Қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев пен «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова 20 жылдан астам уақыт жүйелі және тұрақты негізде қайырымдылық шараларын жүргізіп келеді.
Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 1,2 миллиард теңге аударды
875
оқылды
Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 1,2 млрд теңге жіберді. Бұл туралы Қазақстанның бокс федерациясы хабарлады.
 
Федерацияның мәліметінше, қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев пен «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова 20 жылдан астам уақыт жүйелі және тұрақты негізде қайырымдылық шараларын жүргізіп, Қазақстанның барлық аймақтарында жаңа мектептер мен әлеуметтік мекемелерді, балаларға арналған ойын қалашықтары мен спорт алаңдарын, Робототехника орталықтарын және жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған ауруханаларды салып келеді.
 
Еліміздің көптеген өңірі су тасқыны аймағында қалып, халық зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бас қосқан осы қиын кезеңде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген вектор бойынша меценаттар да шет қалмай, су тасқынынан зардап шеккен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруге 1 млрд теңге аударды.
 
«Табиғи апатқа тап болған барша қазақстандықтарға өз қолдауымызды білдіреміз. Бір елде тұрып жатқан соң қайғымыз да ортақ. Менің туған жерім Атырау облысының аудандары да су басу аймағында болды. Жағдайды ұдайы бақылап, апаттың ауқымын түсіне отырып, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын қалпына келтіруге 1,2 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдадық.
Сондай-ақ 9 миллион теңгені Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің оқушылары қайырымдылық жәрмеңкеде жинады.
"Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші, біз ортақ күш-жігермен ең қиын жағдайдың да шешілетініне, табиғат апатының тез арада сейіліп, жаңа үйлер бой көтеріп, еліміз бұдан да нығайып, бірлігі арта түсетініне шын жүректен сенеміз», – дейді «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова.
 
Бұған дейін Жайық өзені арнасынан  асқанын хабарлаған болатынбыз.