Рыбакинаның спорттық жолындағы ең ірі табысы Уимблдонмен байланысты екендігі белгілі.
Елена Рыбакинаның Уимблдондағы матчы сенсациямен аяқталды
Фото: ҚТФ
2,006
оқылды

Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің финалына шыға алмады, - деп хабарлайды Aikyn.kz  Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 32-ракеткасы, чехиялық Барбора Крейчиковамен бетпе-бет келді. 

Дүниежүзілік рейтингіде кезінде 2-орынға дейін көтерілген чехиялық теннисші 2021 жылы Ролан Гарроста үздік шыққан еді. Оған қоса жұптық сында «Үлкен дулыға» турнирінің жеті дүркін чемпионы атанған болатын. 

Қарсыластар осыған дейін 2021 жылы Аустралияда Мельбурнда және 2022 жылы Чехияда Остравада WTA 500 турнирінде кездесіп, екеуінде де тартысты жекпе-жекте Крейчикова камбэк жасап, жеңіске жеткен еді. Остравада чехиялық спортшы финалда поляк қызы Ига Швентекті ұтып, чемпион атанды.

Рыбакинаның спорттық жолындағы ең ірі табысы Уимблдонмен байланысты екендігі белгілі. 2022 жылы финалда тунистік Онс Жаберді сүріндірген Рыбакина қазақстандықтар арасынан алғаш рет жекелей сында жеңіс тұғырына көтерілді. Ал өткен жылы ширек финалда дәл сол О.Жаберге есе жіберді. 

Б.Крейчикова 28-де болса, қазақстандық теннисші 25 жаста еді.

Бұл жолы Елена матчты тамаша бастады – 4:0. Крейчикова қайыра брейк жасағанымен, есепті 5:1-ге жеткізді. Ақыры сәл кідіргенімен, сетті алды – 6:3.

Екінші партияда есесіне Барбора 5:2 есебімен алға кетті. Ақыры алтыншы сетболын пайдаланды – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте Крейчикова брейк жасап кетті – 4:3. Ақыры матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Екі сағат 8 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 8 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың тек үшеуін пайдаланды. Крейчикова 4 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Осылайша, чехиялық теннисшімен матчты жақсы бастағанымен, Рыбакина одан үшінші рет жеңіліс тапты. 

Крейчикова финалда әлемнің 7-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолинимен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол жартылай финалда үш сағатқа жуық уақытқа созылған кездесуде рейтингіде 37-орындағы хорватиялық Донна Векичті жолдан тайдырды – 2:6, 6:4, 7:6 (10:8).

Биыл Ролан Гарростың ширек финалында Е.Рыбакинаның жолын Я.Паолини бөгеген еді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.