Бүгінгі технологияның қуаты мен күрделілігі осыдан он жыл бұрын елестету мүмкін емес деңгейге жетті. Жасанды интеллект барлық бизнес операцияларға кіруде. Өйткені оның тиімділігі өте жоғары.
Жасанды интеллект бас директор болып тағайындалады
Компанияның атқарушы директоры болып робот-машина тағайындалуы мүмкін. Фото thepeakmagazine.com.sg сайтынан алынды. Авторлығы: Veronica Tay
2,032
оқылды

Жақында Financial Times басылымы ЖИ жүйелерін компанияны басқаруда қолдануға байланысты материал жариялады. Aikyn.kz осы материалға сүйене отырып, адам мен машина арасындағы басқару ерекшеліктерін талдайды.

ЖИ жүйелері адам өмірінің барлық салаларында рұқсат етілген. Бұл бәрімізді таң қалдыруы керек. Фото shedevrum.ai сайтынан алынды

ЖИ инновациялары қазіргі бизнес операциялардың көптеген аспектілерімен біріктіріле бастады. Технологиялар чат-боттардан несиелік скорингке дейін бизнес-процестерді ұйымдастыру мен құру, басқару тәсілдерін жеңілдетті. 

ЖИ жүйелері қазіргі уақытта адамдар тарапынан өмірдің барлық салаларында рұқсат етілген. Бұл бәрімізді таң қалдыруы керек. Өйткені ЖИ күрделі шешімдерді адамдар қорыта алмайтын жылдамдықпен және дәлдікпен қабылдай алады. Шынында да, біз корпоративтік басқармалар ЖИ-ды CEO лауазымына тағайындауды қарастыратын жағдайға жеттік.

Қысқаша анықтама. Несиелік скоринг – бұл цифрлық статистикалық әдістерге негізделген адамның несие қабілеттілігін бағалау жүйесі. Бүгінде несиелік скоринг ірі банктерде, микроқаржы ұйымдарында, тұтынушылық жедел несиелеуде кеңінен қолданылады.

Chief Executive Officer (CEO) – бас атқарушы директор лауазымы. Батыстық экономикалық үлгідегі елдерде бар ең жоғары басқарушы лауазым. Бұндай лауазым мемлекеттік, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда, сондай-ақ трансұлттық компанияларда/корпорацияларда қолданылады.

ЖИ-CEO тәулік бойы жұмыс істейді, жалақы сұрамайды, ақпараттың үлкен көлемін найзағайдың жарқылындай жылдамдықпен өңдей алады. Фото grmdaily.com сайтынан алынды. Авторлығы: MidJourney

Адамның орнына компанияның атқарушы директоры лауазымына машинаны тағайындау – футуристік болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұндай жағдай жақын арада және оңай іске асуы мүмкін. Бұл болжамның негізінде үш негізгі фактор жатыр: ЖИ технологиясындағы жетістіктер, операциялық тиімділікке деген жоғары сұраныс және үлкен деректерге негізделген шешім қабылдау қажеттілігі.

Біріншіден, соңғы жылдары әртүрлі бизнес функцияларында ЖИ технологиясын қолдану экспоненциалды түрде өсуде. Машиналық оқыту алгоритмдері, табиғи тілді өңдеу және кеңейтілген деректерді талдау он жыл бұрын елестету мүмкін емес күрделі деңгейге жетті. ЖИ жүйелері күрделі сараптауды және икемді шешім қабылдауды, стратегиялық жоспарлауды, тіпті шығармашылық мәселелерді шешуді талап ететін күрделі тапсырмаларды орындай алатынын дәлелдеді. Адамның қабілеті мұны ЖИ-мен бірдей масштабта жасауға дайын емес.

Екіншіден, бүгінде корпорациялар процестерді оңтайландырудың, шығындарды азайтудың және бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өнімділікті арттырудың жолдарын іздеуде. Уақыт талабы бойынша компанияның атқарушы директоры жаңа ақпараттар мен деректерді тез қорытып, ең тиімді шешім қабылдап, жедел әрекет ету керек.

ЖИ-ге негізделген CEO кәсіпорындағы операциялық басқару процестерін адам жасай алмайтын жолдармен болжай алады, жоспарлайды және жүзеге асыру тетіктерін ұсынады. ЖИ-дің адам менеджерлерден айырмашылығы – машина тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейді, ақпараттың үлкен көлемін найзағайдың жарқылындай жылдамдықпен өңдей алады және деректерге негізделген шешімдерді жоғары дәлдікпен қабылдайды. ЖИ-CEO-ға тамақ, демалыс қажет емес, миллиондаған доллар жалақы төлемейсіз. Сонымен бірге, ЖИ-CEO ресурстарды оңтайлы бөлуді және ықтимал үзілістерді белсенді түрде азайтуды қамтамасыз ете отырып, жеткізу тізбегі логистикасын бақылай алады.

Үшіншіден, ЖИ-дың керемет күші – оның деректерге негізделген шешімдер қабылдау қабілеті. Бүгінгі бизнес процестер деректердің орасан зор көлемін туғызуда, оны жылдам әрі дәл талдау мүмкіндігі өте маңызды. ЖИ-CEO бұл жағынан мінсіз директор бола алады. Мысалы, маркетинг және сату сияқты салаларда ЖИ-CEO тұтынушылардың мінез-құлық үлгілерінің толық циклін талдай алады, болашақ тенденцияларды болжайды және оңтайлы стратегиялар ұсынады.

Әлемдегі алғашқы гуманоид бас директор Mika: «Адамдармен жұмыс істеуде ең қиыны – адамдарда болатын эмоцияларды, тұлғаны түсіну және оған бейімделу». Фото thepeakmagazine.com.sg сайтынан алынды. Авторлығы: Dictador

Жоғарыда айтылғандардың бәрін бүгінгі ЖИ технологиялар дәлелдеп беруде. Дегенмен, біздің ойымызша, ЖИ-CEO рөлін орындай алғанымен, оны бас директор етіп тағайындауға болмайды. Неге?

Бас директорлар корпоративтік иерархияда бірегей және күрделі орын иемденеді. Технологияға негізделген әлемде адам бас директорлар өз шешімдерін интуиция мен эмпатияны ұштастыра отырып, компаниядағы қызметкерлердің өміріне қажетті бағытта қабылдайды. Ал ақылды машинада эмоция мен аяушылық сезімі мүлдем жоқ. Оны үйретуге болар, бірақ машина басқаруындағы адамдарды ешқашан адам сияқты сезіне де, түсіне де алмайды.

Тағы бір мәселе бар. Қазіргі уақытта реттеуші органдар мен компанияның акционерлері бас директорлардан өз шешімдері мен әрекеттері үшін жауап беруін талап етеді. Машина директорды оның сәтсіз шешімінің нәтижесі үшін жауапқа тарта алмайсыз. Сонымен бірге ЖИ жүйелері біз қалағандай ашықтықты немесе дәл алгоритмдерді қолданбауы мүмкін.

ЖИ-CEO-ның әлеуетті пайдасы орасан зор болғанымен, бұл жерде бірқатар қиындықтар бар. Машина басқару процесінде қолдану қызметкерлердің, акционерлердің және тұтынушылардың сенімін қажет етеді.

Директорлар Кеңесі машинаны (ЖИ-CEO) бас директор етіп тағайындағысы келсе, оның жұмыс шешімдері мен операциялық шешімдерді ашық қабылдауына байланысты мәселелерге назар аударуы тиіс. Бүгінгі технологиялық жаңару жылдамдығын ескерер болсақ, жақын арада ең ірі корпорацияның бірінде ЖИ-CEO-ның бас директор болғанының куәсі болуымыз да мүмкін.

Біздің ойымызша, зор есептеу, талдау мүмкіндіктеріне ие машинаны бас директор етіп тағайындамай-ақ, оны адам бас директордың қолындағы басқару құралы етіп қолданған дұрыс-ақ болар еді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.