Биыл қыркүйекте мектепке ба­ратын оқушылар саны 3,9 мил­лионға жетті. Оның 360 мыңға жуығы мектеп табалдырығын ал­­ғаш аттағалы отыр. Білім күнінде рес­публика көлемінде 61 жаңа мектепті пайдалануға бе­ру жос­­парланған. Жалпы, 2024 жылы елімізде 536 мың оқушыға ар­­налған 302 жаңа мектеп есігін айқара ашуы тиіс.
«Жайлы мектеп» – жаңа мүмкіндік
677
оқылды

«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырма­шылығын едәуір азайтады. Жалпы, мек­теп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында (2022 жылы) атап айтқан болатын.

Жоба аясында 2023-2025 жылдары еліміз бойынша 401 мектеп салу жос­парланып, бұл мақсатта респуб­­ликалық бюджеттен 2,6 триллион теңге бөлу қа­растырылды. Сонымен қатар жоспар бойынша жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу каби­неттерімен, спорт залдарымен жабдық­талуы тиіс. Бастауыш және орта сынып­тарды жеке асханалары, жуынатын бөл­­­мелері, спорт залдары бар бөлек блок­тарда оқыту ұсынылған-тын.

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің бізге берген мәліметіне сәй­кес, биыл оқу жылының басында жаңа үлгідегі алғашқы 20 мектеп ашылады. Жыл соңына дейін тағы 146 мектеп ашу жоспарлануда.

Астанада тамыздың 23-і күні ұлттық жоба қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде қоғамдық кеңес өтті. Жиында Samruk-Kazyna Construction АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жобаға қатысты маңызды мәселелер мен нәтижелер тура­лы есеп берді. Белгілі болғандай, мек­теп­тердің алғашқы легі оқу жылының ба­сында-ақ қолданысқа тапсырылады. Да­йын жайлы мектептерді тапсыру мер­зімі мердігер ұйымдармен жасалған ке­­лі­сімшарттарға сәйкес биылғы 15 жел­тоқсанға жоспарланған екен. Алайда нысандарды жобалау мен құрылысты қа­тар жүргізуге мүмкіндік беретін ЕРС-келісімшарттардың арқасында мектептің көбі уақытынан бұрын тапсырылмақ.

Samruk-Kazyna Construction АҚ басшысы өз есебінде бүгінде 434 600 оқу­шыға арналған 208 жайлы мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. Оның ішінде 20 мектепті (57 мың орынға арналған) 2024 жылдың 1 қыркүйегінде, 17 мектепті (39 600 орын) – қыркүйектің соңында, 61 мектепті (109 400 орын) – қазан айының соңында, 66 мектепті (131 мың орын) – осы жылдың 15 желтоқ­­санында қолданысқа тапсыру жоспар­ланып отыр. Қалған 44 мектептің (97 600 орын) тапсырылуы түрлі себепке байла­­нысты 2025 жылға шегерілген. Мемле­кет­тік сараптама қорытындыларын алу мәселесі бойынша 169 мектепке қатысты оң баға алынса, қалған 39 мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы мемле­­кеттік сараптама қарауында жатқаны белгілі болды.

Отандық өнімге орын болмай тұр

Мемлекет тапсырмасына сәйкес жо­баны жүзеге асыру Samruk-Kazyna Construction АҚ-ға тапсырылғаны белгілі. Со­­­­нымен қатар әуелден-ақ ұлттық жобада мектеп құрылысына негізінен отандық ма­­­­­териалдарды қолдану бойынша нақты шаралар көзделген және барлық жиһазды отандық өндірушілерден сатып алу жос­парланған болатын. 

Дегенмен қоғамдық кеңестің отыры­сында «Жайлы мектептерге» сатып алы­нып жатқан жиһаздың сапасына сын айтылды. Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Ибраев жергілікті ко­­­мис­сия құрамында «Жайлы мектептердің» құрылысымен таныс­­қа­­нын, сол кезде бі­лім ошағына қойылып жатқан жиһаздың сапасына байланысты күмәнді сұрақтар туындағанын айтты.

– «Жайлы мектептерге» орнатылып жатқан жиһаз үлгілерін сараптамаға алуға болмай ма? Мен іс басында жүрген адам болғандықтан түсінемін. Қазақстанда бол­­­­мағандықтан, Қытайдан жиһаз әкел­­­ген. Мен ол жиһаздың балалар үшін жет­кі­­лікті деңгейде қауіпсіз екеніне се­­­німді емеспін. Өйткені ол жиһаздың плас­­тигі ашық сары түсті, иісі бар. Тұйықталған кеңістікте мұндай материалдан қандай да бір зиян болуы мүмкін. Осы кемшіліктер үшін кім жауап береді?» – деді Қанат Ибраев. Біз Қанат Сұлтанұлына хабар­­­ласып мәселенің мән-жайын сұраған едік.

– Астана қаласы мәслихатының де­­путаттарымен, әріптестеріммен «Жай­лы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салы­­нып жатқан мектептерді араладық. Біздің комиссия екі мектепке бардық. Мен құ­рылыс маманы болмағандықтан, ол ту­­ралы нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ кейбір кемшілік көзге көрініп-ақ тұр. Бір мектепте «линейка» өтетін алаң­қай стан­дартқа сай жоспарлан­­­бағанына куә бол­дық. Бір мектепте спортзалға қатысты сұрақтар туындады. Бірақ 1 қыркүйекке дейін бұл кемшіліктер жойылады деп үміттеніп отырмыз. Мектептерді аралай жүріп, интерьерінің жарқыраған түстері, сыныптардағы оқушылар үстелдерінің ақ жабыны, шығу тегі белгісіз пластикалық жиһаздардың көптігі ойландырды. Қа­­быр­­­­ғалардағы бояудың балалар денсау­лығына қаупі секілді мәселелерге қатысты әу баста стандартқа сай бекітілген тапсыр­малар орындалмаған. Біз Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамының басшысы Мәулен Айманбетовке сауал жолдадық. Бірақ олар әзірше жауап бер­меді, – деді ол. 

Астанада қанша мектеп пайдалануға беріледі?

Samruk-Kazyna Construction АҚ 2024-2025 жылдар аралығында Астана қаласына 24 «Жайлы мектеп» салуды жоспарлап отыр. Қалалық Білім басқармасының бізге берген ақпаратына сәйкес, биыл жаңа оқу жылында 12 мектеп ашылады. Оның 8-і жайлы мектеп. 

Ал қала әкімі Жеңіс Қасымбек та­­ратқан ресми мәліметке сүйенсек, Астана­ның жаңа Бас жоспарында 2035 жылға дейін 430-дан астам әлеуметтік нысанның (мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер) құрылысы қарастырылған. Ал оның ішінде 164 нысан – мектеп. Қала әкімінің айтуынша, қазір қалада 100 мың­ға жуық оқушы орнына (екі ауы­­сым­ды) арналған 30-дан астам мектептің құ­ры­лысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы ішін­­де 23 мектеп салынады. Бұл елорда үшін ре­кордты көрсеткіш болып саналады.

– Сол сияқты оқу жылының басында жоғарыда аталған оқу орындарынан бө­лек, тағы 3 мемлекеттік және бір жеке мек­­теп ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы 7 жайлы мек­теп, 2 мемлекеттік мектеп және 2 же­ке­меншік мектеп ашу жоспарда бар. Осы­лайша, жаңа оқу жылы ішінде 23 мек­теп салынады. Біз сондай-ақ алдағы жылдарға да дай­ындалып отырмыз, – деді елорда әкімі.

Жаңа мектеп – жаңа тыныс 

Жалпы 2024 жылы республика бойын­ша 536 мың оқушыны қабылдай алатын 302 мектепті пайдалануға беру жоспар­ланып отыр.

– Бұл шаралар 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мек­тептің проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімінің бұзылуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауы қажет, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­­сем­баев. Сондай-ақ министрдің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар дайын жайлы мектептерді өз балансына қабыл­дауы үшін әрбір облыс әкімдігі арнайы жұмыс тобын құрып, жұмыстардың са­­пасы мен нормативтерге сай екенін қа­зірден бастап тексеруі тиіс. 

Ақмола облысы Целиноград ауда­­нын­да «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ая­сында 7 мектеп салу жоспарланыпты. Екеуі Астана қаласының іргесіндегі Та­лапкер ауылында салынып жатыр екен. Талапкер ауылында жаңадан ашылғалы отырған мектеп директорының міндетін атқарушы Асылбек Жұмабайұлына хабар­ласқан едік, – Ауылымызда екі мек­теп пайдалануға берілгелі жатыр. Біреуі қазақ­тілді мектеп-гимназия, екіншісі ара­лас ІТ мектеп-лицей болады. 1 200 балаға арнал­ған жайлы мектеп стандартқа сай жасақ­талған. Сынып кабинеттері, спортзалдары бәрі жоспарға сай, дайын. Бұйырса, қыр­күйектің 1-інде оқушылар мектеп та­бал­дырығын аттайды деп күтіп отырмыз, – деді ол.

Жайлы мектеп Президент тапсыр­ма­сына сай алдымен басты нақты үш мін­детті – оқушы орнының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және мектептердің апатты жағдайын толық шешуі тиіс. Со­нымен қатар ауылға жаңа мектеп са­лын­ды дегенше, жаңа жұмыс орны да ашылатыны белгілі. Сондай-ақ ауылдың шырайы кіріп, тіршілігі де жандана түсер. Ал Та­лапкер халқы мектеп ашылса, жол салы­нады деп алақайлап, қуанып жүр.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ