Жақында елордада «Арбамен арманға» атты кітап­тың тұсау­ке­сері өтті. Кітап авторы – арбадағы Арнұр Ысқақов.
Сынақтан сүрінбеген  Арнұр
1,104
оқылды

Кітаптың ерекші­лігі сол – өмірдегі шынайы оқи­ға­ны, бір адамның тағдырын оқыр­ман­­ға көркем тілмен жеткізген туын­ды. Арнұр Ысқақов – біз айтып отырған қайсар жанның бірі. Оның өмірі де, шығармашылық жолы да көпке үлгі. Оқыс оқиғаның сал­­дарынан өзі тап болған қиын­дық­қа қарамай, болашаққа нық сеніммен қадам жасаған ол біраз белестерді бағындырып үлгерген. 

– Сізді «Қазақтың Ник Вуйчичі» десек, Никтің қиындығы сонау өмірге келген кезінен басталып еді. Өзін мойындату оңайға соқпаған. Сіздегі өмір қалай болды? Әңгімені бастамас бұрын мұндай күйге қалай түске­ніңіз­ді айтып беріңізші. Кез­дес­кен кедергілерді қалай жеңдіңіз? 

– 2008 жылы қазіргі Астана медицина университетінде 6-курс оқып жүрген кезім еді. Бір күні суға батып бара жатқан қызды көріп қалдым. Оны құтқару үшін бірден суға түстім. Сол сәтте судың ас­тындағы баллонға ба­сым қатты соғылып, мойын омырт­қам сынған. Салдарынан, бұ­ғанадан төмен қолым да, аяғым да сезбей қалды. Содан бері арба­да­­ғы ерекше аза­маттардың қата­ры­на қосылғанмын. Арбаға таңылу – өмірдегі алғашқы кедергінің бірі де­сем болады. Ортада арбамен жүру, білім алу, жұмысқа орналасу – мұның барлығы алдымдағы бірінен соң бірі кездесіп жатқан кедергілер еді. Оларды жеңіп шығу мен үшін ең қиын белестерді бағын­ды­румен тең болды. Мұндай жағдайдан кейін, әрине күйзеліс болды. Әр адамның басынан өтетін қиындық­тан кейін міндетті түрде күйзеліс орын алады. Соны жеңу немесе оған мойын­сұнып, түңіліп отыра беру – адам­ның таңдауына байланысты. Адамда таңдау әрқашан болады емес пе? Сондықтан менің қазіргі таң­дауыма ықпал еткен ата-анам­ның тірі қалғаныма қуанғаны, әркез маған көрсеткен қолдауы деп айтар едім. Соның арқасында өмірім­дегі күрес те жеңіл өтті. 

– Осы мамандықты жалғастыр­дыңыз ба?

– Ол кезде медицинаның гинекология саласында білім алып жат­қан студентпін. Қазіргі менің шы­ғармашылық жолым мен жас кезде оқыған салам екі бөлек, айырма­шылығы жер мен көктей. Жоғарғы оқу орнындағы мамандығым адам­ның тәнін емдеу болса, қазір спектакль, кино не болмаса кітап арқы­лы адамның жан дүниесін, рухания­тын емдеп жатырмын десем болады. Сондықтан бір жағынан алғаш­қы таңдаған мамандығымнан тым алшақтап кеттім деп ойлаймын. Әрине, тікелей мағынамен салыс­тырсаңыз, екеуі екі бөлек дүние, машақаты да, жұмысы да бөлек.

– Ал шығармашылық жолға келуіңізге өміріңіздегі осы оқыс оқиға себеп болды ма?

– Өзім бала кезімнен бері шы­ғар­машылықпен айналысамын. Өнерге жақын болып өстім, домбыра үйірмесін бітіргенмін. Мектепте де, университетте де барлық мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүре­тінмін. Өміріме үлкен өзгеріс алып келген оқиғадан кейін де көп­теген мемлекеттік мекемелерде жұ­мыс атқардым. Khabar, 24KZ ар­на­ларында өзім жүргізген бағдар­ла­малар болды. Ол жерде де ақпа­рат­тық жағынан жұмыс істеп, кә­сіби шыңдалдым. Ал 2018 жылдан бастап елімізде әлеуметтік жағы ақсап тұрған ерекше азаматтардың саласында кәсіби тұрғыда бірінші болып қызмет ете бастаған жандар­дың қатарында болдым. Тек әлеу­мет­тік желіде ғана емес, сондай-ақ телеарналарда, кино, театр сала­сын­да ерекше жандардың проб­ле­ма­сын айту, оны халыққа жеткізу – біздің алғашқы бастамалары­мыз­дың бірі болды. Осылай шығарма­шылық жолға да келдік.

Ал өмірімнің тек бір бөлігі емес, барлық сәтінде шығармашылық жо­лына ауып кетуіне себепкер бол­ған, яғни қазіргі жолда жүруіме ой тастаған жарым Лаура деп айтар едім. 

– Сіздің бұған дейін көптеген фестивальдерде бой көрсетіп жүрге­ніңізді білеміз. Ал шығармашылық жолыңызда «Арбадан арманға» кі­табын жазу ісін қашан қолға алдыңыз? Бұл кітаптың негізгі идея­сы өз өмі­ріңізге негізделген екен. Тағдыры­ңыз­дың ауыр кезеңін еске түсіріп, оны жазып шығу ауыр тиген жоқ па?

– Кітаптың идеясы сол 2008 жы­лы басталған қиындықтыққа не­гізделген. Бұл туындыны жазу туралы ой сол кездегі травмадан кейін пайда болды. Жалпы, екі жыл­ға жуық мен сол келеңсіз сәт­тен, оқиғадан шыға алмай жүрдім. Барлығы уақыт еншісінде деп айтамыз ғой. Менің қызығушылы­ғымды оятқан жарым Лаура дегім келеді.

Негізі, «Арбадан арманға» кітабы 2008 жылы жазылып басталған. Ол алғашында хат ретінде жазылды. Шынымды айтсам, сол кез өмірден түңіліп, өмір сүргім келмей жүрген сәттің бірі еді. Сонда артымнан бір із қалсыншы деген оймен жазып бастағам бұл хатты. Оны кітап болып шығады деп ойламадым. Отбасыма қалдырған жазба ретінде бастап, қиын сәтке тап болғанға дейінгі балалық шағымның керемет кезең­дерін суреттеп жаздым. Шамамен бес айдай уақыттың ішінде 300 бетке дейін жазылды. Бірде хат­ты жалғас­тырып жазып отырған­да қолымдағы ішіп отырған кеседегі шәй төгіліп, ноутбук жанып кет­ті. Содан бұл ары қарай жазылмай қал­ған болатын. Кейін өміріме байланысты кино да, спектакль де шығып жатты. Енді кітабым да шықсыншы деген ниетпен қолға алып, соңына дейін жазған туындым болды.

– Кітапты басып шығаруда демеушілер тарапынан көмек болды ма әлде өз қаржыңыздан ба? Алғашқы туындыңыздың болашақта жалғасы бола ма? 

– Кітапты өз қаражатымызбен шы­ғардық. Қазірге 100 данамен басылды. Болашақта таралым санын көбейтіп, тағы да шығарамыз деген ниет бар. Жасыратыны жоқ, алдағы уақытта дәл осындай жобалар мәндетті түрде жалғасын табады деп ойлаймын. Бұл енді тек бастамасы ғой. «Арбадан арманға» елі­міздің барлық өңіріне таратылмайды. Оның бәрі қаржыға кеп тіреліп тұр. Менеджер саласын реттейтін қыздар жұмыс істеп тұр. Алдағы 15-20 күнде авторлық кітабым онлайн немесе кітап сататын дүкен­дердің сөресінен табылатын болады. 

– Осы туындыңызбен қатар­ласа, «Жизнь после» деген фильміңіз де көрерменге жол тартты. Бұл – Қа­зақ­стандағы шынайы өмірден алын­ған мотивациялық алғашқы фильм деген бағаға ие болып жатыр. Оның кітап мазмұнынан ерекшелігі неде? Әлде кітап желісімен түсірілді ме?

– Иә, кино да, спектакль де, кі­тап та барлығы өмірде болған оқи­ғаға негізделген. Үшеуінің де мазмұны менің өмірімнен алынған. Десе де, үшеуі үш түрлі бағытта. «Екі тағдыр, бір өмір» атты спектакль көрерменге ой салар шынайы оқиғаны жеткізсе, «Жизнь после» орыс тілінде түсіріліп, режиссерлік тұрғыдан құрастырылған. Ал «Арбадан арманға» кітабы – рухани жағынан оқырманға ой саларлық туынды. 

Өмірде әр нәрсе бір-біріне себепкер ғой. Сүйегі жиі сына беретін бір қыз бар еді. Содан сол қызға көмектесуді ұйғарып, бұл істі қолға алдым. Мұны қателеспесем, 2012 жылы сол қыздың қайырымдылық концертінен бастадым. Көмекке зәру қызға қолұшымызды беріп кон­церт жасадық, одан қомақты қара­жат жиналды. Дәл осы сәт «Жиз­нь после» киносында көрсеті­леді. 

– Сізді жігерлендіретін нәрселер­ді атап беріңізші. Өзіңізге үлгі болған адам ретінде кімді айтасыз?

– Қазір біздің қоғамда қандай әлеуметтік топқа жатса да, әлсіз адамдар көп кездеседі. Ол адамның жағдайына байланысты деп ойламаймын. Мені жігерлендіретін, өмірге деген қызығушылығымды арттыратын – жұмыс. Қоғамға пай­даң тисе, өмірге деген махаббатың артып тұрса, соның өзі адамды жігерлендіреді деген ойдамын. Мысалы, менің өміріме негізделген ки­но­ның жарыққа шығуы жарымның махаббатынан пайда болса, кітап өзімнің өмірге деген махаббатыммен жазылды.

Әрине, маған үлгі болған адам бар. Ең бірінші, өзімнің атамды айтар едім. Қазір ол кісі өмірден өтті. Ал екіншісі – өзім іспеттес 25 жасында травма алып, қазір арбада отырған ағам. Қазір ол кісі 75 жаста. Менің өмірге деген құлшынысымды арттырып, арбада жүрсе де білім алуға болатынын, қоғамға пайдаң тиетін азамат болуға мүмкіндіктің көп екенін айтып бағыт-бағдар көрсеткен осы кісі. Отбасын құруда өмірлік кеңестерін айтқан да осы кісі болады. Жаңа айтқанымдай, ең бірінші атамды үлгі тұтамын, ал сол атамның орнын басқан ағамның жөні бөлек. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ