Көпбалалы анаға тұрғын үй кезегіне қайта тұру үшін сотқа жүгінуіне тура келді.
Үй кезегін 8 жыл күткен: әкімдік көпбалалы анаға кәріз жүйесі істен шыққан баспана берген
4,839
оқылды

Павлодарда осыдан екі жыл бұрын әкімдік көпбалалы анаға Кенжекөл ауылындағы жаңа жеке үйлердің бірінен баспана берген. Алайда үйді жылыту үшін пеш жағуға тура келген. Бұдан бөлек, тұрғын үйде су және кәріз жүйесі мәселелері шешілмеген болып шықты. Сол себепті павлодарлық ана жергілікті биліктен мүгедектерге ыңғайлы тұрғын үй табуды өтінген. Бұл туралы  Аikyn.kz сайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, ол сегіз жыл бойы үй кезегінде тұрған. Ал 2023 жылы ол мүгедек деп танылып, дәрігерлер оған физикалық күш салуға тыйым салған.

«Пеш жағу талапкер үшін физикалық тұрғыдан мүмкін болмады. Содан кейін ол әкімге тұрғын үй кезегіне қайта қою немесе мүгедек мәртебесіне сәйкес тұрғын үй беру туралы өтінішпен жүгінген, бірақ оның өтініші қанағаттандырылмады», – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Іс қарау барысында әділдік және парасаттылық қағидаттары бұзылғаны анықталды.

Сот шешімімен жауапкер көпбалалы анамен жалдау шартын бұзуға және оны 2014 жылдың 27 маусымынан бастап көпбалалы отбасы санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қайта қоюға міндеттелді. Кейін ол мүгедек мәртебесіне сәйкес тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.