларымды іске асыруға, газетті одан әрі дамытуға берілген зор мүмкіндік еді. Әрине, маған дейін газетті Нұртөре Жүсіп секілді тәжірибелі редактордың ұзақ жыл басқаруы үлкен жауапкершілік жүктеді. Алғашқы күннен өзіме бірнеше негізгі міндет қойдым: AIQYN-ды жылдар бойы жеткен биігінен түсірмеу, сапасын арттыра отырып, жаңа деңгейге шығару және заман талабына сай онлайн контентті, сайтты дамыту. Бұл 2019 жылдың қыркүйегі еді.
Менің түсінігімде оқырмандар таңмен таласып, көзін уқалап жатып, жаңалық атаулыны смартфонынан оқып қоятын кезеңде газет өзінің дәстүрлі стилін өзгертуі керек еді. Минут сайын келетін жедел хабарларды газетке жазудың мәні қалмады. Өйткені ол қағаз бетіне түсіп, қатталып, көлікпен пошта арқылы түрлі мекенжайға, аймаққа жетемін дегенше әлгі ақпардың маңызы жоғалады. Енді не істемек керек? Жол біреу – газет сол хабарларда жазылатын қоғамның ортақ мәселесін, жұрттың көкейіндегі түйткілдерін сараптап, жан-жақты зерттеп жазуы тиіс. Себебі сараптама стилінде түзілген мақаланың маңызы бір аптадан соң, бір айдан соң, кейде бір жылдан соң да жоғалмайды. Ал AIQYN-ның сайты, әлеуметтік желілердегі парақшалары жедел ақпарды жұрттан бұрын жазып, оқылымын арттыруы міндет болды. Жаңа концепция бойынша AIQYN брендін осы бағытта дамытуды жоспарладым.
Әрине, дәл қазір мұны екі ауыз сөзбен айту, еске алу оңай. Бірақ сол кезде жаңа ұжымға осы ойды түсіндіріп, журналист қауымның көзін жеткізіп, біршамасының жазу стилін өзгерту қажет болды. Жылдар бойы өзіндік жазу мәнері қалыптасқан тілшіге «бүгіннен бастап басқалай жазамыз, сараптау керек» деп түсіндіру, талап ету оңай іс емес. Алайда ұжымда бұрыннан талдап жазатын тілшілер де баршылық еді. Аймақтардағы меншікті тілшілермен жұмыс өз алдына бөлек міндет болып тұрды.
Сонымен, «мұсылман болу әсте-әсте» дегендей, жұмыс ақырындап басталды. Ұжыммен тақырыптарды бірге талдап, әр мақаланы қалай жазу керегін үнемі ақылдасатын болдық. Тілшінің білгені, естігені, көргені көп. Жиналыста өзінің, өзгенің материалына талай ұсыныс, идея айтылатын. Сұхбаттарға да тың есімдерді іздедік. Жыл соңына қарай газетті қаттау дизайны, мақалалардың жазылу бағыты, коллаждар – бәрі өзгере бастады.
Сайт та назардан тыс қалмады. Aikyn.kz елімізде ең көп оқылатын 10 сайттың қатарында болу үшін біраз тер төгілді десек, артық емес. Газеттен бөлек, сайттың зерттеу тақырыптары күнара талқыланатын. Асқар Беков жетекшілік еткен сайт редакторларының құрамына жас мамандар келді. Біз өзге сайттарда жиі жазыла бермейтін бірегей тақырыптарды көтеруге тырыстық. Оқырман назарын солай тартуды көздедік. Әйелдер түрмесі, жеке детективтердің қызметі, көше жағалаған үйсіз жандардың тағдыры, министрліктердің еншісіндегі қымбат көліктер, мемлекеттік сатып алу порталындағы былықтар, пандемия кезіндегі көр қазушылардың жұмысы және тағы басқа тақырыптар қозғалды. Оның біразы фоторепортаж ретінде жарияланды. Көп жағдайда ойлағанымыздай қалам сирек тербелетін тақырыптардың сайттағы оқылымы мол шықты. Кейде материалдарымызды пәленше мың адам оқығанын көрсек, атымыз бәйгеде топ жарғандай қуанып қалушы едік.
Бұдан бөлек, тек әлеуметтік желіге арналған арнайы контент те жасалды. Еліміздің белгілі мамандарынан «қысқа сұрақ – қысқа жауап» форматында 2-3 минуттық шағын сұхбаттар алдық. Себебі ақпарат ағыны қаптаған заманда ұзақ видеоны қарайтын шыдам көпшілікте жоқ. Алайда сол санаулы минутта он шақты маңызды сұрақ қойып, оның жауабын алып үлгердік. Ол роликтер Facebook, Instagramға арналып түсірілді. Сондай-ақ өзімізді сынайық деп екі шағын деректі фильм түсіріп көрдік. Бірі Қайым Мұхамедхановтың қилы тағдырына арналса, екіншісі Әлімхан Ермеков жайлы болды. Бұл туындыларды шағын деректі фильм деп атау қиын, кеңейтілген ролик деген дұрыс болар. Не десек те, әлеуметтік желідегі қауымнан оң баға алдық.
Әрине, қиындыққа да кезіктік. Кейде замандасын мақтап, жариялауды сұрап, сала құлаш мақаласын жолдаған зиялы ағаларға «жоқ» деуге тура келді. Шалынған түрлі қоңыраудан кейін өзекті мәселені көтерген тілшілеріміздің әр мақаласын газет бетінде қалдыру үшін күрескен түндер де есімізде. Пандемияда ауыл-аудандарға газет жетпей қалған күндер де тарих қойнауына енді.
Осылайша, AIQYN сараптама стилінде жазатын салмақты, әрленген, заманауи басылымға айналды. Ал газет сайты азулы әріптестермен додаға түсе алатын платформа атанды. Соңғы сөзімізді liveinternet-тің көрсеткіштері талай дәлелдеді. Топ-10 деген тізімде Aikyn.kz тұрса, марқайып қаламыз. Сөзсіз, бұл – ұжымның ортақ еңбегінің жемісі еді.
AIQYN жаңа жолы қандай болмақ?
Газет редакциясымен қоштасқалы 2 жылға жуық уақыт өтіпті. Бірақ AIQYN назарымызда. Өзекті мәселелерді қозғайды. Дизайны да өзгеріп тұрады. Басылымның осылай уақыт талабына сай бейімделгені жөн. Онсыз сұраныстан сырт қалады. Осы тұста газет келешекте қалай дамуы қажет деген сұрақ ойландырады. Пандемиядан аман шыққан басылымдардың алдында енді жасанды интеллект деген замана сынағы тұрған секілді. Неге дейсіз ғой... Өйткені әп-сәтте (әзірше ағылшын, орыс тілдерінде) мақаланы сау етіп түзіп шығатын ChatGPT және басқа ЖИ дәуірінде газетке қауіп төнбей ме деген ой келеді. Әлгі «машинаңыз» кейде тілшінің екі күн ізденіп жазған материалына тең туындыны даярлап береді. Коллаждарды ешбір дизайнерден кем сызбайды. Қиялы шексіз. Ол ЖИ ертең қазақ тілінде де солай жазып қалар, тек уақыт еншісіндегі мәселе. Егер осылай кете берсе, тілші ұстау қажет пе деген сауал туындап қалуы бек мүмкін.
Егер шетелдік гезеттердің тәжірибесіне үңілсек, басым бөлігі газеттің сайттағы мақаласын сататын ақылы режимге көшті. Биыл беделді New York Times газетінің оқырман саны 10,3 миллионға жетіпті, оның 660 мыңы газеттің қағаз нұсқасына жазылса, 9,7 миллионы онлайн нұсқасын ақылы түрде оқиды. Керемет көрсеткіш. Өкінішке қарай, бізде бұл тәжірибе кең тарамай жатыр. Оқырман ақпарат үшін ақша төлеу мәдениетін үйренген жоқ. Ақиқат, жалған, ақысы төленген, манипуляцияға бағытталған, инсайд және басқа да ақпарат түрлері Telegram арналарда, Instagram пабликтерде, сайттарда ашық әрі тегін ағыл-тегіл төгіліп жатқанда біздің оқырман нақ бір газеттің сайттағы мақаласына ақша төлеуге асықпайтын секілді.
Әрине, газет оқырманы әзірге жоғалмайды. Дүние атаулының бәрі цифрланып, диджитал дәуір қарқын алғанда газеттің бетін аударып оқығысы келетін жандар табылады. Бірақ жыл өткен сайын азаюы мүмкін. Мысалы, көрші Ресейде газетті 45 жастан жоғары жандар оқиды екен. Себебі жас буын көзін ашқалы онлайн заманға тап болды, оларда газетке жазылу, іздеп оқу әдеті қалыптаспаған. Біздің де оқырманның жайы осыған ұқсас. Бүгінде кафеде, коуоркинг орталықта газет парақтаған жас азаматты кездестірмейсіз. Құлағында құлаққап, алдында ноутбук немесе қолында смартфон. Қазіргі статус-кво осы. Дегенмен AIQYN қазіргі бағытынан жаңылмай, сараптама стиліндегі құнды материалдарын, тың мамандардың, өнер адамдарының, зерттеушілердің сұхбатын жиі жариялап отырса, оқырманын жоғалтпайды.
Бүгін AIQYN – 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан белді газет. Қазақ баспасөзінде өз орны, тарихы, қолтаңбасы бар басылым. Талай тілшіге мектеп, ұйымшыл ұжым, өмірге баспалдақ бола білді. Ең бастысы, өзінің негізгі миссиясы – қоғамды толғандырған өзекті мәселелерді үнемі қозғап келді, әрі осы бағытын жалғастыра береді деген сенімдемін. Бұл – оқырман алдындағы адалдық. AIQYN-ның ғұмыры ұзақ болып, 20 жылдық мерейтойдың әлі талайын атап өтер. Сонау 2004 жылы газеттің іргесін қалаған аға буынның ісін қабілеті қарымды жаңа, жас буын одан әрі жалғай берсін.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА,
AIQYN газетінің 2019-2022 жылдардағы
бас редакторы