Аманаттықтар Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына қолдау білдіріп, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын жүзеге асырып келеді.
«Таза бейсенбі»: Шіркейлі арнасының жағасына тазалық жұмыстары жүргізілді
665
оқылды

Аманаттықтар Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына қолдау білдіріп, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын жүзеге асырып келеді.  Әр бейсенбі сайын ұйымдастырылатын тазалық жұмыстарына сырбойылықтардың да қосар үлесі зор. Бұл жолы партия филиалының ықпалымен қала маңындағы Шіркейлі арнасының бойында тазалық жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына партияның облыстық, қалалық филиалының ұжымы, «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері мен еріктілері, партия белсенділері бір кісідей жұмылды.

Шіркейлі арнасы облыс орталығы мен қала аумағындағы Сабалақ саяжайы арасын бөліп тұр. Үстінен Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізі өтеді. Күре жолмен көршілес өңірлермен қатар, алыс-жақын шетелдік көліктер де қатынайды. Арна қалаға жақын, әрі жағасы қалың Тораңғыл ағашымен көмкерілгендіктен, қала тұрғындары бұл жерді балық аулап, демалатын орынға да айналдырған. Алайда тазалық мәдениетін сақтамай, көп жағдайда су құтылары, полиэтилен пакеттері, тіпті  қоқыстарын да төгіп жатады. Акция аясында аманаттықтар өзен арнасының жағасын осы қоқыстардан тазартты.

«Тазалық сақтау керектігін барлық адам біледі. Алайда әдеп жоқ. Тазалайсың, келесі келсең тағы шашылып жатады. Сондықтан қала тұрғындарын тазалық мәдениетін сақтауға шақырамыз!», – дейді партияның қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Әбунасыр Алдабергенов.

Жалпы, қызылордалық аманаттықтар аталған науқанға алғашқы күннен-ақ белсенді қатысып жатыр. Әр бейсенбі қалада ғана емес, аудандарда да  түрлі учаскелерге тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы