Әнші Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығы әр уақытта түрлі жазылып келді.
Әміре Қашаубаев Парижге барғанда Мұстафа Шоқаймен кездескен бе?
4,686
оқылды

Ерекше дауыс иесі туралы бірнеше кітап жазылды. Толық зерттелді деп айтпасақ та, оқырман өзіне қажетті ақпаратын алатындай-ақ мәліметтер берілді. Десе де осы күнге дейін Әміренің өміріндегі бір тағдыршешті кездесуі жайлы барлық ақпаратты саралап, арнайы жазылғанды көрмедік. Бұл – Мұстафа Шоқаймен кездесуі. Сондықтан Әміренің Мұстафамен кездесуі жайлы түрлі деректерден там-тұмдап жинап, жобасын келтіруге болатындай деп ойлаймыз. 

Жоғарыда «тағдыршешті кездесуі» деп жазғанымыз бекер емес. Өйткені әншінің Мұстафамен кездеспес бұрын және жолыққаннан кейінгі өмірі екі түрлі. Оған дейін ел ардақтаған «әнші Әміре» болса, Париж сапарынан кейін НКВД қадағалауында жүріп, қиын күндері басталады.

Әміре Мұстафамен 1925 жылы Париж сапарында кездеседі. Нақтырақ айтсақ, барғанның екінші күнінде жүздескен. Бұл жайлы Әміре тергеу барысында өзі айтқан екен. ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Әмірхан Бәкірұлы мұрағаттап тауып, 2004 жылы баспа бетінде жарияланған НКВД тергеу құжатында Әміре: «1925 жылы маусым немесе шілде айының бірінде мен барлық ұлттық республикалардан жиналған 14 актермен бірге Парижге бардым. Барған бойда «Дария» отеліне орналастым. Екінші күні қонақ үйге Мұстафа Шоқаев келіп, менімен әңгімелесті», – деген екен.

Бұл жерде мынадай қызықты дерекке тоқталып кетейік. Әміре Парижге аттанар алдында біршама уақыт Мәскеуде болды. Соңғы репетициялық концерті бар, Кремльде отырған бастықтар алдында есеп ретінде өнер көрсету бар, бәрі де уақыт алады. Осылайша, бірнеше күн Мәскеуде жатады. Бұл уақытта Әміре Әлихан Бөкейханмен кездескен екен. Кездесу жайында Әлиханның Ахмет Байтұрсынұлына жазған хатынан білуге болады. Хатты Әлихан Бөкейханның көптомдық таңдамалы шығармалар жинағынан оқи аласыз. Ол жазғанында Әлихан Әміре айтқан әндерінің мәтініне және киген киіміне ескерту жасайды. Сондай-ақ Әмірені Мәскеудегі ән танитындарға алып барғанын да жазады.

Бір дерек бойынша осы кездесуде Әлихан Әміреге Париждегі Мұстафаға хат беріп жібереді екен. Бұл деректі Әлиханның қызы Лиза аталас інісі Сырым Бөкейхановқа айтыпты. «Әкем (Әлихан) Әміренің аяқкиімінің табанын ашып, сол жерге хат салып, қайта тігіп, Мұстафаға апарып бер», – дейді. Кейін Парижден қайтқанда Әміре тағы да Әлиханның үйіне барады.  Сырым Бөкейханов «қайтып келгенде Мұстафадан жауап хат алып келгені анық», – деп топшылайды.

 

  «1925 жылғы көрменің орталық театр залы». Әміренің өнер көрсеткен Париж сахнасы. 

Мұстафа мен Әміре бір емес, бірнеше рет кездескені анық. НКВД құжаттарында Әміре айтты деген келесідей сөз кездеседі: «...Тағы бір жолы Мұстафа Шоқаев мейманханаға келіп, актерлердің бәрін ресторанға қонаққа шақырды. Бірақ актерлер әртүрлі себептерді сылтау етіп, рес­то­ранға барудан бас тартты. Онымен бірге ресторанға тек мен ғана бардым. Ресторанға барған соң ол екі сап­ты­аяқ сыра сатып алды», – деп жазылған.

Жарқын Шәкәрім «Әміре мен Мұстафа қалада қыдырып, Эйфел мұнарасына көтерілген» десе, өнертанушы Хасен Қожа Ахмет болса тіпті қызықты мәлімет келтіреді. Мұрағаттан ОПГУ құжаттары деп 1927 жылы Елдес Омаровтан алынған сұрақ-жауапты тауып алады: «1926 жылы Бакуге барғанымызда Әміре де болды. Жол бойы түрлі нәрсені айтып, былтыр Парижге барғанын да қозғап өтті. Қашаубаевтың сөзінше, Парижде эмигрант Мұстафа Шоқаевмен кездесіпті. Сол кезде Шоқаев Әмірені іздеп тауып, өз пәтеріне алып барған деді. Бұл сөзді менен бөлек Байтұрсынов, Сүлеев, Байсейітов та тыңдады», – деп жазылған.

Бұл жерде тақырыптан сәл ауытқиық. Мұстафа бұрыннан ән мен күйге құмартқаны бар. Ғалым Әбдуақап Қара түрік тілінде басылған «Türki̇stan ateşi̇ Mustafa Çokay’in hayati ve mücadeles» (Istanbul, 2002) еңбегінде Мария Шоқай айтты деген дерек бар. «1922 жылы Трокадеро этнографиялық мұражайында Мұстафа домбыраны көреді. Музыканы қатты жақсы көретін Мұстафа өзін ұстай алмай офицерден рұқсат сұрап, домбыраны қолына алады. Біраз ойнаған соң, мұңайып орнына қойғанда, оның көздері жасқа толып кетті» деген екен. Егер алдыңғы абзацта жазғандай, Әміре Мұстафаның үйіне барса, бір рет «әу» дегізбеген дегенде сенбейміз.

 

1925 жылы өткен Париждегі көрме аумағы

Екі қазақ Еуропа төрінде не жайлы әңгімелесу мүмкін? Әрине қазақ жайлы. НКВД мұрағаттарында сақталған Әміренің жауабын бізге қызық тұсын толық ұсынайық. «...Кетерінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа сәлем айта бар деп өтініш білдірді. Сөйтіп, өз қолымен менің қойын кітапшама олардың аты-жөндерін қазақшалап жазып берді. Парижден Қызылордаға келген соң мен Дулатов пен Байтұрсыновқа бірнеше рет жолықтым. Оларға Мұстафа Шоқаевтың жолдаған сәлемін жеткіздім. Екеуі де оның шетелдегі хал-жағдайын, өмір сүруге қаражатты қайдан алып жатқанын сұрады. Мен Мұстафа Шоқаевтың Париждегі француз және орыс баспаларында қызмет атқарып жүргенін айттым. Бірақ оларға Мұстафаның хатын көрсеткен жоқпын, ұмытып кетіппін. Кейіннен кітапшам із-түзсіз жоғалып кетті, іздеп таба алмадым. Бұл хатпен бұрын Қызылорда қаласында «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкерлері Ахмет Елшібаев пен оның екі жолдасы танысқан. Соңғы екеуінің аты-жөндерін білмеймін» деген екен Әміре.

Енді Мұстафа «естелік болсын» деп нені беріп жібергеніне тоқталайық. Әуелі Әміренің артынан аңдыған тыңшылардың жауабына үңілейік: «Қашаубаевта Шоқаевтың фотосуреті бар. Қашаубаев әкелген театр газеті Шоқаевтың соңғы аудармасы туралы рецензия жариялапты».

Газеттің жайы түсінікті. Ол уақытта қызыл үкіметке қарсы ұйымдасқан топтар Еуропада түрлі газеттер шығарып жүрген. Жоғарыда айтылған сондай бір газет болуы әбден мүмкін. Бізге фото жайлы дерек қызық. НКВД доносында: «Қозыбағаров пен Белгібаевтың сол мәліметтері бойынша, Парижден оралған Қашаубаев онда Мұстафа Шоқаевты көргенін айтқан. Соңғысы жуырда Берлиннен келген. Қазіргі таңда түрлі баспасөз органдарында қызмет істейді, Отанға оралуға үлкен ықыласы бар, бірақ қуғын-сүргіннен қауіптенеді. Қашаубаев Белгібаевқа Шоқаев пен өзінің Парижде түскен суретін ұсынады» деп жазылған.

Бұл фотосурет ізім-қайым жоғалды. Іздемеген адам жоқ. Кейбір адамдар Мұстафа мен Әміре Эйфель мұнарасының жанында фотоға түсті десе, Қасымхан Бегманов «Мұстафа Шоқай жолымен» еңбегінде «...Екеуі бір мейрамханадан сыра ішіп, суретке түскен» дейді. Біздіңше бұл фотоны ҰҚҚ мұрағаттарынан іздеу керек, әсіресе Семей қаласындағы құпиялығы ашылмаған архивтерде болуы мүмкін. Өйткені жоғарыда жазылған «фотоны көрдік» деген донос, сол Семей қаласынан жеткен.

Әміре Парижден елге оралған соң бірден қауіпсіздік қызметінің құрығына ілінеді. Жарқын Шәкәрім келесідей жазады: «Ұлт театрының шаңырағын бірге көтеріскен Социалистік Еңбек Ері, Халық әртісі Сералы Қожамқұлов 1974 жылы маған айтқан естелігінде: «Бүкіл халық қошеметіне бөленіп, атағы жер жүзіне кеткен Әміре Парижден өте көңілді де шатты оралды. Арада бір-екі ай өтпей жатып бір күні бет әлпеті көгерген, көзі ісінген күйі жұмысқа келді. Не болғанын сұрадық. Ол «сұрамаңдар, мен айтпаймын» деді.

Ашық дереккөздерден тапқанымыз осы. Қазақтың қос ұлының осылай кездескен екен. Екі жылдан кейін екеуі тағы да кездесуі мүмкін. Өйткені 1927 жылы кезекті сапарға, Германияның Франкфурт қаласына барады. Мұстафаның Еуропада емін-еркін жүргенін есептесек, осы жолы да сәлем беруі мүмкін. Дегенмен бұл да жорамал. 

Бұған дейін  Әміре Қашаубаевтың Парижге қалай барғаны туралы жазған болатынбыз.