Әлеуметтік желіде қазақ тілінің насихатын жүргізіп жатқан блогерлердің қарасы қалың. Оның ішінде ана тілімізді меңгеріп, одан қалса басқаларға үйретіп жүрген өзге ұлт өкілдерін ерекше атап өту керек.
Тілге құрмет – елге құрмет
1,578
оқылды

Instagram, TikTok желілері арқылы өзінің пайдалы парақшаларын жүргізіп, көпшіліктің қазақ тілін үйренуіне қол ұшын созып жүргендер жетерлік. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында біз осындай жандарды оқырманға таныстыруды жөн көрдік. 

Қазір әлеуметтік желі өзіңіз қалаған дүниеңізді оңай табуға мүмкіндік беретін алаңға айналған. Осы алаңда ана тілімізді құрметтеп, қолданыс ауқымын кеңейту үшін белсенділік танытып жүргендердің бірі – Анастасия Ульченко. Әлеуметтік парақшасында 40 мыңнан аса қазақ тілін үйренуге құмар қауым бар. Украин қызы қазақ тіліне ерекше құрметпен қарайтынын айтады. «Қазақстанда тұрғандықтан, қазақ тілін білуге міндеттіміз», – деді ол. Қазір Анастасия «Сөйле» тілдесу клубының мүшесі. Айтуынша, бұл клубтың басты мақсаты – қазақ тілін үйренемін деушілерге бағыт-бағдар беріп, тілді жетік меңгеруге көмектесу. 

«Қазір қазақ тілін жетік меңгердім деп айта аламын. Өйткені ұлтым қазақ болмаса да отбасымызда тек қазақ тілінде сөйлей­міз. Қазақ тілін, әдебиетін тереңдетіп оқи бас­тауыма әке-шешемнің ықпалы зор болды. Кішкентай күнімізден бастап күн­делікті қолданыстағы қарапайым сөздерді жаттай бастадық. Қазақ ертегілерінің жи­нағын алып берді, оны бауырларымызбен отырып алып талқылайтынбыз», – дейді ол. Соны­мен қатар Анастасия қазір бала­ларға қазақ тілін үйретуден дәріс береді, бұл ісі үшін ләззат алатынын да тілге тиек етті. Қазақ отбасына келін болудың өзі қазақ тілінің жетік меңгеруіне түрткі болыпты. 

– Жақында «АMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйытқы болған  «Менің елім – менің тілім» жобасы аясында «Сөйле» клубы ашылды. Қазір сол клубтың Алматы қаласындағы оқытушы-тренер қызметінде жүрмін. Бұл клуб Қазақстанның 11 қаласында жұмысын сәтті жүргізіп тұр, – дейді украин қызы Анастасия. 

Ол ана тілімізге қызығушылық білдіріп жүрген жандарды әдеттегі қалыптасқан ережемен емес, жаңаша әдістерді қолдану арқылы тіл үйренуге бейімдейді екен. Есту арқылы ақпаратты оңай қабылдауға бола­тынын айтып, шәкірттерін алдымен психо­ло­гиялық дайындықтан өткізетінін жет­кізді. Игі бастамаларын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында да жалғастырып, алыс-жақын жүрген қазақ тілін меңгеруге ынтасы бар азаматтармен бөлісуді жөн тапқан.

Ал Көкшетау қаласындағы №1 мек­теп-гимназияның неміс-ағылшын тілі пән­де­рінің оқытушысы Нилуфар Амираслано­­ва – әзербайжан қызы, Мемлекеттік тілді на­сихаттау және дамыту орталығының, Қа­­зақстан халқы Ассамблеясының мүше­сі. Қазір доктарантурада оқып жүр. Ор­тасында қазақ тілінің жанашыры атанған полиглот мұғалім түрлі әдеби және мәдени шара­ларға белсене қатысады.

«Әзербайжан Республикасында дүниеге келдім. Әкем де, анам да – әзербайжан. Туыстарымның ішінде қазақтар жоқ. Бірақ балалық шағымнан әсем қала Көкшетауда өскендіктен, өзімді нағыз қазақ қызы деп сезінемін. Қазақтың тілі, мәдениеті маған жат емес. Керісінше, мұның бәрі бойыма туа біткендей сіңіп қалған. Әзербайжан ұлты болғаныма қарамастан, менің жаным да, жүрегім де – қазақ. Қазақ тілін үйренуді бастауыш сыныпты оқып жүрген кезде бастадым. Жоғары сынып оқушысы болған кезде қазақ тілі пәнінен түрлі олимпиа­даларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Қазір орыс сыныптарына қазақ тілін үйретіп жүрмін. Сонымен қатар қазақ тіліне ынтасы тасып тұрған басқа да ұлт өкілдері бар. Олардың қызығушылығын одан ары арттыруға тырысамын. Қазақ мектебіне барып, қа­зақтың балаларымен ойнап, қазақ жерінің шаңында жүріп, топырағына аунағаннан кейін қалайша қазақша сөйлемейін», – дейді Нилуфар. 

Қазір қазақ тілін насихаттап жүрген әзербайжан қызы балалардың тілді оңай меңгеруі үшін қазақ тілді контенттер, қы­зықты видеолар дайындаумен де шұғыл­да­натынын айта кеткен жөн. Алты тілді еркін меңгерген полиглот мұғалім үнемі қоғам­дық жұмыстардың басы-қасында жүріп, мемлекеттік тілді насихаттайтын байқау­лардан бой көрсетіп жүр. 

«Белгілі бір тілде сөйлеу үшін, алдымен сол тілде ойлана білу керек. Мәселен, ағыл­шын тілінде сөйлеген келеді ме, ендеше сол тілде ойлануды баста. Әрине, басында қиын болады. Бірақ бұл өз уақытымен келетін нәрсе. Осы тілдерде жақсы сөйлеу мақсатында мектептегі оқушыларыммен бірге әртүрлі тілдерде сөйлесуге тырыса­мын, бұл маған тілдер арасындағы байла­нысты жоғалтпауға және оқушыларым­­ның сөйлеу дағдыларын дамытуға көмек­те­седі», – деді Н.Амирасланова.

Парақшасында 250 мыңға жуық оқыр­маны бар қазақ тілінде сөйлейтін белгілі блогер, орыс жігіті Алексей Лодочниковтың қазақшасы кейбір қазақтарды да шаң қаптырады. Ол әлеуметтік желі арқылы Қазақстанда өмір сүріп жатқан бірқатар өзге ұлттың өкілдерін қазақ тілін үйренуге шақырған. Оқырманының көңілін көте­ретін қысқа видеолары да қазақ тілінде жарияланады. 

«Достар, қазақ тілін үйреніңіз, бұл сіз үшін пайдалы болмақ. Сіз Қазақстанда тұрасыз ба, демек әр адам өзі тұратын елдің тілін үйренуге міндетті. Еліміздің орыс тілді азаматтарына менің айтар кеңесім – қазақ тілін үйреніңіз» деп видео жүктеген болатын. Бұдан ана тілімізге деген құрмет тек қазақтардың ғана емес, өзге ұлттардың да бойынан көрініп жатқаны байқалады. Бұл қазақ тілінің қолданылу аясы мен на­си­хатталуын шарықтау деңгейіне жеткі­зетіні сөзсіз. 

Ресейде туып, қазақ даласында өскен Ольга Сагиндикова ұлттық аспапта еркін ойнайды. Татар, орыс, тағы бірқатар ұлттың балаларына бойындағы өнерімен бөлісіп, тәлім көрсетіп жүр. Тамырында қазақ қаны ағып жатқандай сезінетін ол «Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, күйшілік өнермен қатар әншілікті де қатар алып жүр. 

«Он жасымда Қазақстанның ауылды жеріне қоныс аудардық. Сыныптастарым, достарым қазақ тілінде еркін сөйлейтін. Олармен бірге жүріп мен де қазақ тілін жетік меңгердім. Енді бар білгенімді неге балаларға үйретпеске? Домбыра – халық­тың жаны. Сондықтан даламызда қазақ топырағын басып жүрген әр азаматтың жаны бір болуы керек деп ойлаймын. Қазір қазақ тілін меңгеремін деп келетін немесе домбыраны үйренуге жаны құштар оқушы көп. Біз біліп тұрсақ, олардың бетінен қақпай, белін буайық деп айтар едім», – деп ізгі ниетін білдірді О.Сагиндикова. 

Өзге тілді өз ана тіліндей жетік меңгеру әркімнің қолынан келмейді. Ал оны басқа­ларға үйрету – қиынның қиыны. Әлеу­меттік желі арқылы қазақ тілінің насиха­тын жүргізіп жүргендерді санай берсек саны­на жетпейміз. Не дегенмен ана тіліміз­дің да­муына шама-шарқы жеткенше ат салысып жүрген өзге ұлттың өкілдерінің мұн­дай бастамалары көп ұлттың бір шаңы­рақ астында айрандай ұйып отыруына кепіл бола түсетіні анық. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ