Тайталаста сыналған.
Тығырықтан шыға алған.
Телеарнадан келгендер,
Тәуір газет шығарған.
(Журналистік фольклордан)
Жастықтың жалауы – «Жас Алашта» сегіз жыл жұмыс істеп, білім мен ғылым саласына түбегейлі ауысқан соң енді сірә газетке келе қоймаспыз деп ойлағанбыз. Жоқ, «ат баспаймын деген жерін үш басады» деген рас екен. Қай қиырда жүрсек те, бұқаралық ақпарат құралдарынан іргемізді ажырта алмадық. Реті солай болды. Әр кезеңде басылымды да басқардық, тележурналистиканы да тізгіндедік. Баспаны да, басқаны да игердік. Сәл кейінірек мемлекеттік қызметке қайта шақырылдық.
«Литер media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Айқын» мен «Литер» газеттері сол тұста өмірге есік ашты. Екеуі де «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» секілді күнделікті шығатын басылымдар еді. Жаңа газеттердің салғаннан даңқы мен дақпырты қатар жүрді. Солай болатындай жөні де бар. Тұрпаты басқа. Безендірілуі бөлек. Бірден көлемді дүниелерге тосқауыл қойылды. «Ақ сөйле!» деген етектей мақала жариялайтын жалғыз-ақ айдары бар. Одан өңгесі 100-150 жолдан аспайды. Мемлекеттік тапсырысты анау-мынау емес, азуы алты қарыс «Қазақстан темір жолының» өзінен алады. Газеттің тілшілері еңсесін биік ұстайды. Ғимаратқа да еркіндеу кіреді, жазғанда да еркіндеу жазады. Соған сай табысы да мол. Жалақысы жоғары, қаламақысы қомақты. Сондықтан өзге әріптестеріне қарағанда олардың көңілдері көтеріңкі жүреді.
Ең қызығы, бұрын-соңды болмаған осы бір айрықша жобаны көгілдір экран арқылы ел-жұртқа танымал тележурналистер қолға алды. Өзге қатарластары бұларға әдепкіде күмәнмен қарағаны да рас. Бұлай болуы негізсіз емес-ті. Себебі газетте жұмыс істеген адам телевизияға азды-көпті дайындықпен барады. Өйткені жазылған дүниені тігісін жатқызып редакциялайтын шеберлік мектебінен өтіп келеді. Енді оған тек студияның тіршілігіне төселу, микрофон ұстауға бейімделу, ұжымдық жұмысқа үйрену ғана қалады. Ал телеарнадан келіп, газет жұмысына жегілу – қиынның қиыны. Өйткені басылымның кез келген қызметкері мәтінді мәнді етіп жазуға, авторлардың мақалаларын тап-тұйнақтай етіп әзірлеуге машықтанған. Сондықтан мұндай майталман мамандарға бірдеңе үйрету үшін жазу өнерінде өзіңнің де мойының озық болуы керек.
Жоқ, талабы таудай тележурналистер газеттің шаруасын дүрілдетіп әкетті. Тіпті, қамшы салдырмады. Аз ғана уақыттың ішінде сүттей ұйыған ұйымшыл ұжымды қалыптастырды. Қай-қайсысы да ұйымдастырушылық жағынан шашасына шаң жұқтырмайтын болып шықты.
Ерлан Бекхожин, Сайын Есмағи, Серік Жанболат... Үшеуін де жақсы білетін едім. Ерланмен қатар оқыдық. «Хабар» агенттігінде бірге қызмет істедік. Серік Жанболатпен де студент кезімізден жақсы араласамыз. Екі ғасырдың тоғысында «Жеті күн» бағдарламасының тізгінін осы Секеңнің қолынан алдық. Сырттай бір-бірімізге тілеулестік танытып жүретін Сайын Есмағидың да жаттығы жоқ-ты. Осы үш тележурналистің ортасында «Жас Алашта» және басқа басылымдарда қызмет істеп, баспаханада талай рет кезекші болып, қорғасын әріптің уын жұтқан бір кәнігі газетші бар-ды. Ол – «Айқынның» бас редакторының орынбасары Әділбек Қаба. Басылымның бағытын түзеп, озық идеялар ұсынып, шығармашылық орта қалыптастыруға Әділбектің көп еңбек сіңіргенін айтуды парыз санаймыз. Баспасөз нарығына еркін кірген екі газет жұмыстың көрігін қыздырып жатты. Бірақ ұзамай бұл жігіттермен бірге қызметтес болып, жаңа жобаны жүзеге асыруға бірге атсалысамыз деген ой басымызға келе қоймапты.
Алдымен «Айқын» газеті сұхбатқа шақырды. Бұл кезде мен Мәдениет министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің директоры едім. Сұхбатты басылымның бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан алды. Қызық әрі тосын формат. Бірінші және екінші беттерге суретіңді жариялайды. Оны сұхбатшыға ілесе келген фототілші Советбек Мағзұмов қайта-қайта түсірген жиырма шақты кадрдың ішінен іріктейді. Тақырыпты да өз сөзіңнен ойып алып, сала құлаш етіп қояды. 2004 жылғы 22 мамырда жарық көрген біздің сұхбаттың тақырыбы да солай болды. «Тіл игеру тың игеруден әлдеқайда ауыр болып тұрғаны рас» деп айғайлап тұрды.
Мемлекеттік қызметтегі басқа қыз-жігіттерге қарағанда әріптестеріміздің бізге бүйрек бұрыңқырап тұратыны анық еді. Мамандығы журналист шенеунікті қай ақпарат құралының өкілі сыртқа теппек? «Айқын» да сол жолы осындай ұстаныммен келді-ау деймін. Өздері редакцияның газет репортерлеріне арналған, бүйірінде басылымның атауы жазылған жеңіл көлігімен жүреді. Журналисі де, фототілшісі де соған мінеді. Бұл көлік көшеде жай жүрмейді, жаңа тұрпатты басылымды жаңа астананың жұртына жарнамалай жүреді. «Айқынның» қызыл ала жазуы бар қоңыр машинасымен бірге жаңалықтың лебі кетіп бара жатады...
«Шығысым батыс боп кетті» деп ұлы Абай айтқандай, соның бәрінен телеарнаны газетке айырбастаған жігіттердің ерекше екпіні байқалып тұрар еді.
«Жүректің көзі» ашылса...
Өз шоғына маздаған,
Өз әнінен жазбаған.
Өр мінезді болған соң,
Өртене де жаздаған!
(Журналистік фольклордан)
Қысқасы, телевизия көрген тегеурінді жігіттердің осал газет шығармайтыны бірден-ақ белгілі болды... Бәрі де жас күнінде мақала жазуды газеттен бастаған-ды. Талай жыл қалың көрерменнің ықыласына бөленген олар енді ойлы оқырманға оралды. Байыптап қарасақ, телевизияда қызмет істеген мамандардың басылымға келуінен біраз жақсылық күтуге болатын сияқты. Телеарнаның тамырына қан жүгіртетін тапқырлық пен жеделдік, ұтқырлық пен ұйымдастырушылық баспасөзге де ауадай қажет. Жаңа газеттер осы жағынан ұтты деп ойлаймыз.
Тікелей эфирде бақсыдай ойнаған жігерлі журналистер баспасөздің бастан асатын шаруасына тез бейімделді де кетті. Біз бұларға сырттай қызыға қарадық. Әсіресе, «Айқынның» алғашқы бас редакторы Серікке сүйсінетін едік. Ол әуелден жақсы команда жасақтады. Негізінен, шеберлікке шыңдалу мектебі тәуірлеу «Жас Алаштың» сайыпқыран сарбаздарын жұмысқа шақырды. Бірлігі берік, тірлігі тату берекелі ұжым қалыптастырды. Басқару стилі еркін болды. Өзі үнемі солардың ортасында жүрді. Отқа да, суға бірге түсті. Редакциясы отқа оранғанда да әріптестерімен бірге болды. Қызметкерлері Серікті төбесіне көтерді. Бұл жағынан алғанда Секеңді баспасөз тарихындағы нағыз демократ бас редактордың бірі деуге болатын шығар. Сонда да қаламы құтты қыз-жігіттер «балапан басына, тұрымтай тұсына» деп ауа жайылып кетпейді. Басшының барлық тапсырмасы шетінен жедел орындалып жатады. Мен бұған осы басылымдарды басқаратын құрылтайшы компанияның қызметкері ретінде бір жылға жуық жұмыстас болған кезімде айқын көз жеткіздім. Біз төрт аяғын тең басқан газетке барып, оның бастаған ісін жалғастырдық.
Бір күні «Литер media» ЖШС бас директоры Ерлан Бекхожин хабар айтыпты. Тілдестік, пікірлестік, келістік. «Литер media»-ның атқарушы директоры болып тағайындалдым. Серіктестіктің бас кеңсесі, екі басылымның редакциясы, осы құрамға кіретін «Бухгалтер бюллетені» газетінің редакциясы Алматыда еді. Ал серіктестікке қарасты «Қазақстан теміржолшысы» газеті, «Айқын» мен «Литердің» меншікті тілшілер тобы елордада қоныс тепкен-ді. Астана бюросын бас директордың орынбасары Сайын Есмағи басқарады. Ол газет қызметкерлерінің қажетті ақпаратқа жедел қол жеткізуі үшін аянбай тер төкті. Тілшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға көп үлес қосты. Менің міндетім – осы Астана бюросының журналистеріне шығармашылық көмек көрсету және елордаға ат басын тіреген белгілі тұлғалардан сұхбат алу.
Бұл іске құлшына кірістім. Қанша жылғы тәжірибеге және қалыптасқан дағды-машығымызға сүйеніп, өнімдірек жұмыс істеуге ұмтылдық. Талғат Бигелдинов, Әзілхан Нұршайықов, Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбек сынды марғасқалармен сұхбаттарымыз сол тұста жарық көрді. Астанаға ат шалдырған шетелдік оқымыстыларды да әңгімеге тарттық. Ресейлік әйгілі түрколог Сергей Кляшторный, Франция Шығыс өркениеті мен тілдері институтының президенті, шығыстанушы Жак Легран, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, әдебиет зерттеушісі, айтматовтанушы Абдылдажан Ақматалиевпен сұхбаттарымыз жарияланды. Жиырма шақты сұхбатымыз кейін басылып шыққан «Жүректің көзі» деген кітабымызға айналып, жұртшылыққа жол тартты. Бұлай атаған себебіміз, газетте осы сұхбаттың көбі «Жүректің көзі» деген айдармен жарияланған-ды.
Сұхбат кейіпкерлерінің суреттерін басылымның фототілшісі Советбек Мағзұмов түсірді. Оның сурет түсіру тәсілі ешкімге ұқсамайды. Сұхбат алып болғанша сенің қасыңнан ұзамайды. Бір емес, жиырма-отыз кадр түсіреді. Әңгімеге түгел қанығады. Сол әңгіменің сипатын танытатын сәтті жаңағы кадрларының арасынан ұзақ іріктейді. Бір кезде «Таптым-ау сені!» дегендей, өзі-өзіне көңілі толып, бір суретті сеніммен ұсынады.
Бұл мезгілде «Айқын» мен «Литердің» ақпарат нарығында жүргеніне екі жыл толған-ды. Басылымдар бет-әлпетін оқырманға әбден танытқан болатын. Бет-әлпет демекші, киоскіде шеті ғана көрініп жатқан газеттерді жұрт атауын қарамай-ақ білетін дәрежеге жеткен. Макетінің ұлы жобасын аса білікті халықаралық деңгейдегі медиадизайнерлер сызып, үлгісін қалыптап қойған. Енді тек сол өлшемге сал да, газетті мың құлпыртып, тоқсан түрлендіріп шығара бер. Мақаланың көлемі бір-ақ тұтам. Компьютердің пернетақтасына үңілесің де, лездің арасында оңқай асықтай шиырасың да тастайсың.
Оның үстіне, «Айқын» мен «Литердің» сайттары бірден-ақ оқырманның ордалы отауына айналды. Сол кездегі жұрт көңілінен шыққан интернет нұсқалар осылар еді. Әсіресе, қазақ басылымдарын қарайтындардың комментарий жазу тәжірибесі алдымен осы «Айқын» арқылы қалыптасты десек, артық емес.
Қысқасы, «Айқын» – интернетке алдымен түрен салған басылымның бірі.
«Тақырып, тұрады шақырып...»
Ақ тілегің ағылар,
Алдан шырақ жағылар,
«Айқынды» алып ақтарсаң,
Аңсағаның табылар!
(Журналистік фольклордан)
Екі басылымды құрайтын компанияға да, орыс тілінде шығатын басылымға да атау болып тұрған «Литер» деген сөздің қайдан алынғаны белгілі. Литер – теміржолдың термині. Ал «Айқынның» қалай аталғаны бәрімізді ойландыратын еді. Бірде Ерлан Бекхожиннен «Газеттің аты қалай қойылды өзі?», – деп сұрадым. Ол Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы студенттеріне дәріс беретін. Сол топтағы Дана деген қыз ойланып отырып, «Ағай, сонымен ашқалы жатқан газетіңіздің атын не қылдыңыз?», – деп сұрайды. Бұл орысша газеттің аты белгілі екенін, ал қазақша басылымның аты әлі табылмай жатқанын айтады. «Онда неге «Айқын» деп қоймайсыздар?», – деген көрінеді әлгі қыз. Өзі сол тұста ел аузынан түспей тұрған жас әнші Айқын Төлепбергеннің өнерін қадірлейтін жастардың бірі болса керек. Бұл атау компания басшысының жүрегіне жылы тиеді. Жанындағы жігіттер де қолдайды. Содан газет «Айқын» аталған да кеткен. Ақыры ақпарат нарығында еркін жүзген «Айқын» ұлт баспасөзіндегі брендке айналды. Осы жиырма жылдың ішінде талай шаңырақта туған ұлдарға «Айқын» деген есім қойылды. Оның ішінде газетте жұмыс істеген тілшілердің перзенттері де бар. Әнші Айқынның өзі де әдепкі жылдарда редакцияға жиірек соғып тұрды. Сөз реті келгенде айта кетейік, қазақ эстрадасында өзіндік өрнек салған Айқын – ұзақ жыл газет-журналда қызмет істеген, белгілі журналист, сайыпқыран сатирик Нұртан Төлепбергеновтің ұлы. Демек, бұл Айқын да – баспасөздің перзенті. Газеттен иткөйлек киіп, журналды жаялық қылып, қорғасын әріппен ойнап өскен бала.
Әрине, құрылтайшыларға газеттің белгілі әншімен аттас болғанынан гөрі ұстанымының да, қолтаңбасының айқын болғаны маңыздырақ еді. Солай болды да. Сол айқындық ақпарат құралының беделін көтерді, ықпалын кеңейтті, бағасын арттырды.
«Литер media» ақпарат компаниясында бір жылға жуық жұмыс істеген соң «Астана хабары» газетіне ауыстым. Дәлірек айтсақ, елорданың бас басылымын басқарып жүрген Нұртөре Жүсіп орынбасарлық қызметке шақырды. Талайдан таныс-біліс Нұрекең екеуміз бірлесіп, бірқатар жобаны жүзеге асыра бастадық. Бірақ бұл жерде құлашымызды кең жая алмадық. Жарты жылға жетер жетпесте Ерлан Бекхожин мен Сайын Есмағи маған «Айқын» газетін басқару жөнінде ұсыныс айтты. Серік Жанболат басқа жұмысқа ауысып жатқан көрінеді. Сонымен, Астанадан Алматыға қайта көштік.
«Астана хабарынан» кетіп бара жатқанымда сәт сапар тілеген газет 77-нөмірмен шыққан-ды. «Айқындағы» қызметімнің алғашқы күні кешке қарай бас редактор ретінде 777-нөмірге қол қойдым. 7 мамыр, 2007 жыл. Мұны да жақсылыққа жорыдық.
Шығармашылық құрам өте мықты. Шетінен «сен тұр мен атайын» дейтін алымды да шалымды тілшілер. Төбені төңкер десең, тау қопарып келеді. Енді тек оларды жаңа идеялармен жабдықтау керек болды. Газетте ерекше еркіндік бар еді. Сондықтан мақалаларға қырық қатпарлы, алпыс астарлы тосын тақырыптар қойдық. Жастарды журналистік әбжілдікке баулыдық. Қай қырыңнан келсе де ұстатпайтын тың тәсілдер қолданылды. Қазақ сөзінің мүмкіндіктерін барынша пайдаландық. Сол жылдарда Бірыңғай ұлттық тестілеу қысқартып жазылғанда БҰТ делінетін еді. Тестілеу үдерісінен кезекті шу шыққан кезде «БҰТ тағы бүлінді» деген мақала жарияланды. Ертеңіне олардың кінәлі емес екені анықталғанда «БҰТ-ты бүлдірген бұлар емес» деген тағы бір мақала жарық көрді. Кейінірек әйтеуір ҰБТ делінетін болды. Бұл жөнсіз қысқарған сөзге де, жайсыздау әрекетке де байланысты ой-пікір айтылған дүние еді. Тағы бірде газетте осы салаға қатысты жағымды мақала жарық көрді. Оның тақырыбын Әділбек Қаба «Бұл тестілеу бұрынғысынан естілеу» деп қойды. Осылайша, тестілеумен айналысатындардың жақсы жағын да көре білдік. Атыраудағы меншікті тілші Тұрсын Қалимова атақты мұнай компаниясының жұмысшыларды «ашса, алақанында, жұмса жұдырығында» ұстауға мүмкіндік беретін өте тиімсіз «код» әзірлегені, оған жұрттың наразылық білдіріп жатқаны туралы өткір мақала жазды. Осы мақаланың тақырыбы «Теңізшевройл» жұмысшыларға «кодын» көрсетті» деп аталды. Ұлықбек Есдәулет ағам айтқандай, «Осындай тақырып, тұрады шақырып...».
Бас редактор ретінде Айгүл Аханбайқызы, Жолдасбек Дуанабай, Қуанышбек Қари, Асқар Тұрғанбаев, Төреғали Тәшенов, Қаншайым Байдәулетова, Қайыржан Төрежанов, Гүлнәр Тәжиева, Қарлығаш Зарыққанқызы, Сейсен Әмірбекұлы, Ләззат Билан, Гүлбаршын Айтжанбайқызы, Танагөз Толқынқызы, Құбаш Меңдіғалиев, Нұрғазы Сасаев. Телжан Күдеров, Ғалым Сүлеймен сияқты ақпарат шеберлерімен жұмыс істеу жеңіл болды. Солардың сапындағы екі Кәмшат (Тасболат пен Сәтиева) саясат пен экономика мәселелері туралы жарыса жазып жататын. Жасы өзімнен үлкен, қаламы құтты, қарымы мықты Жұмабек Жанділдин, Алма Мұхамеджанова, Ұлбосын Айтөлен, Жомарт Молдахметұлы, Мұратқали Дүйсенбаев, Жексен Алпартегі секілді аға буын өкілдерінен көп нәрсе үйрендік. Суретші Нағым Нұрмұхамедов пен фототілші Айтжан Мұрзанов газеттің безендірілуі мен айшықталуына өлшеусіз үлес қосты. Екі орынбасарым – Әділбек Қаба мен Берік Бейсенұлы газеттің сапалы шығуы үшін тынбай тер төкті.
Жалпы, «айқындықтардың» қай-қайсысы да жан аямай жұмыс істеді. Оларды күн сайын қайрап, сәт сайын жігерлендіріп отырсам да, кейде екпіндеріне өзім ілесе алмай қалатынмын. Сол күндер осынысымен де қызықты еді...
«Айқындал да, «Айқынды» ал!
Айтқан сөзі ақ болған,
Ақиқатқа жақ болған.
Алматыдан ақыры,
Астанаға аттанған.
(Журналистік фольклордан)
Жұмасына бір рет шығатын «Айқын апта» қосымшасын тартымды мақалалар қазынасына айналдыруға тырыстық. Жұртқа жақсы әсер қалдырған Танагөз Толқынқызының «Ақындар мен вокзалдар» деген эссесі, Сейсен Әмірбекұлының «Тоқал джип» деген сараптамасы сол жылдарда жазылды. Осы тақілеттес мақалаларды ел іздеп жүріп оқитын.
Оқырманды көбірек тарту үшін газет айдарларын одағай сөздер форматына орайластырдық. «Не боп кетті өзі?», «Осы ғой енді...», «Не деп жатыр?» деген секілді қоғамның көңіл күйін дөп басатын айдарлар пайда болды. Бұрыннан бар туған күн иелері тізімінің ішінен белгілі бір тұлғаны бөліп алып, «Ел білетін есім» айдары аясында қызықты деректер ұсындық. Кейінірек жұрт осыған іліну үшін бар жанын салды. «Айқынның» қызықты материалдарын «Литер» көшіріп басатын болды.
Қаншайым Байдәулетоваға «Танымал әннің тарихы» деген айдар ашып беріп, тұрақты жүргізуді тапсырдық. Ол бұл шаруаның шырайын шығарды. Ел білетін біраз әннің қалай өмірге келгені туралы қызықты деректерді жинап, мақалаларын бірінен соң бірін жариялап жатты. Ақыры Қаншайым еңбегінің жемісін көрді. «Танымал әннің тарихы» деген танымдық кітабы басылып шығып, оқырманға жол тартты. Мұндай мысал көп-ақ. Бұл – біздің жобаларымыз өміршең болды деген сөз.
Жұмыс барысында езу тартқызатын түрлі оқиға да боп тұратын. Үнемі төтенше жағдайлар туралы жазатын экстремал репортер Қайыржан Төрежановқа «Қайыр Төтеншин» деген бүркеншек есім тауып бергеніміз, Айгүл Аханбайқызының «Президент пен перзент» жобасы бойынша жазған мақаласындағы кейіпкер баланың суреті мүлде басқа баланыкі боп шыққаны, Ермахан Шайхының Түркістанға барам да келем деп кетіп, еркін самғап, Оңтүстік өңірді түгел шарлап қайтатын сәттері өз алдына бір хикая.
Бірде кешке қарай ертең шығатын газет беттерін қарап отырсам, Жоғарғы Сот жұмысына қатысты бір мақала айдарсыз жарияланып бара жатыр екен. Шекесіне асығыс «рубрика?» деп жазып, соңына сұрау белгісін қоя салдым. Соны жауапты хатшым Ермахан Шайхы көз ілеспес жылдамдықпен іліп алып, құлдыраңдап секретариатқа қарай кеткен. Ертеңіне газетті ашып қарасам, әлгі мақаланың төбесінде «рубрика?» деген мүлде жаңа айдар қонақтай қалыпты. Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінен хабарласқан Қанапия Омарханов ағамыз жалпылдап рақметін айтып жатыр. Мақалаға мәз болған ақкөңіл Қанекең қолақпандай қатені байқап та тұрған жоқ. Ал елпілдеген Ермаханым болса, «Айқынның» ауласынан аулақтап, алты қырды айналып қашып жүр...
Қате деген – ұры. Қанша жерден жіті қарасаң да, ара-тұра бой көрсетпей тұрмайды. Бәрібір біздің корбюро өте мықты еді. «Жас алаштың» көрігінде шыңдалған Әйкен Маматаева, Бағдат Бәкірова, Айбала Мұқашева, одан бөлек Ізімкүл Иманбекова, Гүлбану Құлпейісова, Айгүл Болатханқызы, Ләйлә Тоқалова, Күнсая Ерғазиева сынды көшелі корректорлар біз қызмет істеген жылдарда «Айқынның» алтын қақпасын әрқилы грамматикалық кесел-кесапаттан қорғап тұрды. Жас кезімде талай кезекшілікте болып, жұмыстарының қыр-сырын жақсы білетіндіктен өз басым корректор атаулыға құрметпен қараймын. Белгілі сатирик Бейсебай Кірісбаевтың «Кімсің? Директор? Онда берірек тұр. Кімсің? Корректор? Онда әрірек тұр!» – деп келетін өмір шындығы өріп жүрген бір шымшымасы бар еді. Сондай айтылғандай, корбюроның қызметкерлеріне көп көңіл бөліне бермейтіні рас. Ал біздің басқа түгілі бас редактордың біліп жіберген, білмей жіберген қатесіне дейін тауып беріп отыратын корректорларға деген ықыласымыз бөлек-ті.
Шынымды айтсам, «Айқында» біраз жыл жұмыс істейтін шығармын деп топшылағанмын. Ұжым да ұнайтын. Өзім де құлықты едім. Бірақ өмірде бәрі ойлағаныңдай бола бермейді ғой. Бірде қазақ руханияты көш басшыларының бірі Мұхтар Құл-Мұхаммед телефон шалды. Ол сол кезде Қызылорда облысының әкімі еді. Жұмысқа шақырды. Өзім жастайымнан қадірлейтін Мұхаңның өмірінде бір өтініш айтқаны еді. Облыс әкімі аппаратының басшысы боп тағайындалдым. Сөйтіп, айбынды «Айқынмен» қоштасып, Сыр бойында шығатын басылымдардың жұмысын қадағалауға аттандық.
Орнымызға майталман медиаменеджер Нұртөре Жүсіп бекітілді. Елеулі есімі баспасөздің брендіне баланатын Нұрекең бұл газетке ұзақ жыл басшылық етті. Қыз-жігіттерді жаңаша жұмыс істеуге жұмылдырды. Көп мәселе көтерілді. «Айқын» қоғамның тынысын танытты. Шебердің аты – шебер. Басылым бетінен оның қолтаңбасы ұдайы көрініп тұрды. Нұрекеңнің маңдайына маңызды миссия бұйырды. Алты жыл бұрын газет редакцияларын елордаға көшіруге шешім қабылданған кезде ол «Айқынды» Арқа төсіне бастап келді. Көштің алдынан шығып, қарсы алып, тілегімізді айттық. «Егемен Қазақстанды» Астанаға Шерхан Мұртаза мен Ержұман Смайыл бастап келген. «Айқынды» бас қалаға Нұртөре жеткізді. Бұл да бір тарих...
Біз қызмет істеген жылдарда баспасөзге жазылу науқаны кезінде көбірек қолданылатын «Айқындал да, «Айқынды» ал!» деген ұран сөз бар еді. Сонда айтылғандай, айқындалдық та, «Айқынды» алдық. Қолымызға алдық. Қаперімізге алдық. Санамызға салдық. Жадымызда жаттадық. Жүрегімізге сақтадық...
Тойың құтты болсын, алтын айдарлы Аiqyn!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
«Айқын» газетінің 2007-2008 жылдардағы
бас редакторы