Құпия қызметі гольф алаңына жақын жерден мылтық тауып алған. Оқиға орнынан күдікті ер адам ұсталды.
Экс-президентке қастандық жасады
Қастандық әрекеті осы Trump International Golf Club гольф клубында жасалған. Фото palmbeachpost.com сайтынан алынды
1,645
оқылды

Aikyn.kz кеше экс-президентке жасалуы мүмкін қастандық әрекетін BBC News сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Билік бұрынғы президент қазір қауіпсіз жерде екенін растады. Экс-президенттің Флоридадағы Trump International Golf Club гольф клубына жақын жерден күдікті адам ұсталған. 

Оқиға былай болған. Кеше (15 қыркүйек) Құпия қызметінің агенттері алаңның шетіндегі бұталардың арасынан шығып тұрған мылтық ұңғысын байқап, оған қарсы оқ атады. Федералды тергеу бюросының мәлімдеуінше ол кезде Трамп 275-455 метр жерде болған. Кейін қылмыс орнынан АК-47 үлгісіндегі атыс қаруы, сондай-ақ екі иыққап (рюкзак) пен GoPro камерасы табылған. Жалғыз куәгер қауіпсіздік қызметкерлері бірнеше рет атқаннан кейін күдікті бұталардың арасынан жүгіріп шығып, қара Nissan көлігіне отырып қашқанын айтқан. Куәгер көлікті және оның нөмірін суретке түсіріп үлгерген. Осы суреттің көмегімен күдікті гольф клубтың солтүстігіндегі Мартин округінде ұсталған.

«Біз Мартин округінің шериф кеңсесіне хабарластық, күдікті туралы хабарладық, олар көлікті байқап, оны тоқтатып, ер адамды ұстады. Содан кейін біз оқиғаның куәгерін сол жерге апарып, бұталардың арасынан жүгіріп шығып, көлікке мініп кеткен ер адамды көрсеттік. Куәгер оны танып, көрсетіп берді», – деп хабарлады Палм-Бич округінің шерифі Рик Брэдшоу баспасөз брифингінде.

Дональд Трамп: «Мені ештеңе тоқтата алмайды. Мен ешқашан берілмеймін!». Фото sbs.com.au сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Alex Brandon

Өзінің қолдаушыларына хат жолдаған Трамп өзінің «қауіпсіз және аман-сау» екенін айтты.

«Мені ештеңе тоқтата алмайды. Мен ешқашан берілмеймін!», – деп жазды ол.

Кеше болған оқиға Пенсильвания штатының Батлер қаласында өткен митингте қарулы адам Трампты құлағынан жаралағаннан кейін тура екі ай өткен соң орын алды.

Құпия қызметі X-тегі жазбасында жексенбі күні (15 қыркүйек) Астана уақыты бойынша  сағат 23:00 шамасында болған Трампқа қатысты «қорғау оқиғасын» зерттеп жатқанын растады. Шериф Брэдшоу кейінірек «оқиға барысында Құпия қызметінің агенті керемет жұмыс жасады» деді.

Шериф: «Олардың агенті бар, ол президент болатын жерге бір қадам бұрын барады, ол бұтадан шығып тұрған мылтық ұңғысын көріп, дереу әрекетке көшті. Сол кезде күдікті қашып кетті», – деп мәлімдеді.

Қазір экс-президенттің Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясы мен жақын маңдағы Вест Палм-Бич гольф алаңының айналасындағы жолдар мен суларда қауіпсіздік күшейтілді. Америкалық медиа атын атағысы келмеген құқық қорғау органдарының өкілдеріне сілтеме жасап, күдікті Гавайдан келген 58 жастағы Райан Уэсли Рут деп жазуда. 

Гольф алаңынан екі иыққап табылды: бірінде мылтық, екіншісінде керамикалық плитка бар екі рюкзак табылды. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: EPA

BBC Verify осы есімге сәйкес әлеуметтік медиа профильдерін тапты. Олар Раут шетелдіктерді Ресей әскерлеріне қарсы соғысу үшін Украинаға баруға шақырғанын көрсеткен. Құқық қорғау органдарындағы дереккөздің айтуынша, Раут Солтүстік Каролина штатының Гилфорд округінде 2002 және 2010 жылдар аралығында жасалған көптеген қылмыстар үшін айыпталып, сотталған. Ол жасырылған қаруды алып жүру, қамауға алуға қарсылық көрсету, жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кету, құқығынан айырылғаннан кейін көлік жүргізу және ұрланған мүлікті иелену сияқты қылмыстар жасаған.

Ақ үйдің хабарлауынша, гольф алаңындағы оқиға туралы президент Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис хабардар етілген.

«Мен бұрынғы президенттің зардап шекпегеніне қуаныштымын», – деді Байден мәлімдемесінде.

Харрис президенттік сайлауда Трампқа қарсы қатаң бәсекеге түсті, 5 қарашадағы дауыс беру бірнеше маңызды штаттардағы нәтижелерге байланысты болады деп күтілуде.

Харрис: «Мен бүгін бұрынғы президент Трампқа жасалған қастандық әрекетіне қатты алаңдаймын. Шынымды айтайын: мен саяси зорлық-зомбылықты айыптаймын. Бұл оқиғаның зорлық-зомбылыққа әкеп соқтырмауы үшін барлығымыз өз үлесімізді қосуымыз керек», – деген өзінің мәлімдемесінде.

Ол сондай-ақ «мен бұрынғы президент Трамптың қауіпсіз болғанына ризамын» және АҚШ құпия қызметі мен полициясын «қырағылығы үшін» деп мақтаған.

Федералды тергеу бюросы мен Құпия қызметі Trump International Golf Club клубы айналасындағы аумақты тексеріп жатыр. Фото thejakartapost.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Joe Raedle

Естеріңізге сала кетейік,  Трамп 13 шілдеде Батлердегі (Пенсильвания штаты) жұртшылық алдында сөйлеп тұрғанда, Томас Мэттью Крукс атты қарулы адам оны жақын маңдағы ғимараттың төбесінен AR-15 үлгісіндегі мылтықпен атып, құлағынан жаралаған. Бұл қастандық туралы Aikyn.kz «Экс-президентке оқ атқан адамның есімі белгілі болды» атты мақала жариялады.

Шілде айындағы атыста бір көрермен мерт болып, 20 жастағы Круксты Құпия қызметінің мергені сол жерде өлтірді. Құпия қызметі Пенсильвания штатындағы Бетел-Паркте оқ атушының бұрынғы президентке қалай оқ атқанына қатысты тексеріске тап болды. Агенттік директоры Кимберли Читл оқиғадан екі аптадан кейін қызметінен кетті.

Кешегі оқиға да америкалық сайлау науқанында үміткерлер Дональд Трамп пен Камала Харис арасындағы бәсекені одан әрі өршітіп жіберуі мүмкін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.