Сондықтан аналарға, жалпы әйел затына қамқорлық – мемлекетіміздің басты басымдығының бірі. Сыйлы, бақуатты, білімді әйелдер ұлағатты ұрпақты тәрбиелеуге ғана емес, сондай-ақ орнықты мемлекетті өркендетуге де сүбелі үлес қосады. Мұның бәрі – гендерлік теңдік саясатының басты нысандары.
Атқамінер айымдардың еншісі қандай?
«Қазақстанда гендерлік теңдік қаншалықты қамтамасыз етілген?» деген сауалды сарапшылар жылда, әсіресе 8 наурыз – Әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында қойып, жауап іздеп жатады.
Алтыншы сайланған Мәжіліс (2016–2021 жылдар) құрамында ер адамдардың саны – 78 (73%), әйелдер саны – 29 (27%) болды. Бір қызығы, жетінші сайланған Мәжілістің (2021–2023 жылдар) депутаттық корпусында да дәл осы көрсеткіш сақталды: ерлер саны – 78 (73%), әйелдер саны – 29 (27%) болды.
2023 жылғы 19 наурызда, сегізінші сайланған Парламент Мәжілісінің құрамында бұл көрсеткіш күрт нашарлапты. Мәжілістің өзінің дерегінше, қазіргі шақырылымдағы төменгі палатаның құрамындағы депутаттардың 80-і немесе 81,6%-ы – ерлер, небәрі 18 депутат немесе 18,4%-ы ғана – әйелдер. Бұл – жаңа Парламент өзінің бірінші сессиясына жиналғандағы, 2023 жылғы наурыздағы ахуал.
Кейінгі сессияларда әйелдердің үлесі кеміп кетуі де әбден мүмкін. Мысалы, 2024 жылғы 23 қаңтарда Respublica парламенттік фракциясы Динара Шүкіжанованың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Салдарынан, әйелдердің үлесі азайып қалатын еді. Бірақ ахуалды «AMANAT» партиясы құтқарды: соның алдында, 2023 жылғы 19 қыркүйекте көшбасшы партия Мәжіліс депутатының бос мандатын Вера Кимге табыстады.
Әйткенмен, биыл босаған мандаттар ер-азаматтарға беріліп жатыр. Мысалы, Орталық сайлау комиссиясы 2024 жылғы 4 наурыздағы отырысында Мәжілістің жаңа депутаты ретінде Нұрсұлтан Байтілесовті, 2024 жылғы 12 ақпанындағы отырысында – Айтуар Қошмамбетовті тіркеді.
Гендерлік тұрғыдан Сенаттың жағдайы да мәз емес: қазіргі 51 сенатордың 11-і немесе небәрі 21,5%-ы ғана – әйелдер.
Салыстырсақ, 2021 жылғы қаңтар мен 2023 жылғы наурыз аралығында әрекет еткен жетінші сайланымдағы Сенатта 15 әйел сенатор болған. Бірақ палатаның мәліметінше, ол шақырылымда сенаторлардың жалпы саны 79 болыпты.
Яғни, нәзік болмыс иелерінің 30%-дық квотасы қос палатада да сақталып отырған жоқ. Себебі бұл квота заң бойынша тек Мәжіліске қатысты және тек әр партияның сайлауда ұсынатын партиялық тізіміне ғана қолданылады. Ары қарайғы мандат бөлісте парламенттік 6 партияға бұл гендерлік квотаны ұстанбауына рұқсат етілген.
Үкімет құрамында да гендерлік теңдік жағы ақсап тұрғаны аңғарылады. Әлихан Смайылов Үкіметінде (2022 жылғы 5 қаңтар — 2024 жылғы 5 ақпан) ауыс-түйістерді қоса алғанда, вице-премьер және министр лауазымдарында 5 әйел ғана болды, бұлар – вице-премьер Тамара Дүйсенова, Еңбек министрі Светлана Жақыпова (2023 жылғы қыркүйектен бастап), Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және экология министрі Зүлфия Сүлейменова.
Осы екі жылда Үкімет басшысының орынбасары және министрлер креслосына жалпы саны 49 ер адам жайғасыпты.
Ал қазіргі Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Үкіметіндегі 26 ірі лауазымның тек төртеуін ғана нәзік болмыс иелері еншіледі. Бұлар – Премьердің орынбасары Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Қазақстандықтардың көзқарасы айран-асыр етті
8 наурыз – әйелдер мерекесі қарсаңында БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымымен бірлесіп, әзірлеген «Қазақстандағы гендерлік теңдікті және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қоғамдық көзқарас» атты есепті таныстырды.
БҰҰ Даму бағдарламасының еліміздегі Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов Қазақстандағы ең өзекті гендерлік проблемаларға биліктегі саяси шешім қабылдау деңгейлерінде әйелдердің жеткілікті ұсынылмауын, басшылық қызметте аз қамтылуын, олардың көбіне, жалақысы аз, төмен лауазымдарға ысырылуын жатқызды.
Тұтастай алғанда, сарапшының пікірінше, республикада ерлер мен әйелдердің жалақысындағы алшақтық күшеймесе, азаймаған. Бұған еңбек нарығындағы гендерлік сегрегация мен кемсітушілік, әйелдер мен аналарды қорғау бағытындағы заңнаманың жетілмегендігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен харассменттің өршуі қосылып отыр.
«Гендерлік теңдік мәдениеті туралы хабардарлықты арттыру және мәдениетті қалыптастыру үшін халықты әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту процесінің мән-маңызы мен мақсаттары туралы үнемі хабардар етуге бағытталған ауқымды, кешенді жұмыс жүргізілуі қажет. Респонденттердің едәуір бөлігі осыған назар аудартты. Ендеше мұндай жұмысты тұрақты негізде және қолжетімді формада жүзеге асырған абзал. Ересектермен жұмыс істеудің негізгі құралдары – БАҚ пен интернет ресурстары болуы керек», – деді Сухроб Ходжиматов.
Қазақстандықтардың 78,2%-ы гендерлік мәселелер туралы үгіт-насихат – интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жүргізілсе, өзіне қолжетімді, түсінікті болатынын айтты. 36% – телеарналардан тиісті роликтер көрсетілгені жөн екенін жеткізген. 23,9%-ы бұл туралы достары, туыстары айтса ғана сенетінін, соларды негізгі ақпарат көзі санайтынын мәлімдеген.
БҰҰ сарапшыларын әлеуметтік зерттеу барысында анықталған бір жайт қайран қалдырыпты: әйелдің орны – «ошақтың қасы» деп санайтындар нәзік болмыс иелерінің арасында да артып барады.
«Сауалнамаға қатысқан әйелдердің жартысынан көбі – 53,6%-ы және ерлердің үштен екі бөлігі немесе 68%-ы «әйелдің басты міндеті отбасының жайлылығын қамтамасыз ету, балаларының тәрбиесі, сол себепті ол жұмыс істемей, үйде отыруы керек» деп санайды. Бұл ұстаным әйелдердің жоғарғы білім алмауын, алғанымен мамандығы бойынша істемеуін, мансап сатысында өсіп, өз әлеуетін жүзеге асырмауын қарастырады. Әйелдің негізгі «әлеуметтік мақұлданған» рөлі – «отбасы, ошақ қасы». Феодалдық заманда қалыптасқан бұл стереотип қайта қанат жайып, өмірдің барлық салаларында көрініс тауып жатыр», – деді БҰҰ сарапшылары.
Олар Қазақстандағы осындай ұстанымға және гендерлік проблемалардың күрделенуіне ықпал ететін факторлар қатарында діндарлықтың өсуін, неоконсерватизмді және жалпы қоғамдағы «оңшыл» көңіл күйлердің күшейгенін атап өтті.
Жазалау емес, бітістіру – басымдық
Жасыратыны жоқ, гендерлік ауандағы мәселелер бүгінде депутаттарды да екіге жарды және қызу пікірталасқа тамыздық болды. Гендерлік теңдік мәселесінде ілгері кеткен дамыған елдерде әйеліне қол көтергені әшкереленсе, ері бірден қатаң жазаланады. Қазақстанда парламентшілердің басым бөлігі бірінші жолы «оқасы жоқ», татуластырған дұрыс деген ұстанымда.
Мәжіліс таяудағы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» негізгі заң жобасын және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жіберді.
Оны талқылау барысында депутаттардың бір бөлігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату туралы тапсырмасына сәйкес, отбасын ойрандаушыларға, «асүй сойқандарына» қатысты жазаны күрт күшейтуді ұсынды. Мысалға, зайыбы мен балаларын соққыға жыққандарға артынша келісімге келіп, кешірім алуына мүлдем тыйым салу, яғни бірінші инциденттен бастап жазалау ұсынылды.
Жұмыс тобына кірген мәжілісмендердің басым бөлігі оны қолдамай тастады. Қолдаушы депутаттар әріптестерінің бұл қадамына таңырқады.
– Заң жобасы о баста зорлық-зомбылықтың барлық түрі бойынша татуласуды алып тастауды қарастырды. Енді ұрып-соғу бойынша татуласуды қалдыруға ұйғарылыпты. Мұндай ұсыныстың мәні неде және ол Президенттің агрессивті және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті дамыту жөніндегі сөздеріне қаншалықты сәйкес келеді? Қатыгездікпен байланысты қылмыстық істердің жартысы дәлелденбеуі салдарынан жабылады. Оларды ұрып-соқаны үшін бірден отырғызады деп айтуға болмайды, алдымен түзету жұмыстары, айыппұлдар және жалпы жұмыстар бар. Татуласу мүмкіндігін беру қаншалықты дұрыс? – деп наразылығын білдірді депутат Гүлдара Нұрымова.
Заң жобасы бойынша негізгі баяндамашы болған депутат Жұлдыз Сүлейменова әріптесінің бұл наразылығын және позициясын түсінбейтінін қадап айтты. Ұстанымын нақтылаған Г.Нұрымова «Отан отбасынан басталады» десек, сол шаңырақ атты шағын мемлекетін жүрекпен емес, білекпен, сом жұдырықпен басқаруға ұмтылған адамға құрбанымен татуласуға мүмкіндік берудің дұрыстығына күмәнданды.
– Жоқ, сіз сонда қалай ойлайсыз? Сіздің ойыңызша, баласын ұрып-соққан ата-анаға татуласуға мүмкіндік бермеу керек пе? Жалпы, заң жобасының авторы ретінде мен өз басым балаларды ұрып-соққанға үзілді-кесілді қарсымын. Бірақ біздің отбасылық құндылықтарымызда баланың тәрбиесіне байланысты ерекшелік бар. Бізде «әкенің сұсы» деген бар. Яғни, баласының болашағын ойлаған әке де, ана да балаға «тәк-тәк» деп айтуы мүмкін. Ал оны отбасылық зорлық-зомбылық, қылмыстық құқықбұзушылық деп танып, ата-ана мен баласының татуласуына мүмкіндік бермеу қажет деген норма ұсынылды, – деді Ж.Сүлейменова.
Заң жобасы авторларының пікірінше, құзыр-құқық берсе, құзырлы органдар ата-анасының тәрбие мақсатында ұруын зорлық-зомбылық деп танып, баланы отбасыдан алып қоюы мүмкін. Құжатта олардың аражігі ажыратылмаған. Депутаттардың басым бөлігі осы ұстанымға жығылды.
Сонымен бірге жанжалды ушықтырмау үшін тараптарға, соның ішінде ерлі-зайыптыларға немесе бала мен ата-анаға бір-бірімен қайта табысып, татуласуға мүмкіндік берген жөн деп шешті.
Тоқтам сөзді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов айтты: зорлық-зомбылықты тыйған жөн, бірақ қазақы дәстүр де тәрк етілмегені игі.
«Агрессорлар мен абьюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегіп жатыр. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп келеді. Енді жаңа заң бойынша мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады. Ол өте орынды. Жалпы, әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол бергізбеуге тиіспіз. Ата дәстүрлерімізді берік ұстанып, ерлі-зайыптылар арасында шынайы құрмет, сыйластық пен балаларға деген қамқорлық орнығуы да қажет», – деді спикер.
Айтқандай, Ұлттық статистика бюросы қазақстандық әйелдердің шыдамдылығын, қайсарлығын паш ететін дерегін жария етті. Оның хабарлауынша, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы бойынша «жоғары гендерлік алшақтық» сақталды. Республикада әйелдер ерлерге қарағанда 8,1 жыл ұзақ өмір сүреді екен. Орта есеппен ерлердің өмір сүру ұзақтығы – 70,3 жас, әйелдердікі – 78,4 жас.
Әрине, бұл тек Қазақстанға тән емес. OurWorldinData сарапшыларының зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ерлер мен әйелдердің өмір сүруі ұзақтығындағы алшақтықты әр елде байқауға болады. Кейбір елде бұл бар болғаны 3-4 жыл, басқаларында 10 жылдан асып кетеді. Сарапшылар бұған көптеген әлеуметтік-экономикалық фактор – денсаулық сақтаудың даму деңгейі, туу көрсеткіші, өлім-жітім себептері, қылмыс деңгейі және басқалары әсер ететінін ескертті.
OurWorldinData мәліметінше, гендерлік жас алшақтығы жөнінен Қазақстан экономикалық дамыған елдерден едәуір артта қалды. Оларда қос жыныс иелерінің жасындағы айырмашылық зор емес. Мысалы, Швейцарияда ерлер орта есеппен 82 жыл, әйел 85,9 жыл өмір сүреді. Кішкентай Монакода бұл одан да аз: 3,4 жыл. Гендерлік жас айырмашылығы Өзбекстанда – 5,1 жас қана. ТМД-да Қазақстанға қарағанда тек Ресейде жағдай нашарлау: аражік 10,6 жылдан көп.
Нәтижесінде, республикамызда әйелдер саны басым: бүгінде түрлі жастағы 10 260 057 нәзік болмыс иесі бар. Ерлер саны – 9 793 608 адам.
Мереке кезінде әдемі сөздер ғана айтып, көркем көрсеткіштерді құлпырта көрсеткенге не жетсін?! Әйткенмен, данагөй ата-бабамыз ауруын жасырғанның арты не болатынын ұрпағының құлағына құйып кеткен. Сарапшылар назар аудартып отырған мәселелер кешенді де сарабдал шешімдерге серпін беріп, гендерлік теңдік түйткілдерін тарқатуға септессе, Қазақстанның жағдайы тек жақсарары сөзсіз.
Айхан ШӘРІП