Sony өзінің жаңа хирургиялық роботын көрсетті. Ол тіпті жүгері дәніндегі кішкене саңылауларды тігуді өте дәл, нәзік орындайды. Робот қажетті құралдарды өзі жылдам ауыстыратын бірінші машина.
Жаңа хирургиялық робот өте жұқа жүгері дәнін де тіге алады
Жүгері дәнінің нәзік, өте жұқа қабығын да тігетін робот. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Sony
1,764
оқылды

Микрохирургияға арналған роботтың сынағы сәтті болғаны туралы newatlas.com сайты жариялады. Aikyn.kz осы мақалаға сілтеме жасап ерекше роботтың мүмкіндіктерін түсіндіреді.

Адамның өмірін сақтауда диаметрі 1 миллиметрден кішкентай қан тамырлары мен нервтерге жасалатын медициналық операциялар хирургтер үшін өте қиын сала болып саналады. Өзіңіз ойлап көріңізші: диаметрі 1 миллиметрге жетпейтін қан тамырын бір-біріне жалғау үшін хирург қандай шебер болуы керек, әрі оның қолдары керемет икемді болуы қажет. Олар бірнеше мың есе ұлғайтып көрсететін микроскоп арқылы қарап отырып, жұмыс істейді.

Енді мұндай жұмысты роботтың көмегімен орындауға тамаша мүмкіндік ашылып келеді. Бұған дейін микрохирургия саласында Intuitive Surgical, Stryker сияқты компаниялардың хирургиялық роботтары клиникалық қолданыста енгізілген еді. 

Ондай роботтар толық автономды ЖИ роботтар емес, олар хирургтерге қол қозғалысын дәл жасайтын, көруді үлкейтуге мүмкіндік беретін телехирургиялық құралдар рөлін атқарады.

Sony роботы хирургтерге еркін қозғалыс жасауға, қолдарының дірілін ескеріп өте нәзік, жұқа материалдарды кесуге, тігуге шексіз мүмкіндіктер береді. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Sony

Бүгінге дейін микрохирургия саласында қол саусақтарының қозғалысы дәл, табиғи қабілеттері ерекше, дарынды адамдар ғана жұмыс істеп келді. Жаңа робот бұл жағдайды өзгертетін болды. Sony компаниясының хирургиялық роботы хирургтерге еркін қозғалыстар жасауға, қолдарының дірілін де ескеріп өте нәзік, жұқа материалдарды кесуге, тігуге шексіз мүмкіндіктер береді. Sony-дың камералар мен теледидар жасаудағы тәжірибесі оған кескінді дәл, анық көрсетіп, үлкен артықшылықтар береді.

Жаңа робот-хирург қысуға сезімтал жұп қалам тәрізді контроллерді қолданатын және кішкентай стереоскопиялық 4K 3D камера жүйесі арқылы нақты бейнені тұнық көрсететін қашықтан операция жасайтын хирургиялық құрал.

Робот кескінді нақты уақытта OLED экрандарға шығарады, бұл негізінен үстелге орнатылған VR көзілдіріктеріне ұқсайды, хирург осы көзілдірік арқылы роботтың жұмысын бақылайды.

Операция кезінде робот құралдарды автоматты түрде ауыстыра алады. Осының бәрін робот өте жылдам атқарады. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Sony

Жаңа құрылғы «қозғалыс масштабын» ескереді, қозғалыс өлшемін үлкейту және азайту арқылы хирургтің дөрекі қимылдарын түзетіп, оны дәл орындауға көмектеседі.  Осылайша, роботтың қолдары операцияны жеңіл орындауға, хирургке жоғары дәлдікпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мысалы, ине өте кішкентай капилляр қан тамырын бір-біріне жалғап, жіптермен тігу сияқты үлкенірек қозғалыстарды орындауға көмектеседі.

Операция кезінде құралдарды ауыстыруға хирургке арнайы бірнеше ассистент керек болса, робот өзіне қажетті бірнеше құралдарды автоматты түрде ауыстыра алады. Осының бәрін робот өте жылдам атқарады.

Бұл роботпен жұмыс істеген хирургтер «робот кәдімгі хирургиядағыдай қысқыштар мен қайшыларды ұстау сезіміндей басқарылатынын, робот хирург қалағандай қозғалады және хирургтің саусақтарының ұшындай әсер қалдыратын айтады. 

Хирургтерге микрохирургия саласына келу үшін айлар немесе жылдар керек. Sony хирургиялық роботымен жаңадан бастаған дәрігерлер де өте күрделі микро-оталар жасайды. Фото slddigital.com сайтынан алынды

Жаңа роботтың прототипі ақпан айында жапониялық Ачи медициналық университетінде (AMU) сынақтан өтті, онда ол адамдар орындай алмайтын супер-микрохирургияның жаңа деңгейін көрсеткен.

Қарапайым дәрігерлер мен микрохирургияға маманданбаған медицина қызметкерлері диаметрі шамамен 0,6 мм болатын жануарлардың қан тамырларына анастомоз жасаған. Анастомоз – екі қан тамырын қосатын күрделі хирургиялық операция.

Мына видеоны субтитрді орыс тіліне аударып көруге болады:

AMU профессоры Мунекадзу Наито: «Тіпті, тәжірибелі дәрігерлер бұл әдісті меңгеру үшін айлар немесе жылдар бойы қарқынды дайындықтан өтеді. Бірлескен зерттеуде Sony хирургиялық роботының жаңадан бастаған микрохирургтердің дағдыларын арттыру қабілетін бағалау үшін сынадық. Нәтижелер тәжірибесіз дәрігерлердің ерекше моторлық бақылауын көрсетті, олар күрделі және нәзік тапсырмаларды ең шебер хирургтермен бірдей орындауға болатынын көрсетті», – дейді.

Sony бұл құрылғыны жақсарту және оның тиімділігін тексеру үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жалғастыратынын және сайып келгенде «роботтық технологияны қамтамасыз ету арқылы медицинаның дамуына үлес қосуға» үміттенетінін мәлімдейді.

Жаңа технологиялық мүмкіндіктер роботтардың адамға сенімді көмекші болатынын дәлелдеп келеді. Дегенмен олар адамдардың бақылауында болуға тиіс. Aikyn.kz осы роботтардың қозғалыс теориясын жасаған атақты қазақ академигі Өмірбек Жолдасбеков екенін жазған алғашқы басылым. Оны мына сілтемеден оқыңыз. 

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.