Осыдан 99 жыл бұрын, яғни 1925 жылы Парижде Дүниежүзілік көрме өткен еді.
Әміре Қашаубаев туралы 1925 жылы жазылған мақала
Фото: автордың жеке мұрағатынан
4,151
оқылды

Оның біз үшін маңыздысы – көрмеге атақты әнші Әміре Қашаубаев қатысқаны. Әуелі осы мақаланы бастамас бұрын ниетіміз басқа еді. Ойымыз Әміренің жолын көрсету болатын. Семейде жүріп, бір емес, бірнеше іріктеуге қатысып, ең соңында Париждегі күндерін жазғымыз келген. Алайда тақырыпты қазбалай келе, бұрын айтылмай келген бір дүниеге жолықтық. Ол – 1925 жылғы жарық көрген мақала. Тек мақала емес, мақала жарияланған журналдың түпнұсқасын таптық. Түпнұсқа Санкт-Петербор мемлекеттік театр кітапханасының электронды каталогында тұр екен. Бұл мақала жайлы түрлі жерлерде айтылып жүрсе де, толық орыс тіліндегі мәтінді кездестірмедік. Әсіресе, сол жерде жарияланған фото зерттеушілер үшін құнды деп есептейміз. Сондықтан бүгінгі жазбамыз сол мақалаға арналады.

Әуелі журнал жайлы тоқталып өтейік. Орысша атауы – «Вестник работников искусство» (Өнер саласы қызметкерлерінің жаршысы/хабаршысы). Журнал Мәскеуде 1920-1926 жылдар аралығында жарық көріп отырған. Жиілігі  айына екі рет. Журнал форматы 30×22,5 см. (Бұл бүгінгі А4 форматынан сәл үлкен).

Бізге қызықтысы – 1925 жылдың 20 қараша күнгі  №8 (30) нөмірі. Жалпы бет саны – 40. Мазмұнына қарасақ, өнер атаулының барлығын қамтыған екен. Театр, музыка, кино, мұражай секілді тақырыптарға 20-ға жуық мақала арналған. Соңында қазанама, редакцияға хат, жарнама сынды қосымшасы да бар.

Әміре жайлы жазылған мақаланың авторы нақты көрсетілмеген. Музыка жайлы бөлімде бір ғана автордың есімі жазылған. Біздің топшылауымызша, сол автор барлық мақаланы жазған болуы керек. Оның есімі – Евгений Браудо. Wikipedia-да оның 1882-1939 жылдар аралығында өмір сүргенін, өз заманында білгір музыкатанушы болғанын оқыдық.

Мақала 13-бетте берілген. Төменгі жарты бетте Парижге барған өнерпаздардың суреті қойылса, жоғарғы жарты бетінде бізге қажетті мақала мен Россия филармониясының концерті жайлы шағын ақпарат келтірілген.

Мақала атауы «КСРО-ның Париждегі концерті. Халық әні ансамблі» деп аталады (Мақаланы қаз-қалпында ұсынып отырмызAikyn.kz). 

«Парижде өткен Сәнді өнердің әлемдік көрмесінен КСРО-ның этнографиялық концерттерінің қатысушылары қайтып келді.

Концерттік топ республиканың еңбек сіңірген әртісі Г.П. Любимов жетекшілік ететін Мемлекеттік академиялық Халық әні ансамблінен құралды. Құрамда келесідей өнерпаздар болды: домра квартеті (Г. Любимов, С. Тэш, Д. Александров, Н. Кудрявцев) және О. Федеровская, О. Ковалева, А. Доливо-Саботницкий сынды әншілер қатысты. Ансамлбльден бөлек концертке өзге де әртістер барды. Әзербайжан Мемлекеттік театрынан – Шевкет Мамедова, өзбек әншісі Кари Якубов, өзбек бишісі Тамара Ханум, башқұрт құрайшысы Исенбаев және қырғыз әншісі АМРЕ КАШАЛБАЕВ».

Бұл абзацтан оқығанымыздай, қатысушылар саны  он екі. Оның өзі төртеуі бір квартет мүшесі. Түсіндіре кетейік, квартет деген құрамында төрт адамы бар топ. Ал домра деген көлемі қазіргі шертерге ұқсас, шанағы дөңгелек, темір үш ішекті музыкалық аспап. «Башқұрт қурайшысы» деп Жұмабай Есенбаевты (қазіргі башқұрлар Юмабай Исянбаев деп жазады – ред.) айтып отыр. Мақалада неге қырғыз әншісі деп жазылғанын түсіндірмесе де болады деп ойлаймыз. Aikyn.kz-тің оқырманы қазақ қалай қырғыз атанды, кейін қалайша қазақ атауы оралғанын жақсы біледі деп есептейміз. Тек Әміре атамыздың тегі Қашаубаев емес... «ҚашаЛбаев» деп бір әріпке қате жазып кеткені өкінішті. Өкініштісі сол, өзбек тілінде жазылған бір мақала да дәл осы қатемен берілген екен. (Алдағы уақытта жазылатын мақалада осы есімдердің бәріне тоқталып, толыққанды түсіндіріп кетеміз). Мақаланы жалғастырайық.

«Концерттер сұранысы аз шілденің екінші жартысында өткеніне қарамастан өте сәтті өтті. Баспасөз мақтаулар жазды. Ақгвардияшылардың газетінде танымал сыншы Шлессер мақала жариялап, осы уақыт ішінде Парижде атауға тұрарлық тек үш оқиға болғанын айтады. Олар Стравинскийдің «Фестивалі», Ванда Ландовскаяның концерті және КСРО-ның этнографиялық концерті дейді.

Концертке өкілдері қатысқанымен эмигранттардың басқа газеттері үн қатпады. Газеттер концертті жамандауға дәттері жетпей, ал мақтап жазуға ұстанымдары келмей қалғаны анық».

Мақалада жазылып, біздің «сұранысы аз шілденің екінші жартысы» деп аударып берілген сөйлемнің сырын түсіндіріп кетейік. Сол уақытта (шілде айы) француздар қапырық қалада емес, салқын самалы бар теңізге кетеді екен. Сондықтан қаланың өзінде адам саны азайып отырады. Ал «эмигрант газеті», «ақгвардияшылар баспасы» деп отырған сөздердің мағынасын КСРО қалай құрылғаны жайлы аз-кем оқыған адам түсінер. Өте қысқаша айтсақ, Қызылдар жеңіп КСРО-ны орнатқанда, Ақтар Франция секілді көптеген мемлекетке қашып, сол жақта орнығып, оппозиция ретінде жұмысын жүргізіп отырған.

«Көрме өтіп жатқан аумақтағы театр өз залын беруден бас тартқан соң, концерттер «Комедия» атты журналдың залында өткізілді. Тек сапардың соңғы күндерінің бірінде ғана театр басшылығы рұқсат беріп, таңғы бір уақытта концерт өткізуге мүмкіндік алды. Осыдан кейін театр басшылығының өзі бірнеше концерт өткізуге шақырды. Көрермен концерт аяқталған соң, шығу есігінде жиналып, қайтып бара жатқан артистерге қошеметін аямады. 

Концертті өткізу міндетін Росфил (Ресей филармониясы) алды. Оның директоры Б. Красин мен концерт бөлімінің меңгерушісі С. Тутельман осы уақытта Парижде болды.

Мемлекеттік академиялық халық әні ансамлблі алдағы уақытта Мәскеуде және КСРО бойынша концерт беру жоспарлап отыр. Келесі жылдың сәуір айында Германияда және Парижде бірнеше концерт өткізу жоспарлануда».

Әміре Қашаубаев төменгі қатарда оң жақтан бірінші отыр

Құрметті оқырман, мақаланың аяғына келіп, екі ойлы болып отырған шығарсыз. Біздің бұны не үшін аударып, неге берді деген сұрағыңыз болар. Жауабымыз дайын. Әуелгі сөз басында жазып кеткеніміздей, дәл осы ақпаратты ашық дереккөзде кездестірмедік. Және Әміреге қатысты бірнеше еңбектерді де қарап шыққанымыз бар. Ол жерде тек мақаланың үзінділері болмаса, толық мәтін келтірілмеген. Ал фото қазақ интернеті кеңістігінде алғашқы рет жарияланып отыр. Google-дің фото іздегіш құралын пайдаланып, тек бір жерде ғана жарияланғанын көрдік. Оның өзі өзбек сайтында. Әміремен бірге барған биші Тамара Ханумға қатысты өзбек тіліндегі мақалада көрсетілген. Сондықтан бұл болашақ іздеушілерге қажет дүние деп білеміз.

Бұл жазбамыз біз жоспарлаған үш мақаланың алғашқысы деп есептейміз. Алдағы уақытта Әміренің Семейден Парижге дейінгі жолын, түрлі іріктеуден қалай өткенін жазу жоспары бір мақала десек, тағы бір жазбамыз Париж (1925 ж.) бен Франкфуртта (1927 ж.) түскен фотолары хақында болмақ.

Бұған дейін Күйші Дәулеткерейдің Мәскеу мен Петерборға сапары жайында жазған болатынбыз.