Демократияның өзегі саналатын сайлау науқандары кибер шабуылдардың нысанына айналуда. Жасанды интеллект құралдарын қаскөйлер ғана емес, мемлекеттің өзі де қолданады.
Сайлау кезінде мемлекет те кибершабуыл жасайды
Болашақта роботтардан жақсы шенеунік те шығуы мүмкін. Фото cryptopolitan.com сайтынан алынды
1,697
оқылды

Биыл Ұлыбритания өте тартысты өтеді деп болжанатын сайлау науқанында жасанды интеллект арқылы жалған ақпарат таратудың көп болатыны cnbc.com сайтындағы материалда болжануда. Aikyn.kz осы талдау мақаласына сілтеме жасай отырып, жасанды интеллект арқылы сайлауда қандай мақсаттарға жетуге болатынын түсіндіреді.

Патша III Карл Премьер-министр Риши Сунакты қабылдауда. Фото Reuters сайтынан алынды

Ұлыбританияда биыл жергілікті және ұлттық деңгейде жалпы сайлаулар өтеді. Бұл сайлаулардың басты тақырыбы өмір сүрудің қымбаттауы мен көші-қон сияқты мәселелер басым болады деп күтілуде. Кибер-сарапшылар сайлаудың нәтижесіне жасанды интеллектің көмегімен жалған ақпарат тарату арқылы бірнеше жолмен әсер етуге болады деп күтеді. Киберқауіпсіздік қауымдастығы мемлекет тарапынан жасалатын шабуылдар да сайлау қарсаңында жи болатынын ескертеді.

Британдықтар 2 мамырда жергілікті сайлауда дауыс береді, жалпы сайлау осы жылдың екінші жартысында өтеді. Дегенмен Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак әлі нақты күнді жарияламады.

Дауыс беру елде экономикалық дағдарыс және иммиграция мен баспана мәселесіне қатысты қызу жүретінін, қазіргі Үкімет бірқатар қиындықтарға тап болатыны болжануда.

Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Борис Джонсон. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Henry Nicholls

«Ұлыбритания азаматтарының көпшілігі дауыс беру күні сайлау учаскелеріне дауыс беретіндіктен, мен киберқауіпсіздік тәуекелдерінің көпшілігі осы күнге дейінгі айларда пайда болады деп күтемін», – дейді Окта қауіпсіздік компаниясының бас директоры Тодд МакКиннон CNBC-ге берген жауабында.

2016 жылы АҚШ-тағы президенттік сайлаудың және Ұлыбританияның Brexit дауыс беруінің нәтижелері Ресей мемлекетімен байланысы бар топтардың әлеуметтік желілерде таратқан жалған ақпаратының әсерімен талас тудырғаны белгілі. Мәскеу болса бұндай айыптауларды жоққа шығарған.

Кибер-сарапшылардың пікірінше, содан бері мемлекеттік субъектілер әртүрлі елдерде сайлау нәтижелерін бұрмалау мақсатында тұрақты шабуылдар жасауға көшкен.

ЖИ жасаған дипфейкті таратудың алдын алу қиын. Фото kaspersky.ru сайтынан алынды

Өткен аптада Ұлыбритания Қытайдың мемлекеттік APT 31 хакерлік тобы британдық заң шығарушылардың электрондық пошталарына кіруге әрекеттенгенін жариялады. Бірақ мұндай әрекеттер сәтсіз болған. Лондон Қытай азаматтарына және APT 31 тобының артында тұр деген себеппен Уханьдағы технологиялық фирмаға санкциялар салды.

АҚШ, Австралия және Жаңа Зеландия да бұдан кейін өздерінің санкцияларын енгізді. Қытай мемлекет тарапынан жасалған хакерлік шабуылдар туралы айыптауларды жоққа шығарып, оларды «негізсіз» деп атаған.

Киберқауіпсіздік сарапшылары болса қаскөйлер алдағы сайлауға бірнеше жолмен араласады деп күтеді. Жасанды интеллектің кең таралуына байланысты жалған ақпарат таратудың алдын алу биыл қиын болады деп күтілуде.

Ресейлік «ПМЖейсон» телехикаясындағы Голливуд жұлдыздарының дипфейк нұсқалары. Фото kaspersky.ru сайтынан алынды

Компьютерлік графика, модельдеу әдістері және жасанды интеллект (deepfakes) арқылы жасалған синтетикалық фотолар, видео және аудио роликтер жасау қарапайым бола бастады.

«Мемлекеттік субъектілер мен кибер-қылмыскерлер саясаткерлерге, сайлауалды штаб қызметкерлеріне және сайлауға қатысты мекемелерге фишинг, әлеуметтік инженерия, бопсалаушы бағдарламалар сияқты жеке басын куәландыратын шабуылдар қолдануы мүмкін. Сонымен қатар алдыңғы сайлауларда орын алған жалған ақпарат таратуды бұл жолы кең ауқымда көреміз», – дейді МакКиннон.

 

ЖИ құралдарын сайлауда қаскөйлер де, мемлекет те қолданады. Фото lesnews.ca сайтынан алынды

Киберқауіпсіздік қоғамдастығы ЖИ арқылы жасалған жалған ақпараттың түрлерін ажырату үшін, мұндай зиянды әрекеттердің қаупін азайту үшін халықаралық ынтымақтастыққа шақырды.

CrowdStrike киберқауіпсіздік компаниясының бөлім басшысы Адам Мейерс жасанды интеллект арқылы жалған ақпарат тарату 2024 жылғы сайлау үшін ең үлкен қауіп екенін айтады: «Дәл қазір генеративті ЖИ-ді пайдалы да, зиянды да мақсатта қолдануға болады, сондықтан біз осы екі бағыттағы әрекеттердің жиілейтіні көреміз», – дейді Мейерс.

Crowdstrike-тің қауіп-қатер есебіне сәйкес, Қытай, Ресей және Иран генеративті жасанды интеллект сияқты құралдарды пайдалана отырып, әртүрлі жаһандық сайлауларға қарсы жалған ақпарат беру және жалған ақпараттандыру операцияларын жүргізу ықтималдығы жоғары.

Жалған ақпарат сайлаудың ең үлкен киберқауіптерінің бірі болады. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Andrew Brookes 

«Демократиялық процестер өте нәзік. Ресей, Қытай немесе Иран сияқты мемлекеттер хабарламалар жасау үшін генеративті жасанды интеллект пен кейбір дамып келе жатқан технологияларды қалай пайдалана алатынын және адамдарды сендіретін ақпараттар жасау үшін терең фейктерді қалай пайдалана алатынын қарастыру керек. Бұндай бұрмалау өте қауіпті», – деген Мейерстің сөздерін CNBC жеткізеді. 

2023 жылдың қазан айындағы сайлауда оппозициялық Лейбористік партияның жетекшісі Кейр Стармердің Х (Twitter) әлеуметтік платформасында партия қызметкерлерін балағаттаған ЖИ арқылы жасалған жалған аудиоклип жарияланды. Жалған жазба 1,5 миллион қаралым жинаған. Бұл киберқауіпсіздік сарапшылары осы жылдың соңында Ұлыбританиядағы сайлау науқанында не болады деп алаңдайтын көптеген дипфейктердің бір мысалы ғана.

Сайлау науқандары Facebook иесі Meta, Google және TikTok сияқты цифрлық алыптар үшін платформаларын жалған ақпараттан қорғау үшін үлкен сынақ болмақшы. Meta пайдаланушыларға оның шынайы емес екенін білу үшін ЖИ жасаған контентке су таңбасын қосуға әрекеттенуде. Дегенмен deepfake технологиясы жетілдіріліп келеді. Көптеген технологиялық компаниялар үшін оларды жеңу үшін күрес өртті отпен өшіру сияқты қиын болады.

Deepfakes дәл қазір мысық пен тышқан ойынына ұқсайды, мұнда «ЖИ ЖИ-ге қарсы күреседі», ЖИ көмегімен дипфейк мәліметтерді анықтау және тұтынушыларға әсерін азайту үлкен шайқас алаңына айналды.

Сайлау науқандары Қазақстанның да демократиялық сипатын айқындайтын қажетті процесс. Біздің қоғамға да алдағы сайлауларда ЖИ жасаған өнімдерді анықтау, шындықты жалған контенттен айыра білу сияқты тәжірибе мен дағдылар, азаматтардың цифрлық сауаттылығы жоғары болуы керек. Қоғамның қағаздағы емес, нақты цифрлық технологияларды меңгеру деңгейі сыналатын уақыт та сайлау науқандары деп ойлаймыз.