Заңның міндеті — нарықтық бағаны айқындау әдістерін қолдануды жетілдіру, нарықтық ауқымды айқындау тетігін енгізу, капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында өзара байланысты тараптар анықтамасын кеңейту.
Сенат капиталды елден шығаруға бақылауды күшейтуге қатысты заңды мақұлдады
Фото: gov.kz
565
оқылды

Сенаттың бүгінгі жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Заң Мемлекет басшысының трансферттік баға белгілеуге бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасын (2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 37-тармағы) іске асыру мақсатында әзірленді және халықаралық іскерлік операциялардағы және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелердегі мемлекеттік кірісті жоғалтудың алдын алуға бағытталған.

Заңның міндеті  нарықтық бағаны айқындау әдістерін қолдануды жетілдіру, нарықтық ауқымды айқындау тетігін енгізу, капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында өзара байланысты тараптар анықтамасын кеңейту, тауар биржаларында жасалған мәмілелерге трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды қайтару, есептілікке қойылатын талаптарды жетілдіру.

«Заң Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу саласындағы заңнамасын жетілдіру мен тиімділігін арттыруға және капиталдың елден шығарылуын бақылау шараларын күшейтуге, сондай-ақ халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелердегі мемлекеттік кірісті жоғалтуды алдын алуға бағытталған. Заңда нарықтық бағаны анықтау әдістерін қолдануды жетілдіру ескерілген. Қазіргі кезде заңда нарықтық бағаны анықтау әдісінің 5 иерархиясы қарастырылған. Мәселен, егер салық төлеуші бесінші әдісті қолдану керек деп санаса, онда ол алдымен алдыңғы төрт әдісті қолдану мүмкін еместігі туралы негіздемелер дайындауы керек. Осыған орай, халықаралық мәмілелердің сипатын ескере отырып, нақты қай әдісті қолдану керектігі анықталады. Салық төлеушінің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді»,  деді сенатор Бекболат Орынбеков.

Оның айтуынша, капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланыстылығын айқындауды кеңейту ескерілген.

«Шикізат өнімдерін «эксклюзивті» трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар. Бұл жағдайда қаржылық есептілікті алу мүмкін емес. Тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты елден капиталды алып кету тәуекелі туындайды. Сондықтан өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту ұсынылды»,  деді депутат.

Сонымен қатар  тауар биржаларында жасалған мәмілелерді бақылау қарастырылған. Трансферттік баға белгілеуге қатысты бақылау еліміздің тауар биржаларында жасалған келісімдер бойынша жүрмейді. Бұл елден капиталды сыртқа шығаруға жағдай жасайды. Осыған байланысты заңнан көрсетілген норманы алып тастау ұсынылды.

«Есептілікке қойылатын талаптарды жетілдіруге назар аударылды. Қазіргі кезде ірі мәмілелер бойынша жергілікті есептілікті ұсыну міндеті халықаралық топқа қатысушыларға жүктелген. Көзделіп отырған нормалармен жергілікті есептілікті ұсыну міндеті өзара байланысты бейрезидент-тұлғалармен мәмілелерді жүзеге асыратын салық төлеушілерге жүктеу ұсынылды. Бұл тауар айналымдардың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған бағыттар әлемдік және отандық тәжірибені ескере отырып, заңға енгізілді. Заңның күшіне енуі оң нәтижелер береді. Яғни, тауар биржаларында жасалған мәмілелер бойынша, сондай-ақ статистикалық ауытқуды қамтымайтын нарықтық диапазонды қолдану арқасында экспорттық бағалар төмендетілмейді. Бұл өз кезегінле салық салынатын табыстың ұлғаюына әкеледі. Мұнымен қоса, халықаралық мәмілелерге мониторинг жасау жақсарады»,  деді Бекболат Орынбеков.