Соңғы екі күнде мамандар 60-қа жуық қанаттының өлексесін анықтаған.
Атырауда соңғы екі күнде құстар жаппай қырылып жатыр
1,941
оқылды

Барлығы қаладағы мұнай өңдеу зауытының аумағындағы "Сасық сай" булану алаңында табылды, деп хабарлайды Аikyn.kz сайты "Информбюро"-ға сілтеме жасап.

"Кеше санағанымда 55 дана өлексе, оның 7-еуі аққу болды. Қалғандары лысуха құстары. Қазір енді жүрген жолымызды қарап келе жатырмыз. Алып кеткен сияқты", – деді Атырау облыстық орман шаруашылығы инспекциясы бөлімінің бас маманы Мереке Шалқарова. 

Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбадан арам қатқан құстардың бірнеше түрін байқауға болады. Шамамен 40-50 шақты қанатты әр жерде жатыр. Тіпті суда қалқыған аққудың да өлексесін байқауға болады. Жалпы каналға кәсіпорыннан шыққан техникалық су құйылады.

Осы оқиғадан кейін зауыттың аумағына экологтар, орман шаруашылығы инспекциясы, ветеринария басқармасынан құралған топ арнайы барған. Мамандар өлекселерді судан алып, сараптамаға жіберді. Әзірге құстардың неден қырылғаны белгісіз. 

"Судың құрамында мұнайдың көрсеткіші бір литрге 1,8 миллиграм болуы керек. Содан жоғары болмауы керек. Ал біздерде 0,4-0,3 көрсетіп тұр. Су таза", – деді Атырау мұнай өңдеу зауытының бөлім бастығы Нұрлан Ещанов. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.