10 адамды күйік шалып, уланып қалды.
Шымкентте күкірт зауытынан өрт шықты
889
оқылды

Шымкентте "Ордабасы" индустриялық аймағында техникалық күкірт тұтанып, 10 адам зардап шекті. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. 

KMG Supple Company ЖШС аумағындағы ашық алаңда өнеркәсіптік газ және кесек күкірт өртенді. Өрт 1200 шаршы метрді шарпыды. Өрт кезінде Daewoo Jentra жолаушылар көлігі де жанып кеткен, – деп мәлімдеді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.

27 шілде күні Шымкенттің Еңбекші ауданында өрт шығып, салдарынан жақын маңдағы үйлердің 300-ден астам тұрғыны эвакуацияланды. Қызыл жалын келесі күні таңертең сөндірілді.

Өрт салдарынан 10 адам (1 күйік, 9 улану) зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінді. Нәтижесінде, дәрігерлер тексергеннен кейін 2 адам ауруханаға жатқызылып, 8 адам жағдайының қалыпқа келуіне байланысты үйіне қайтарылды.

“Өрт 28 шілде сағат 00:36-да оқшауланды және 05:01-де жойылды. Өрт орнында Шымкент қаласы ТЖД жеке құрамы мен құралдары, апаттар медицина орталығы, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің, Түркістан облысы ТЖД, Қазселденқорғау, Полиция  департаментінің және жергілікті атқарушы орган күштері мен құралдары, "ҚТЖ "ҰК" АҚ , Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, медицина қызметкерлері жұмылдырылды”, – делінген хабарламада.