Бұл жазбамызда Әміренің Парижге сапарына ғана тоқталып өтеміз.
Әміре Қашаубаев Семейден Парижге қалай барды?
3,368
оқылды

Әнші Әміре десек сіздің ойыңызға алғаш келері оның Париж сапары болса керек. 2017 жылы Астанада EXPO өткенде бұл жайлы көп айтылды. Сол кезде біраз адамнан «Бұл қалайша?» деген пікір естіп едік. Сенбегендер де болған. Әлі күнге дейін бар. Сондықтан өзімізше Қашаубайдың баласы Әміренің жолсапарын саралап көрдік. Әрине, егжей-тегжей ғылыми-зерттеу жасамасақ та, ашық дереккөздерді және баспа бетін көрген естеліктерді пайдаланып, барынша дәл жазуға тырыстық. 

1924 жыл. Семей қаласы. «Ес-аймақ» бірлестігі арқасында Әміренің кәдімгі ысылған актер атанып, әншілік шеберлігі де аса түсті. Десе де, атағы туған аймағы демесеңіз, өзге өңірлерге кең тарала қоймаса керек. Бұл пікірді Жұмат Шаниннің «Әміре 1924 жылға дейін Семейдің шеңберінен шыға алмай жүрді»,-деп жазғанынан анық аңғарамыз. 

Осы жылы іріктеу өтеді. Шыны керек, біз көрген деректерде «міне, бұл Парижге іріктеу» дегенді оқымадық. Оны өзіміз пайымдадық. Өйткені кез келген үлкен іс-шараға қатысу үшін, әрдайым топтан озғандарды іріктейді емес пе? Кейінгі болған оқиғаларды ескере отырып, 1924 жылы болған әншілер сайысын іріктеу деп алғанымыз сондықтан.

Міне, сол іріктеу сайысын «Губерниялық партия комитеті және оқу бөлімі» ақпан айында Семейде ұйымдастырған. Кереку, Баянауыл, Қарқаралы, Семей елінен 30-дан астам өнерпаз бас қосқан. Әміреден бөлек атақты Майра Уәлиқызы да қатысқан. 

Біз оқыған деректерде бірінші және екінші орын алған өнерпаз әртүрлі айтылады. Мысалы,  Жарқын Шәкәрім: «Бірінші орынды Әміре Қашаубаев, екінші орынды Қали Байжанов алды»,-дейді.

Ал Қалибек Қуанышбаев өз естелігінде сәл өзгеше айтады. Оның айтуынша,  Әміре де, Қали да ән айтыстырып, бір-бірін жеңе алмаған екен.

«Әміре мен Қали екеуі кезек-кезек айтысты. Жұрт екеуін екі жақтап қолтықтап, шала бүліністі. Қыза-қыза сахнадан шықпай, екеуі екі орындыққа отырып алып айтысты. Домбыра, гармонь екеуінің қолында кезек-кезек сайрады. Тіпті, әрі-беріден соң екеуі бір әнді кезек айтатын болды. Анық сынасарлық жер осы болды… 

…Енді комиссиядағылар екі жақ болып таласып жатыр. «Сендер босқа таласпаңдар, бірінші бәйге мен екінші бәйгелеріңді қосып жіберіп, екеумізге қақ бөліп беріңдер», – деп Әміренің өзі ұсыныс жасады. «Маған екінші бәйгені беріңдер, біріншіні Әміре алсын, өйткені талабы зор, менен артық екені рас, аспанға өрлеп тұрғанда беті қайтып қалады. Менің жасыма жеткенше өрлей берсін»,-деді Қали.

«Менің әнімді жұрт артық деп тапса, Қали менен жасы үлкен аға ғой. Екі бәйгені қақ бөліп берулеріңізді сұраймын,-деп Әміре өтінген соң, комиссия екі бәйгені қосып, екеуіне қақ бөліп берді».

Ал үшінші орынды Керекуден келген Барбар әнші алыпты. (Бұл үшінші орын жайлы барлығында бір дерек).

Бұл біздіңше, бірінші іріктеу болған. Келесі кезеңге Әміре аттанады. Осы жерде қырағы оқырман бір сәйкессіздікті байқауы мүмкін. Егер Қали Байжанов та бірінші орын алса, үлкен жарысқа неге Әміре барады? Бұның жауабын таппадық. Бірақ қарап отырсақ, Қали әнші Әміреден бір мүшел үлкен. Әміренің жасы 36-да, Қали Байжанов 50-ге таяп қалған кезі. Ел ағалары ақылдасып, Қали ұзақ жолға шыдай ма (естеріңізге сала кетейін, бұл 1924 жыл, яғни тура бір ғасыр бұрын) деп Әмірені аттандырған деп есептейміз.

Келесі кезең Орынборда өткен сияқты. Әрине, бұған еш құжаттық дәлел таппадық. Бірақ екі жанама дәлеліміз бар. Біріншісі, 1925 жылы сәуір айында Әміре Орынборға арнайы шақырылады. Жарқын Шәкәрім бұл кезді: «Орынборда өткен сауық кешінде өнер көрсетті» деп жазады. Кейін барлығы Қызылорда қаласына съезге делегат ретінде кетеді. Егер бірінші іріктеу кезең аймақтық (губерниялық) болса, Орынборға екінші кезең республикалық болуы әбден мүмкін емес пе? Бұны бір деп қойыңыз. Екінші жанама дәлелім, дәл осы Орынбордан кейін мамыр айында Семейге Луначарский атынан хат келеді. Луначарский сол кездегі, бізше айтсақ, Кеңестің оқу-мәдениет министрі. Жоғары лауазымды адам. Егер Парижге баратын тізім нақты белгілі болса, «Дайындала беріңдер» деген мазмұнда 1924 жылы-ақ хат келер еді ғой. Сондықтан осы Орынборда тағы бір сынап, Затаевич тікелей Мәскеуге хат жіберіп, «Парижге Әмірені алып бару керек»,-деп айтса керек. (Құрметті оқырман, бұл іріктеу кезеңі біздің жорамалымыз ғана екенін тағы ескертейік)

Осы хатқа қатысты қызық оқиға бар. Луначарскийдің атынан мамыр айында Семейде хат келеді. Хат «Әміре Қашаубаевты дайындаңдар, Мәскеуге келсін» дегендей мазмұнда болған екен. Сол кезде Семейдегі биліктегілер телеграмманы оқып «шатасып кеткен шығар, сонау Мәскеуде мына Әмірені кім білсін?!» деп ойлап басқа шаруасымен айналыса береді. Шамамен бір аптадан кейін қайта телеграмма келеді (кей деректерде осы жолы телефонмен хабарласқан) «Неге жауап бермейсіздер, Әміре қайда? Жауапты күтіп жүрміз»,-деп тағы  келеді. Сонда ғана Семейдегі әкімқаралар 27 мамыр күні Әмірені Мәскеуге аттандырған екен.

Парижге кетпес бұрын Мәскеудегі Үлкен театрда тағы бір концерт өткізеді. Бұл тек концерт емес һәм Париж алдындағы соңғы дайындық болса керек. Ұйымдастырушылардың ойынша, әртістер үлкен сахнада қарасы көп халықтың алдында өнер көрсету керек. Ал жағдайды бағамдап отыратын Луначарскийдің өзі және атақты ақын Маяковский. Бұл концерт жайлы сол кездегі орталық газет «Правданың» 26 маусым күні (1925 жылы) санында жазған екен. Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» еңбегінде Әміре бұл концертте «Ағаш аяқ» әнін айтқан екен дейді. Залдың алдыңғы қатарында отырған бір көрермен әннің алғашқы нотасы айтылғанда шошып кетіп, «Мынау ғажап дауыс қой!» депті.

Әміре осылайша, барлық сыннан өтіп, КСРО өкілдері құрамында Парижге жол тартады. Ол жаққа пойызбен барғаны анық. Өйткені 1924 жылы Мәскеу – Париж арасындағы арнайы теміржол  бағыты ашылып, оның алғашқы жолаушысы КСРО елшісі болғанын білдік.

Енді 1925 жылғы Париж жайлы бірер сөз. Бұл жылдары Коко Шанель, Пабло Пикассо, Эрнест Хемингуэй секілді мықтыларды Париж көшелерінен кездестіру қиын емес еді. Әсіресе, Парижде дүниежүзілік маңызы бар көрме өткендіктен, бұлар да сол ғимараттарды жағалап жүруі әбден мүмкін.

Парижге делегация тоғызыншы шілде келіп жетеді. Орталықтағы «Дария» қонақүйіне орналасады. Осы уақыттан бастап делегация 11 концерт қояды. 

Осы ретте интернет кеңістігін тінту кезінде өте қызықты мақалаға жолықтық. Бұл «Егемен Қазақстан» газетінің сайтында 2018 жылы жарияланған материал. Авторы Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Асқар Абдрахманов деп көрсетілген. Автор сол жылдары жарыққа шыққан «Әміре» фильмін көріп, шабыттанып, Әміренің Париждегі жолын іздеп көрмек болғанын жазады. Сөйтіп, газет архивтерінің ең алғашқы жазбаны табады: «Semaine d’Art ethnographique russe» (Орыс этнографиялық өнерінің сеанстары) концерті Сан-Жорж көшесі, 51  Salle Comoedia ғимаратында өтетінін келтіреді. Уақыты: жұма, 10 шілде және сенбі, 11 шілде 21.00. Билеттердің құны – 8-20 франк арасы.

Келесі тапқан дерегінде дәл осы концерт «Жұма күнгі 17 шілде,  сағат 18.00-де және сенбі күнгі 18 шілде, сағат 15.00-де» өткенін жазады. Енді толық қатысушы құрамды жазып, ішінде Әміренің есімін де кездестіреді.   Chansons Kirghiz (Monsieur Amre Kaschalbaeff)  осылай берілген екен.

24-31 шілдедегі «Париж апталығының» №165 нөмірінде КСРО концерті жайлы көлемді мақала жазып, суретін берген. 

15 шілдеден бастап Salle Comoedia атты газеті де осы ұжым туралы хабар таратып жүрген екен. Ал 17 шілдедегі нөмірінде Әміре Қашаубаев жайлы пікір де басылыпты. Пікірді жазған  француз композиторы, хор дирижері және музыкатанушы Поль Ле Флем (1881-1984). 

Асқар Абдрахманов мақаланы келесідей аударып береді: «Батыс адамының көзімен қарасақ, мсье Қашаубаев шырқаған қырғыз даласының төлтума әндері бізге үйреншікті тәсілдермен өңделмеген. Олардың созылмалы шарықтауы, тәтті әуені, жан елжіретер шынайылығы бізге байтақ дала жазирасына ауысуға, ұшы-қиырсыз көкжиектердің поэзиясына енуге мүмкіндік берді…

…Бәсең тембрі бар домбыра атты ішекті аспапқа сүйемелдеп орындайды. Және олар көбінесе гармониялық интервалдардың арасынан кварталар мен квинталарға негізделіп, терцияларды сирек пайдаланады… қырғыз, түркістандық әуендер біздің мажор мен минорға догмалық ұстаныммен қарайтын музыканттарға «жабайы» көрінуі мүмкін…бұл мелодияларды толық қабылдап, сезіну үшін музыкалық әлемнің жаттанды дағдыларынан бас тартуға тура келеді. Бұны біздің көп жағдайда «византизмге» толы дәстүрлі доктринамыз қабылдауы неғайбіл».

Әміре Парижде жүргенде жазушы Ромен Роллан, журналист Анри Барбюст, Сорбонна университетінің профессоры Юбер Перно секілді зиялылармен кездескен. Соңғысы қазақтың Әміресі мен башқұрттың қурайшысы (сыбызғышы) Жұмабайды арнайы фонографқа жазып алған екен.

Жоғарыда оқығанымыздай, концерттер жұма және сенбі күндері болған. Қалған күндері қаланы көріп, қыдырғаны анық. Сондай бір күндері әйгілі Эйфель мұнарасына Мұстафа Шоқаймен көтеріліп, қаланы тамашалаған екен. Тіпті бір кешкі уақытта Мұстафа: «Келіңдер барлығын, кешкі асты ішіп кетіңдер»,-деп шақырады.

Делегациядан тек Әміре ғана барып, жалғыз өзі Мұстафамен оңашада қалады. Кейін елге оралғанда НКВД-ға келесідей түсіндірме айтыпты. 1927 жылы Әміре Қашаубаев айтты деген келесідей дерек бар. Үзіндісін келтірейік: «1925 жылы маусым немесе шілде айының бірінде мен барлық ұлттық республикалардан жиналған 14 актермен бірге Парижге бардым. Барған бойда «Дария» отеліне орналастым. Екінші күні қонақүйге Мұстафа Шоқай келіп, менімен әңгімелесті. Ол Қазақстанда болып жатқан жағдайларды сұрады. Арасында: «Үкімет басында кімдер тұр? Қазақтар бар ма?» деген сауалдар да қойды. Мен «бар» деп жауап бердім. Бірақ олардың кімдер екенін айтқаным жоқ, ол да менен сұраған жоқ. Сосын ол менің білімімді сұрады. Мен оған «ешқандай білімім жоқ» деп жауап бердім. Әңгіме үстінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың хал-жағдайын және немен айналысып жүргендерін сұрады. Мен: «Байтұрсынов Қызылордада мұғалім, ал Дулатов әдебиетпен айналысып жүр», – дедім» (Бұл түсіндірменің бір бөлімі ғана, өте ұзақ болған соң толық жариялауды жөн санамадықавтор). 

Осы сапарда Әміре Париж сахналарында «Балқадиша», «Ағашаяқ», «Дударай», «Қараторғай», «Қызыл бидай» және «Үш дос» әндерін шырқаған екен. Шамамен шілде айының басында елге қайтады. Тамыздың 20 күні Семейге келіп жетеді.

Құрметті оқырман, осы сапар жайында Мәскеуден жазылған мақала бар. Сол мақаланы біз де аударып, түсіндірмесін жазып, ұсынғанымыз бар еді. Айта кеткеніміз жөн шығар, бұған дейін жазылған  Әміре Қашаубаев туралы 1925 жылы жазылған мақаланы  да оқи отырыңыз.