Париждегі Олимпиада жеңімпаздарына берілетін ақшалай сыйлықтың көлемі әр елде әртүрлі. Ең бай елдердің тізіміндегі АҚШ Олимпиада чемпионына 38 000 доллар береді. Қазақстан – 250 000 доллар.
АҚШ Олимпиада чемпионына 38 000 доллар, Қазақстан 250 000 доллар қаржылай сыйлық береді
Орта қашықтықта (800 метр) жүгіретін ұлыбританиялық атлет Кили Николь Ходжкинсон (Keelly Hodgkinson). Фото eurosport.com сайтынан алынды
2,748
оқылды

Спортшыларды ынталандыру саясаты туралы CNBNC телеарнасының материалына сүйенген Aikyn.kz әлем елдерінің Олимпиада жүлдегерлеріне берілетін ақшалай сыйлықтың көлемімен таныстырады.

Олимпиада жүлдегерлері 4 жылдық ауыр еңбегінің өтеуі ретінде қосымша қаржылай сыйақы да алады. Фото etnownews.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock.com

Ең құнды Олимпиада медалі мен олимпиадалық тұмарға арналған ойыншықтан және іс-шараның ресми постері бар «жұмбақ» қорапшадан басқа, Парижде өтіп жатқан XXXIII Олимпиада ойындардың жүлдегерлері 4 жылдық ауыр еңбегінің өтеуі ретінде қосымша қаржылай сыйақы да алады. Бірақ бұндай ақшалай сыйлықты барлық елдер бермейді.

Халықаралық Олимпиада Комитеті де жеңіске жеткен спортшыларға қаржылай сыйлық бермейді. Тек биылдан бастап Халықаралық спорт федерациялары алғаш рет спортшыларды марапаттау туралы шешім қабылдады. Олар, әзірше, екеу. Дүниежүзілік жеңіл атлетика федерациясы мен Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA). Алтын медаль иемденген барлық жеңіл атлеттерге федерация 50 000 доллар сыйақы тағайындады.

Ал бокстан алтын медаль алған спортшылар 100 мың доллар, күміс медаль үшін 50 мың доллар және қола медаль үшін 25 мың доллар қосымша сыйақы алады.

Парижде татами қожайыны Лука Мхеидзені Франция президентінің алдында жеңіп, Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовты материалды сыйлықтардан басқа Қазақ елінің зор құрметі күтіп тұр. Фото Туризм және спорт министрлігінің сайтынан алынды

2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындары қызу жүріп жатыр, қазірдің өзінде ондаған медальдар сарапқа салынып, чемпиондардың аттары аталды. Олардың ішінде Қазақ еліне дзюдодан тұңғыш алтын медаль сыйлаған Елдос Сметов та бар.

Қазақстан Үкіметі алтын медаль алған спортшыға 250 мың доллар, күміс үшін – 150 мың, қола медальға – 75 мың доллар төлейді.

Осы соманың 10 пайызы (25 000 доллар) спортшының бірінші жаттықтырушысына, 80 пайызы (200 000 доллар) спортшыны Олимпиадаға дайындаған жаттықтырушыға, жеке бапкеріне, тағы 10 пайызы (25 000 доллар) сол спорт түрі бойынша команданың бас бапкеріне беріледі. Бұдан басқа әкімдіктер мен жеке бизнес өкілдері де Олимпиада чемпиондарына пәтер, көлік сыйлап жатады.

Бұл туралы Aikyn.kz 31 шілдеде «Олимпиада тарихында тұңғыш рет миллиардер жарысқа шығады» деген мақаласында жазды.

Олимпиада ойындарының жоғары мәртебесі мен оның медалі кәсіби спортта жасалатын мәмілелердің ақшалай көлеміне тікелей әсер етеді. Сондықтан көптеген Ұлыбритания, Норвегия сияқты дамыған бай елдердің өзі спортшыларының жеңістері үшін тікелей ақшалай сыйақы төлемейді. Өйткені Олимпиада медалі жүлдегердің кәсіби спортта алатын сыйақысына тікелей әсер етеді, жарнамалық табысын өсіреді деп саналады.

Дегенмен Қазақстан сияқты халқының да, экономикалық нарығының да ауқымы шағын мемлекеттерге спортшыларды ынталандыру өте қажет деп санаймыз. Біздің спортшылар халқы көп елдердегідей жарнама мен келісімшарттардан қосымша қаржы таба алмайды.

1,45 млрд халқы бар, жылына 8 млн адамға өсетін Қытайдың спортшыларды ынталандыру саясаты осындай тұжырымға сүйеніп, «Олимпиада медалі спортшыға өмір бойы ауқатты өмір сүруге көмектеседі» деген қағида ұстанатын сияқты.

Париж Олимпиадасында жеңімпаздарға «жұмбақ» қорапшадан басқа қосымша қаржылай сыйақы да беріледі. Фото tyla.com сайтынан алынеды

Олимпиада чемпиондарына берілетін ең жоғары қаржылай төлемдер

Гонконг пен Сингапур Олимпиада жеңімпаздарына ең жоғары төлем ұсынады. Парижде жарысатын гонконгтық спортшыларды ақшалай ынталандыру Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда 20%-ға өскен. Гонконгтың бас хатшысы Чан Квок-ки шілденің басында алтын медаль алғандарға 768 000 доллар, беріледі. Күміс және қола жүлдегерлер сәйкесінше 384 000 және 192 000 доллар алады.

Әлем  елдері тағайындаған Париж Олимпиадасының чемпиондарына берілетін қаржылай сыйлық көлемі. Скриншот datawrapper.de сайтынан алынды

 

Сингапур болса Олимпиада жүлдегерлеріне алтын үшін 745 300 доллар, күміс үшін 373 000 доллар және қола үшін 186 000 доллар береді. Бүгінге дейін қала-мемлекет ең жоғары ақшалай сыйлықты бір ғана спортшыға берді. Ол – 2016 жылы Рио Олимпиадасында 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде аңызға айналған америкалық Майкл Фелпсті жеңіп, чемпион атанған Джозеф Сколинг. Ол қазір зейнеткерлікке шыққан ардагер жүзуші.

Париж Олимпиадасында қазақ жүзушілері де жақсы нәтиже көрсетуде:

Алты саннан тұратын ақшалай сыйлықты алтын медаль алған спортшыларына Израиль, Малайзия, Қазақстан және Индонезия тағайындаған. Израиль алтын медаль үшін 270 537 доллар ұсынып отыр, бұл Токио ойындарында берілген сыйақыдан 50% артық.

Олимпиаданы қабылдаушы ел Франция да ақшалай ынталандыруды арттырды. Алтын медаль иегерлері 80 000 еуро алады. Бұл Токио Олимпиадасында ұсынылғаннан 15 000 еуроға артық.

Германияның спорт қоры Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін ғана емес сегізінші орын алған спортшыларға ақшалай сыйлықтар табыстайды. Алтын жүлдегерлер 20 000 еуро алады.

Үндістанның Олимпиадаға қатысып, жеңген спортшыларына үкіметтен де, ұлттық спорт органынан да ақшалай сыйақы алады. Үкімет алтын жүлдегерлерге 90 000 доллар береді, ал Үндістан Олимпиадалық Комитеті оған қосымша 120 000 доллар ұсынады.

Индонезиялық Олимпиада бадминтоннан әйелдер жұбы бойынша чемпион атанған Грейсиа Поли мен Априяни Рахайуү. Оларға жергілікті билік пен демеушілер бес сиыр, мейрамхана және жаңа үй берген. Токио, 2 тамыз 2021 жыл. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Leonhard Foeger

Көліктер, сиырлар және пәтерлер

Қолма-қол ақшамен қатар кейбір спортшылар мемлекеттен де, жеке компаниялардан да пәтер және автокөлік сияқты қосымша жеңілдіктер алуы мүмкін. Малайзияның Ұлттық спорт кеңесі жеке алтын жүлдегерлерге 215 563 АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындаған, күміс жүлдегерлер 65 000, ал қола жүлдегерлер 22 000 доллар сыйақы алады деп күтілуде. Малайзиядағы кейбір жеке компаниялар люкс қызмет көрсетілетін пәтерлер немесе қосымша ақша сияқты басқа ынталандыру ұсынатыны хабарлануда.

Малайзияның жастар және спорт министрі Ханна Йенің мәлімдемесіне сәйкес жеңіс тұғырына көтерілген барлық спортшыларға «шетелдік көлік» беріледі.

Үкіметтің 45 000 АҚШ долларына қоса, Оңтүстік Корея алтын медаль иегерлеріне өмір бойы ай сайынғы 730 доллар зейнетақы немесе 50 000 доллар біржолғы төлем таңдау құқығын береді. Бұл таңдау алтын медальға берілетін сыйақыдан бөлек берілген. Күміс жүлдегерге 25 000 доллар, қола жүлдегер 18 000 доллар алады.

Қазақ елінің тағы бір үміті боксшы Назым Қызайбай да жарыстарын жақсы бастап, ширек финалға өтті.

Кейбір елдердің спортшылары тегін сусындар мен көлікте тегін жүру сияқты басқа сыйлықтарды да ала алады. Гонконгтағы қоғамдық көлік операторы MTR Corporation Олимпиада жеңімпаздарына өмір бойы тегін билеттер береді.

Польша Олимпиада комитеті 50 374 доллардан басқа, К-1 әйелдер арасындағы каноэде слалом жарысының күміс жүлдегері Клаудия Зволинскиге картина, демалуға тегін жолдама, стипендия және гауһар сыйлаған.

Олимпиада қатысушыларға ерекше сыйлықтар берілген жағдайлар да жиі кездеседі. Бұны жергілікті биліктің және халықтың жеңімпазға көрсеткен шынайы ықыласы деп қабылдау керек.  Мысалы, Токио Олимпиадасына қатысқан Малайзия спортшыларына тамақ пен teh tarik атты танымал сусын өмір бойына тегін берілген. Teh tarik – Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі танымал ыстық сүтті шай сусыны.

Жапониялық теннисші Касуми Исикава Токио ойындарында күміс медаль жеңіп алған соң сыйлыққа 100 қап күріш алған. Қаптағы күріштің салмағы айтылмаған.

Бадминтоннан Олимпиаданың алтын жүлдегерлері индонезиялық Априяни Рахайу мен Грейсиа Полиге бес сиыр, мейрамхана және жаңа үй берілген.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.