Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының солтүстік бөлігінде су деңгейінің көтерілуі тоқтаған жоқ.
«Қазгидромет» 5 облыста су әлі көтеріліп жатқанын хабарлады
550
оқылды

«Қазгидромет» 5 облыста су әлі де көтеріліп жатқанын хабарлады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz halyq-uni.kz-не сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының солтүстік бөлігінде су деңгейінің көтерілуі тоқтаған жоқ.

Сәуірдің екінші онкүндігінде Есіл өзенінің Солтүстік Қазақстан облысымен шекаралас бөлігіндегі жоғарғы ағыс пен бүйірлік салалардың ағын суларына байланысты су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін. Қарағанды облысында Нұра өзені тасыса, елді мекендерге қауіп төндіруі ықтимал. Оның үстіне қар да әлі толық еріп болған жоқ.

7 сәуірде ауа райына қатысты ескерту жарияланды. Су деңгейінің одан әрі көтерілуі мүмкін. Қазірдің өзінде ол қауіпті белгіден асып кетіп жатыр. Бұл су деңгейінің жоғарылауына және өзендердің жайылма жерлерге шығуына әкеп соғады.

"Мысалы, Қостанай облысы бойынша елді мекендерде, кенттерде орналасқан және өзеннің төменгі ағысындағы, жайылма учаскелеріндегі жергілікті маңызы бар шаруашылық құрылыстар мен жолдарды су басу қаупі бар. Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысында қатты жауын-шашын болып, қар ерісе, соның салдарынан өзен күрт көтерілсе, су тасқынының қаупі сақталады", – деді «Қазгидромет» РМК өкілі.

Сонымен бірге, ол автожолдар мен теміржолдарды, елді мекендер мен шаруашылық құрылыстарды су басуы мүмкін екенін де ескертті.