Қазақстан сапынан жалпы есебі 60-қа жуық боксшы бақ сынайды.
Бокстан Елорда кубогына қатысатын боксшылар белгілі болды
Фото: ҰОК
2,156
оқылды

13-18 мамыр күндері Астанада өтетін Елорда кубогы турниріне қатысатын боксшылар анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, өз елімізде өтетін жарысқа ұлттық құраманың бірінші, екінші және үшінші нөмірлі спортшылары қатысады. 

Атап айтсақ, Олимпиада жолдамасының иегерлері Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (81 келі), Айбек Оралбай (92 келі), Қамшыбек Қоңқабаевтар (+92 келі) бар. 

Сондай-ақ әлем чемпиондары Теміртас Жүсіпов (48 келі), Бекзад Нұрдәулетов (81 келі), әлем біріншілігінің күміс жүлдегерлері Дулат Бекбауов (63,5 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет, Азия ойындарының қола жүлдегері Сағындық Тоғамбай және Азия ойындарының қатысушысы Ертуған Зейнуллинов бар. 

"Келеңсіз жағдай болып қалмаса, Олимпиадаға қатысатын барлық боксшы осы сынға қатысуы керек. Себебі, соларға арналып өткізілетін турнир. Сондықтан спортшылардың бәрі қатарда. Бұл Олимпиада қарсаңындағы дайындық турнирлерінің бірі", – деді бас бапкер Мырзағали Айтжанов. 

Қазақстан сапынан жалпы есебі 60-қа жуық боксшы бақ сынайды. Турнирге жалпы есебі 9 елден спортшылар қатысады деп жоспарланған.