Қырғызстан астанасында Азияның үздік балуандары бақ сынап жатыр. Кеше күрес түрлерінен Олимпиадаға іріктеу турнирі басталды.
Бішкек төріндегі бәсеке: балуандар екі алтынмен аяқтады
1,452
оқылды

Ал апта басында бес күнге созылған құрлық чемпионаты мә­ресіне жетті. Сары құрлық бәсекесінде Қазақстан құрамасы күрес­тің үш түрінен 12 медаль жеңіп алды. Былтырғы біріншілікпен са­лыстырғанда алтын саны аз, оның үстіне көп жағдайда Олим­пиадаға енбейтін салмақтарда жүлде алдық. AIQYN-ның тілшісі Бішкек төріндегі тартысты белдесулерді сараптап көрді. 

ЕРКІН КҮРЕС: БЫЛТЫРҒЫДАН 3 АЛТЫН КЕМ

Былтыр Астанада өткен Азия чемпионатында ер­кін күрес шеберлері 4 алтын ие­ле­ніп, Азияда сенімді түрде көш бас­таған. Биыл бұл нәтижені сақ­тау мүмкін болмады. Оның ең бас­ты себебі – ұлттық құрамадағы бірін­ші нөмірлі балуандардың Олим­пиадаға іріктеу турнирінде бақ сынауы. Еркін күрес ше­бер­ле­рі арасынан Париж ойындары­на жалғыз жолдаманы былтыр Азамат Дәулетбеков иеленген. Қал­­ған балуандар өз мүм­кін­дік­терін лицензиялық жарыстан із­деп көрмек. 

Хош, Бішкектегі Азия бірін­ші­лігінде 86 келі салмақтағы Аза­мат Дәулетбеков топ жарды. Аза­мат осы салмақта әлемдік дең­­­­гейдегі балуан екенін тағы бір дә­лелдеді. Себебі шығыстың ұла­ны­ қатарынан үшінші рет құр­лық сынында жеңіске жетіп, Азия­ның үш дүркін чемпионы ата­нып отыр. Мұндай атақ қазақ балуан­дары­на көп бұйыра бер­мейтінін де ұмытпаңыз. 

Азамат турнир барысында өзі­не өте сенімді көрінді, ал фи­нал­да әккі қарсыласы, Өзбекстан аты­нан сынға түсетін Жабраил Ша­пиевтен басым түсті. Азамат тап осы балуаннан екі ірі жарыста ұтыл­ған еді. Алдымен Токио Олим­пиадасына жолдама беретін ли­цензиялық жарыста жол берсе, кейін Ханчжоудағы Азия чем­­пио­натында тізе бүкті. Осы екі тур­нирдегі есесін Азамат Бішкек төрін­де қайтарып, өзінің бабында екенін көрсетті. 

«Бішкекте Азия чем­пио­на­ты­ның үшінші алтынын иеленген соң, өзіме деген сенім арта түсті. Оның үстіне, құрлық додасы Олим­пиада қарсаңында өткізіліп отыр. Финалдағы қарсыласым – Өзбекстан атынан сынға түсетін да­ғыстандық жігіт. Ол менің бас­ты қарсыластарымның бірі. Соң­ғы екі жарыста оған есе жіберіп ал­дым. Алдымен Алматыда өткен Азия аймақтық Олимпиадаға ірік­теу турнирінде ұтылсам, был­тыр Азия ойындарында жол бер­дім. Сондықтан ақтық сында ба­­­рымды салдым. Одан бөлек, қа­зір еліміз қиын кезеңді бастан ке­шуде. Ел аймақтарын су басып, ха­лық үйлерін тастап, қашуға мә­ж­бүр болуда. Осындай сындарлы сәт­те жанкүйерлерді қуантқым кел­ді. Осы жеңісімді су тасқы­ны­нан зардап шеккен халыққа ар­най­мын», – деді жарыстан соң сөз алған балуан. 

Осы жеңістен кейін Азамат Дәу­летбеков Біріккен күрес әле­мі­нің (UWW) рейтингінде 1-орын­ға көтерілді. 

Одан бөлек, Асыл Айтақын (61 келі) мен Ризабек Айт­­­мұ­хан (97 келі) күміс, Мейрамбек Қарт­бай (57 келі) қола жүлдегер атан­ды. Асыл олимпиадалық емес салмақта алғаш рет жүлдеге ілі­гіп отыр. Бапкерлер оған сәл ғана тәжірибенің жетпегенін ай­та­ды. Ал Мейрамбек былтырғы әлем чемпионатында жартылай фи­налға жетіп, кейін қола медаль үшін күресте ұтылды. Тіпті, жол­дама үшін таласта да жеңіліс тап­қан еді. Енді Бішкектегі жетіс­ті­гі­нен соң ол күрестен соңғы ли­­­­­цензиялық турнирге қатысуы мүм­кін. Себебі Олимпиадаға ірік­теу сынына қатысқан Ерасыл Мұх­тарұлы (57 келі) бірінші бел­­десуде ұтылып қалды. 

Ал Ризабек туралы әңгіме  бө­лек. Олимпиа­да­лық салмаққа ауыс­­­қан ол фи­налға сүрінбей же­тіп, ақтық сында Бахрейн аты­нан белдесетін дағыстандық Ах­мед Тажудиновке есе 2:4 есебімен жол берді. Был­тырғы әлем чем­пио­натында екі балуан да чем­пион атанған еді. Ризабек 92, Ах­мед 97 келіде атой салған. Енді міне, екі мықтының жолы Азия чем­пионатында түйіс­ті. Ма­ман­дар Ризабек Айт­мұ­хан­ның бұл сал­маққа бейімделіп келе жат­қа­ны­на жіті мән беруде. Тіпті, Ах­мед­тен таза жеңілді деуге ауыз бар­майды. Белдесу соңына қарай есепті теңестіріп кетуге аз қал­ды. Егер осы қарқынынан тай­­маса, Ризабекті Олимпиада ойын­да­рында көріп қалуымыз мүмкін. 

ӘЙЕЛДЕР КҮРЕСІ: БҰРЫМДЫ БАЛУАНДАРДА АЛТЫН ЖОҚ

Қайрат Сағадиев жат­тық­ты­­ра­тын Қазақстан әйелдер құра­ма­сы Бішкекте 4 қола медаль ен­ші­леді. Мұнда алтынға басты үміт­­­­кер 76 келідегі Эльмира Сыз­дықова бо­латын. Рио Олимпиада­сы­ның жүл­дегері осы жо­лы үш дүркін Азия чем­пио­ны атанады деп күт­кен­біз. Бірақ Сыздықова­ның былтырғы жарақаты әлі де сыр бе­руде. Эль­мира жартылай фи­­нал­да қырғыз күресінің жұл­дызы Айпері Медет­қы­зынан ұты­лып, турнирді қола­мен аяқтады. 

57 келідегі Лаура Алмаған­б­е­това ересектер арасындағы ал­ғаш­қы ірі жеңісіне қол жеткізіп отыр. Бас бапкер балуанның аяқ алысын жоғары бағалауда. 

Лаурадан бөлек, 72 келіде құр­лық додасының қола жүл­де­ге­рі атанған Анастасия Па­насо­вич те бапкерлер құрамын қуант­­ты. Екі балуан да ұлттық құ­рама са­пындағы үздік нәтиже­лерін тір­кеді. 

Ал 59 келіде тәжірибелі Диана Каю­мова қола медаль иеленді. 

Әйелдер күресінен құра­ма­ның бірінші нөмірлі спортшы­ла­рының Азия аймақтық лицензия­лық турнирге қатысып жатқанын ес­ке саламыз. Ал  бапкер болса, бұл жетістіктің жаман емесін ай­та­ды. 

«Әйелдер күресі Азия құр­лы­ғында өте жақсы дамыған. Әлем чем­пионаттары мен Олимпиада ойындарында да негізінен азия­лық қыздар  топ жарады. Олим­пиа­даның екі дүркін, төрт дүркін чемпиондары да осы сары құр­лықтан шықты. Жапония, Қы­тай, Моңғолия құрамаларымен әлем санасады. Үндістан да жақ­сы дамып келеді. Оның үстіне Азиядағы үздік балуандардың ба­сым көпшілігі Олимпиада жол­дамасын алып қойған. Сон­дық­тан бірінші нөмірлердің барлығы дер­лік Азия чемпионатына қа­тыс­ты», – дейді бас бапкер Қай­рат Сағадиев. 

ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ: ЕРЖЕТТІҢ ЖЕҢІСІ

«Классикалық» күрес ше­бер­лері Бішкектегі Азия чем­пио­на­ты­ның шымылдығын жапты. Олим­пиада чемпионы Юрий Ме­­­льниченко жаттықтыратын ко­манда жас балуанның жұлды­зын жақты. 

63 келі салмақта жамбылдық Ер­жет Жарлықасын өз манса­бын­да тұңғыш рет Азия чемпио­ны атанды. Ержет бұған дейін ұлт­тық құрама сапында мұндай ірі жарыстарға қатыспаған. Өзі белдескен алғашқы ресми тур­нир­де бірден алтын алғаны жан­күйер үмітін жалғай түсті. 

Турнир барысында Ержет Жар­лықасын Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Солтүстік Корея балуандарын жеңіп, финалда жа­пондық Аята Сузукимен белдесті. Ая­таның Ержетке қарағанда тәжі­рибесі де, жүлдесі де көп. Ол был­тыр 60 келі салмақта Азия ойын­дарының күміс жүлдегері атан­са, Азия чемпионатында екі рет қола медаль жеңіп алған. 

Финал өте тартысты өтіп, 6:6 есебімен тең аяқтал­ды. Алайда әдіс сапасы бойынша Ержет Жарлықасын Азия чем­пио­натының алтынын иеленді. 

«Жартылай финал және фи­нал­дағы қарсыластарым қиын­дық тудырды. Әсіресе, Солтүстік Ко­рея балуаны физикалық тұр­ғы­дан өте мықты екен. 

Ешкім жарысқа жеңілемін деп келмейді. Бәрімізде де алтын ал­сақ деген арман бар. Бұл жетіс­ті­гі­ме бапкерлерім де, ата-ана, туыс­­тарым да қуанып жатыр. Бір­­ақ өзім жеңіске жетіп, чем­пион атан­ғанымды қатты сезіне қой­ма­дым. Мүмкін, шаршағаным әсер еткен шығар. Енді мұнымен тоқ­тап қалмайтынымыз анық. Алда әлем чемпионаты бар. Сол сын­ға қатысып, абыроймен орал­сам деген ойым бар», – дейді Ер­жет. 

Грек-рим күресінен 87 келі­де­гі Нұрсұлтан Тұрсынов күміс жүл­дегер атанды. Отыздан асқан балуанымызға 2014 жылдан кейін Азияның алтыны бұйырмай ке­ле­ді. Ол былтыр да өзін финалда жеңіп кеткен ирандық Насер Га­сем Ализадеге тағы айла көрсете ал­мады. Тұрсынов тап осы Али­за­деден үшінші рет ұтылып  отыр. 

Олимпиадалық салмақ са­на­латын 77 келіге ауысқан Ибрагим Ма­гомадовтың да қарқыны жа­ман емес. Былтыр «классиктерге» Азияның жалғыз алтынын сый­лаған осы Ибрагим еді. Сол сын­нан соң ол бірден олимпиадалық салмаққа ауысып кетті. Бішкекте Магомадов айтарлықтай жақсы күресті. Тіпті, жартылай финалда жан­күйер арасында «акула» аты­мен танылған әлемнің екі дүркін чем­пионы, қырғыз балуаны Ақ­жол Махмұдовпен терезесі тең өнер көрсетті. 

Ал 97 келідегі жас балуан Юсуф Мациевке тәжірибе жетіс­педі. Ол финалда әлем және Азия ойындарының чемпионы, иран­дық Мохаммедхади Саравиге қауқар көрсете алмады. 

Тағы үш балуанымыз қола ме­даль үшін күресте қар­сы­ласқа жол беріп, жарысты бе­сін­ші орынмен аяқтады. Олар – Ға­лым Қабдунасаров (60 келі), Ал­матбек Аманбек (67 келі) және Әділ­хан Сатаев (72 келі).

Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ