Француздық Seabike компаниясы аяқтың күшін пайдаланып, суда адамнан жылдам жүзетін құрылғы жасап шығарды. Құрылғы су астындағы велосипедке ұқсайды. Мұндай құрылғы бұрын болмаған.
Енді суға ешкім батпайды. Суда жүзетін велосипед жасалды
Бұндай велосипедпен моторлы қайықтай су бетінде немесе су астында жеңіл сырғанайсыз. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Seabike
2,416
оқылды

Адамға суда жоғары жылдамдықпен жүзуге көмектесетін жаңа құрылғымен newatlas.com сайты таныстырды. Балықтармен жарысып жүзуге болатын «су велосипедінің» керемет мүмкіндіктерін Aikyn.kz америкалық сайттағы материалға сүйеніп талдайды.

Seabike тірегін қалаған ұзындыққа ұзартып, белдікпен белге байлап, балықтай жүзесіз. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Seabike

Сіз мұндай «су астындағы ұтқыр құрылғыны» бұрын көрдім деп айта алмайсыз. Өнертапқыштардың идеясы өте қарапайым: сіз Seabike тірегін қалаған ұзындыққа ұзартып, белдікпен беліңізге байлайсыз. Содан кейін педальдарды аяқтарыңызға бекітіп, иінді айналдыра бастайсыз.

Ол 38 см өлшемі бар екі қалақты винтті айналдырып сізге суда үлкен жылдамдықпен жүзуге көмектеседі. Мұндай велосипедпен қозғалтқышы бар сүңгуір қайықтай су бетінде немесе су астында жеңіл сырғанайсыз. 

Тереңге сүңгуді ұнататындар акваланг құрылғысын киіп, су велосипедін қолдана алады. Ол акваланг қондырғысымен толық үйлесімді.

Велосипедпен жүзу дәстүрлі жүзумен салыстырғанда әлдеқайда қызық. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Seabike

Пропеллер екі бағытта да жұмыс істейді, сондықтан сіз бұл нәрсені төңкеріп, винтті алдыңызда ұстап, педальді қолыңызбен айналдыра аласыз. Бұл дәстүрлі жүзумен салыстырғанда әлдеқайда қызық болуы мүмкін және велосипед байлап суға түскен адамды құрылғы батып кетуден қорғайды.

Seabike жабық бассейнде пайдалануға жарамды. Бұл құрылғы суға батпайды, оны жоғалтып аламын деп қорықпайсыз, су астында жоғалтып алсаңыз, ол судың бетіне өзі қалқып шығады.

Seabike ашық теңізде жылдам жүзудің керемет қызықты тәсілі. Ең бастысы, бұл құрылғыны қуаттаудың қажеті жоқ, бір-екі хот-дог жеп алсаңыз жүзуге бірден дайын бола қалады. Барлығы электр қуатымен жүретін заманда Seabike өте қарапайым және үнемді механикалық құрылғы.

Seabike компаниясы бұл жаңа су велосипедін 310 долларға бағалап, сата бастайтын сияқты. Идея әлі де әлемнің назарын өзіне аудара қоймаған, бірақ бірнеше айда оны барлық жүзгіштер мен саяхатшылар ұната бастайтыны сөзсіз. Өйткені Seabike өте қызықты көрінетін қарапайым және ақылды гаджет.

Адамдардың көпшілігі жүзуді үйрену кезінде қолы мен аяғын үйлесімді қозғалтуға қиналады. Енді Seabike көмегімен аяқпен нені басу керек деген сұрақ туындамайды.

Компания өкілдерінің айтуынша, бұл құрылғымен адам қанаты бар жүзушіге айналып, суда жылдам қозғалатын болады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан табасыз.