Технологиялық ортада өрт сөндірудің өзіндік ерекшеліктері бар. Өрт сөндіру және құтқару қызметтері электр көліктеріндегі өртті сөндірудің қиын екенін, тіпті, кейбір жағдайда мүмкін емес екенін түсіне бастады.
Электр көліктері өртенсе, оны сөндіру мүмкін емес
Өрт сөндіру қызметтері электр көліктеріндегі өртті сөндірудің қиын екенін түсіне бастады. Фото ruswi.com сайтынан алынды. Авторлығы: lafd.org
1,903
оқылды

Төтенше жағдайларда әрекет ететін командалар үшін электр көліктері өртенгенде дәстүрлі тәсілдерді қолдануға болмайтыны туралы  BBC News мақала жариялады. Бұл материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz өртенген электр көлігінен туындайтын қауіптерді талдайды.

Электр көліктеріндегі өртті сөндіру жанармаймен жүретін көліктегі өртті сөндіруден қиын. Фото Getty Images сайтынан алынды

Жыл сайын Англияның Эссекс өрт сөндіру және құтқару қызметі өз экипаждары үшін қосымша оқытудың бір бағытына назар аударды. Егер соңғы жылдары оқыту биіктікте өрт сөндіру және қауіпті материалдармен жұмыс істеу бойынша жаттығуларды қамтыса, биыл «электр көліктеріндегі өртпен күресу» атты жаңа курс енгізілген.

Арнайы өрт сөндіру қызметінің менеджері Терри Махер бұрын қауіпті материалдар бойынша сарапшы болса, қазір ол литий-ионды батареяларының өртін сөндіру бойынша жетекші маман.

Ұлыбритания жолдарындағы электрлі көліктердің (EV) саны 1 миллионнан асып, бұл көрсеткіш жыл сайын тез өсуде.

Батареялар өртенсе оларға жету қиын екенін өрт сөндірушілер түсінеді. Фото auto.ru сайтынан алынды

Махер мырза электр көліктеріндегі өрт сирек кездесетінін, дегенмен олар әдеттегі жанармаймен жүретін көліктегі өрттен мүлде басқа проблемалар туғызатынын айтады. Батареялар жана бастаса оларға жету қиын екенін өрт сөндірушілер түсіне бастады. Электр көлігіндегі өрт бағытталған реактивті жалындар мен бу бұлттарының жарылыстарына әкелуі мүмкін.

Егер өрт сөндірушілер жалынды бақылауда ұстау үшін суды пайдаланса, онда электр көліктерін сөндіруге қолданған су арқылы әртүрлі улы химикаттар ауаға таралып, ағын сумен араласып, топыраққа сіңіп зиянын көбейтеді. Сондықтан өрт сөндірушілер электромобиль өрттерімен күресу кезінде улы заттардың таралуын азайтатын «эко сөмкелер» алып жүретін болған. 

«Ал біздің таңдайтын әдісіміз – электромобильдердің толық жанып кетуін күту», – дейді Махер мырза.

Қазіргі жөндеу компаниялары өртенген электр көліктерін алып кете бермейді екен. Олар өртенген электромобильді қайта өңдеуді білмейді және оларда электромобильдерді алып кететін арнайы көліктері жоқ. Электр көліктерін сүйреуге болмайды, сүйрегенде олардың артқы дөңгелектері қайтадан электр қуатын өндіре бастайды.

Полиция мен өрт сөндірушілер эвакуаторды төрт сағат күтуге мәжбүр болған. Фото Эссекс өрт сөндіру және құтқару қызметінің сайтынан алынды

Өткен жылы Tesla көлігіне қатысты бір оқиғада полиция мен өрт сөндірушілер арнайы сүйреу (эвакуаторды) көлігін төрт сағат күтуге мәжбүр болған.

Бензин немесе дизельді көліктегі өртті сөндіруге шамамен 30 минут керек болса, электр көлігінің өртін сумен өшіруге төрт-бес сағат немесе одан да көп уақыт керек болады.

Тағы бір мәселе, электр көліктері «бір рет өртенгеннен кейін екі-үш аптадан кейін» қайта өртенеді екен. Сондықтан өртенген электр көлігін әрқашанда басқа көліктерден «оқшаулау» керек. 

Өрт сөндіру қызметінің менеджері Терри Махер литий-ионды батареяларының өртін сөндіру бойынша маман. Фото BBC News сайтынан алынды

Мамандар қалалардағы электр көліктері  санының жылдам өсуі оларда болатын өртену оқиғаларының да жиілейтінін айтуда. 2022-2023 жылдары Англия бойынша өрт сөндіру қызметтері барлығы 19 000-нан астам көлік өртін тіркеді, оның 11 252-сі кездейсоқ басталды.

Ал 2022-2023 жылдары электр көлігінің өртенуіне байланысты 59 оқиға тіркелген, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш.

Өрт сөндірушілер электр көліктерінің өртенуі барлық дамыған елдердің өрт сөндірушілерінің алдында тұрған, жылдам өсіп келе жатқан қауіп екенін айтады. Электр көліктеріндегі өрт бензин немесе дизельді көліктерге қарағанда «азырақ» болғанымен, электр көліктері ескірген сайын, олардың саны өскен сайын өрт шығу қаупі де артуы мүмкін.

Қазірше электр көлігіндегі өртті сөндірудің ең тиімді тәсілі – оның толық жанып кетуін күту. Фото zr.ru сайтынан алынды

Көліктер арасында өрттің таралу қаупін азайту үшін автотұрақтарда электр көліктері арасындағы қашықтықты арттыру да ұсынылуда. Өткен жылы Лутон әуежайындағы өрт электр көлігінен басталмағанымен, өрт электромобильге де жылдам тараған.

Жасыл технологиялардың дамуымен жолдарда электромобильдер көбейе бастады. Оны Астана көшелерінен де байқауға болады. Көліктердегі батареялар саны өскен сайын олардың өртенуі де өсе бермекші. Мұндай өртті сөндіру күрделі және қиын операция болып саналады. Бұл оқиғалардың әрқайсысы айтарлықтай уақыт пен ресурстарды талап етеді.Қауіпсіздік автомобиль өнеркәсібінің бірінші кезектегі мақсаты болғанымен, электрлі немесе басқа көліктердің барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес болуы керек.

БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы әзірлеген халықаралық ережелері электр көліктерінің, соның ішінде литий батареяларының қауіпсіздігіне арналған техникалық стандарттарды бекіткен. Осы ережелерге сәйкес, электр көліктерін өндірушілер өрт сөндіру қызметіне көліктің апаттық сипаттамаларын анықтауға көмектесу үшін техникалық ақпаратпен бөлісуге міндеттелді.